Home » Мақалалар » Рухани жаңғыру отбасы тәрбиесінен басталады

Рухани жаңғыру отбасы тәрбиесінен басталады

Отбасы-болашақ жеке тұлғаның негізі қаланатын мектеп. Адамдар арасындағы эмоционалды көңіл-күй, рухани берік байланыс жастарды жетістікке жетелейді.Елбасы мақаласының бастауы да осы отбасы тәрбиесіне келіп тіреледі. Отбасы екі жүректің қасиетті одағы, селкеусіз сенім, сүйіспеншілік пен өзара сыйластық негізінде құралған берік одақ. Әр алуан ұлт пен ұлыста, кез-келген қоғамдық құрылымда отбасы ұғымы әркез зор мән-мағынаға ие болған. Отбасы институты бала бойына ізгі адамгершілік қасиеттерді сіңіреді. Өзге жан алдындағы жауапкершілік, қамқорлықпен бауырмалдық, қолдау мен қанағат, мейірім мен махаббат сынды сезімдерді қалыптастырады. Біз өмір сүріп отырған бүгінгі дәуір жаңаша көзқарасты, жаңашылдықты талап етеді. Білімнің дамуы, отбасы тәрбиесі – адамзат өркениетінің дамуы. Білімі күшті ел озады, білімі әлсіз ел оған қызмет етеді. Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Ел келешегі жас ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты, » деп атап көрсеткен болатын. Елбасы Н.Назарбаев бастамасымен еліміздің тұрақты дамуы мен рухани жаңғыру даңғылына түсуі жаһандық үдерісін ұлттық болмысымыз бен ерекшелігімізге еш зиян келтірместен бастан өткеруге меңзейді. Елбасы өз сөзінде «біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтарымен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз»- дей келе ұлттық сана-сезіммен болмыс бітімге селкеу түсірмей, адамзат игілігіне ортақ құндылықтармен ғылыми жетістіктерді пайдалануға үн қатады. Бұл орайда ерте дәуірден бастау алып, ықылым заманнан арқауы үзілмеген отбасы құндылықтары ұлттық дәстүрдің мәйегіндей қастерлі екендігін естен шығармаған жөн. Аналарымыздың отбасы мен ұлттық тәрбиедегі рөлі айрықша. Қазақ қоғамындағы отбасы тәрбиесі биік мәртебеге ие. Оның жанама күш ықпалымен ұмыт болған тұстарын қайта жаңғырту, мерей-мәртебесін арттыру арқылы бүкіл ұлттық жадымыздың жетілуі мен сананың қайта серпілуіне сеп болары анық. А.С. Макаренко «Ата-аналарға арналған кітабында», «Бала тәрбиесінде сіздің іс-қимылыңыздың өзі шешуші рөл атқарады. Сіз тәрбиені сөз арқылы немесе үйрету, бұйыру арқылы іске асырамын деп ойламаңыз. Тәрбие өмірдің әр сәтінде іске асады. Тәрбие сіздің қалай киінетініңіз, сөйлейтініңіз, қалай күлгеніңіз, осы іс-әрекеттің барлығы бала үшін өте маңызды. Ал отбасында сіз дөрекілік көрсетіп, жұбайыңызбен балаларыңызды жәбірлесеңіз осы ісіңізбен сіз балаға жаман тәрбие бересіз», дейді. Жақсы перзент ата-ана қолындағы аманаты. Отбасында баланың жан дүниесін рухани пәктігіне тәрбиелеген абзал. Отбасында ата-ана ықпалында тәрбиеленген бала балабақшада өз ісіне жауап бере алады. Балалардың отбасындағы тәрбиесі оның белгілі бір тұрақты әлеуметтік жағдайын толықтыру. Отбасының басты қызметі баланы тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі-бұл жалпы тәрбиелеу. Ата-ана отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келгеннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттілігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойына жастайынан мәдени құндылықтарды және адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру. Қазақ отбасы тәрбиесінің өзекті мәселелері, педагог ғалымдар С.Қалиев, М.Смайлова, М.Оразбаев, С.Ұзақбаева, К.Қожахметова, Ж.Қоянбаевтардың еңбектерінде жан-жақты сөз болған. Отбасы жағдайын және баланың жас ерекшелігін ескере отырып, оны ата-аналар түрлі еңбек іс-әрекеттеріне үйретулері қажет. Бала-отбасы мүшесі, оның өз міндетін адал ниетпен орындауы-зор қуаныш. Отбасының бала еңбегіне артық салмақ түсірмей, парасатты ұйымдастырғаны жөн. Баланың бос уақыты-бұл шығармашылыққа еліктеу, қызығу дүниесі. Бала бос уақытында қоғамдық пайдалы істерге , спорт ойындарына, кинофильмдерге, спектакльдерге қатысқандары жөн. Көптеген отбасыларда ата-аналардың балаларымен бірігіп серуендеуі ізгі дәстүрге айналған. Егер ата-аналар қоршаған табиғатпен өз өлкесінің көз тартарлық көрнекі орындары жөнінде әңгіме өткізсе, мұндай серуендердің танымдық маңызы зор болар еді. Ал ата-аналар тәрбиесі әдістерін іріктеу мен қолдануда мына жағдайларды ескеруі керек деп ойлаймын.

  1. Әрбір ата-ана өз баласының болмысын жете тани білу қажет.
  2. Ата-аналардың жеке тәрбиесімен беделі, отбасында орнатқан қатынастар сипаты.

3. Ата-аналардың тәрбиелік істерінің бірлігі, іс-әрекеттер әдістерінің басым болуы.

4. Ата-аналардың педагогикалық мәдениеті, тәрбиелік ықпалдардың қыр- сырларын үйренуі, тұрмыстық қажеттілікке айналдыру.

Отбасылық тәрбие ережелері. Отбасындағы жалпы қарым-қатынас, үйдегілердің бір-біріне деген сый-құрметі немесе басқалармен болған байланысы, сөз шеберліктері, яки болмаса, жағымсыз қылықтары жас баланың қалыптасуына үлкен әсер етеді. Соның салдарынан анасыз және әкесіз тәрбиеленген балалар жасық немесе кекшіл, көңілі жарым болып өседі. Балалар өз бойынан ата-анасының бар болмысын көрсетсе, керісінше ата-аналарда өмірінің жалғасын балаларынан көреді. Әсіресе, балаларды жас кезінен бастап, тазалыққа, жинақы-ұқыптылыққа, еңбекті сүюге және оның қадыр-қасиетін түсінуге, үлкендерді соның ішінде жасы үлкен қарттарды құрметтеуге және оларға мейіріммен қарауға, ал өзінен кішілерге қамқор болуға үйрету ежелден келе жатқан тәрбие құндылықтары болып саналады. Ата-аналар өсіріп отырған ұл-қыздарын жағымсыз қылықтардан сақтандырып отырған. Сондықтанда баланың бойынан көрінген кейбір арзымайтын кемшіліктерді дер кезінде түзеп, ескерту жасап тұрудың маңызы үлкен болған. Қазақстан Республикасының Конституциясында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы.» «Қазақстан 2030» бағдарламасында балаларымызды алыс болашақта қандай сапада көруіміз керектігі туралы айтылған. Сонымен бірге «Отбасы туралы Заң» әрбір отбасында өзінің ұрпағын тәрбиелеп, қатарға қосу міндеті жүктелген. Сөйтіп, отбасының әуел бастан өзіне тән киелі міндетін орындау қажеттілігі бекемделе түсті. Отбасында басты мәселелердің бірі-баланың тіршілік әрекетін ұйымдастыру. Бұған баланың күн ырғағы, міндеттері, қойылатын талаптар, оның үй еңбегіне қатысуы жатады. Балалардың күн ырғағын И.П. Павловтың іліміне негізделген. Ол жұмыс қабілетін толық сақтау үшін еңбек пен демалыстың кезектесіп өтуінің қажет екендігін көрсетеді. Күн ырғағы баланы жинақтылыққа, тіл алғыштыққа, дәлдікке, мұқияттылыққа үйретеді, денсаулығын нығайтады, еңбек қабілетін жақсартады. Күн ырғағын жасауда ата-ана баланың жасын, үй жағдайын, денсаулығын, педогогтың кеңесін ескеріп отырған жөн. Отбасында күн ырғағының негізгі элементтері- еңбек, демалыс, ойын, тамақтану, ұйқы т.б дұрыс алмасып отыруы қажет. Отбасы тәрбиесінің проблемасы-ананың отбасы тұрмысынан қолы босамауы. Аналардың уақытының жетпеуі, көбінесе насихат, жазғыру, ұрсу сияқты тәрбиелік, ықпалдың нәтижесіз әдістерін пайдалануға мәжбүр етеді. Микроклиматы жағымсыз, отбасы өмірі ұрыс-керіске, ата-ананың бір-біріне, балаларына деген шағымдарына, айқай шуға, қорлық сөздер мен іс-әрекеттерге толы отбасыларда тәрбие проблемалары туындайды. Ата-ана құқығынан айырылғалы тұрған ата-аналардан әлеуметтік және педагогикалық проблемалар туындайды. Осындай проблемаларды болдырмау үшін, балаға моральдық қалпы туралы алғашқы түсініктерді беріп, оны еңбекке баулып, өз-өзіне қызмет ету дағдыларын қалыптастыру керектігін түсіндіру. Демек, тәрбиелі, білімді, саналы, дамыған рухани кемел ел болу- Елбасының асыл арманы. Ендеше, мемлекет басшысының жастарға соны серпін, тың бастама ұсынуы келешекке қадамның әрекеті деп түсінеміз. Ел Президенті аталмыш тұғырнамасында, тәрбие, білім, ғылымға ерекше басымдық беріп отыр. « Саналы тәрбие, терең білім-тәуелсіздігіміздің –тірегі» деген Елбасы Н.Назарбаев «Мәңгілік ел» болуға қадам басқан тәуелсіз Қазақстанның ендігі жаһандану алдында ұлт ретінде жойылып кетпеуі үшін, ұлттық кодын сақтаған, терең білімді, отбасы құндылықтарын бойына сіңіріп өскен, бәсекеге қабілетті, тұлға болуға маңыз береді.

Пашаева Молдир Орманбековна,
ОҚО, Түркістан қаласы,
«Бөбек» ясли – бақшасының тәрбиешісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.