Home » Оқу-әдістемелік материалдар » ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМ: ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ ӨЗЕКТІ ИДЕЯЛАРЫ

ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМ: ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ ӨЗЕКТІ ИДЕЯЛАРЫ

2018 жылдың 2 наурызы күні «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» ұйымдастыруымен Алматы облысы, Іле ауданы, №42 орта мектебінде «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және бастауыш білім мазмұнының интеграциясы» атты облыстық форум өтті.

Басқару және білім сапасы кафедрасының меңгерушісі Алмаш Тұралбаеваның жетекшілігімен өткен форумға ғалымдар, оқулық авторлары, әдіскерлер, мектеп алды даярлық педагогтері, бастауыш сынып мұғалімдері қатысты.

Облыстық форумның мақсаты: білімнің жаңа парадигмасы жағдайындағы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және бастауыш білім мазмұны интеграциясының сипатын, жаңаша қолданбалы аспектілерін талдау, педагогтердің кәсіби-шығармашылық жолындағы жұмыстарын фасилитациялау.

Іс-шараның алғашқы минуттарынан бастап, «Шығармашылық галереясы» қатысушылардың арасында ерекше қызығушылық тудырды. Онда Алматы облысының 12 ауданы және Талдықорған қаласындағы мектепке дейінгі мекеме өкілдері өздерінің педагогикалық жұмыс идеяларын ұсынып, озық тәжірибелерімен бөлісе алды.

Форумды «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» директоры Серік Кенесбаев ашып, мектепке дейінгі тәрбие – баланың болашақ даму сипатын анықтайтын тұлғаның негізін қалайтын бүкіл білім беру жүйесінің негізі болып табылатындығын айтты.

Пленарлық отырыста Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Азия Жұмабаева – «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру сабақтастығы»; Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының профессоры Ұлбосын Қыяқбаева – «Жобалау технологиясы – мектепке дейінгі білім мазмұнын жаңартудың құралы»; Алматы облыстық әдістемелік кабинеті мектепке дейінгі ұйымдар аға әдіскері Раушан Тумаева – «Инновациялық технологияларды қолдану арқылы мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру», Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы Жұпат Астамбаева – «Мектепалды даярлық және бастауыш сыныптар бойынша «Математика» білім мазмұнындағы сабақтастық мәселелері», Алматы облысы, Жамбыл ауданы МАД тобының тәрбиешісі Балнұр Райымбергенова – «Әліппе» (МАД-апробациялық жоба) мен «Сауат ашу» (1 сынып) оқу-әдістемелік кешенінің сабақтастығы» тақырыбында баяндама жасады.

Форум аясында қатысушылар шығармашылық ортада тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды, баланың табиғи қасиеттері мен ерекшеліктерін анықтауға, олардың дамуына жағдай жасауға және мектепке дайын болуына көмектесетін мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің өзекті мәселелерін талқылады. Педагогтың міндеті – баланың жеке әлеуетін барынша ашып, балалардың алдағы мектептегі білім беру жағдайында танымға қызығушылығын дамыту үшін жағдай жасау.

Шара қорытындысы бойынша қатысушылар «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша ПҚБАИ» директорының атынан сертификаттар берілді, ал педагог-новаторларға Құрмет грамоталары табыс етілді.

Айгүл НҰРАҚБАЕВА,
«Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы
«Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институты»,
Қоғаммен байланыс және баспа қызметі
бөлімінің бас маманы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.