Home » Мақалалар » Рухани жаңғыру – Мәңгілік елдің баспалдағы

Рухани жаңғыру – Мәңгілік елдің баспалдағы

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы бастамасына үн қосу – әрбір қазақтың, әрбір қазақстандықтың борышы деп ойлаймын. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп дана халқымыз айтқандай, болашағымыз балаларымызды ұлтын сүйер азамат етіп тәрбиелеу – бізге қойылған міндет. Осы орайда біздің балабақшамыздың ұжымы да өз үлестерін аямай келеді. Елбасымыз айтқандай, бабаларымыз аманаттап кеткен салт-дәстүрімізді бөбектердің бойына тамшылатып дарыта отырып, оларды өз Отанын сүюге, салт-дәстүрімізге құрметпен қарауға, үлкенді сыйлап, туған жеріне деген ыстық ықыластарын қалыптаруға жұмыстанып келеміз.

Рухани жаңғыру дегеніміздің өзі – өткенімізді жаңартып, болашақпен ұштастыру емес пе!? Мектепке дейінгі ұйымның негізгі міндеті – мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқыту. Мектебімізде жақын аймақтағы мектептердің қатысуымен өткен «Оюлар әлемі» акциясына балабақша тәрбиешілері тәрбиеленуші бүлдіршіндермен бірге қатысып өз өнерлерін ортаға салды. Үлкендер тұскиіз жасап, киіз үйдің шаңырағын әр түрлі ою-өрнектермен безендірсе, бүлдіршіндер торсық, кесе жасап, оларды оюлармен өрнектеді.
Жас ұрпақты адамгершілік қасиеттерге баулу – заманның талабы. Балалар өз ұлтының тілі мен мәдениетін бойына сіңіріп, бойларында салауатты өмір салтының қалыптасуына тәрбиешілер ата-анамен бірлесе отырып жұмыстанса ғана нәтиже бермек. Шыр етіп дүниеге келген сәби алғашқы мейірімді, махаббатты, тәрбиені ата-анадан алса, ол балабақшада өз ісіне адал, мейірімді тәрбиешінің тәрбиесімен жалғасын таппақ. Осы орайда біздің мектепке дейінгі ұйымда тәрбиешілер Я.Хасанова, Л.Курманова, А.Аманжолова, Г.Орынбасарова, медбике С.Дауленова және көмекші-тәрбиешілер Б.Жексенбаева, С.Қойтабанова жұмыс жасайды. Тәрбиешілердің әрқайсысы ұйымдастырылған оқу қызметтерін өткізу барысында балалардың жан-жақты білім алуына өз үлестерін қосып келеді. Қандай шара ұйымдастырса да, ата-аналармен тығыз байланысып отырады. Балабақшада ата-аналар бұрышы жасақталған. Әрбір мерекеден ата-аналар тыс қалған емес, ұл-қыздарының өнерлерін тамашалап, олармен бірге қуанып отырады. Әсіресе, балаларға театрландырылған қойылымдар ұнайды, сүйікті ертегілерінің кейіпкерлерін сомдау олар үшін – үлкен бақыт.

Мейірімділік акциясы аясында «Қуаныш сыйла сәбиге» атты шараға қатысып, балабақша ұжымы «Бауырсақ» ертегісін үстел үсті театрында сомдады. Соңынан балалармен түрлі қызықты ойындар ойнатылып, тәттілер үлестірілді.

Қазіргі заманның ең өзекті мәселесі – жас ұрпаққа адамгершілік-рухани тәрбие беріп, оларды ұлтжанды, салт-дәстүрге рухани бай етіп тәрбиелеу. Бабаларымыздың асыл мұраларының бірі – киелі екі шектен сан алуан сыр шерткен, күй төгілтіп, ән салдырған домбыра туралы балаларға түсінік беріп, «Ою хан мен Жою хан» ертегісінен көрініс көрсеттік. Ауылымыздың мәдениет үйінің директоры Тамара ханым балабақша тәрбиеленушілеріне домбырамен ән салып, күй тартып, қазақтың қара домбырасының қасиетін паш етсе, балабақшадағы «Домбыра сыйла!» акциясына қатысқан мектебіміздің директоры кішкентай бүлдіршіндерге домбыра сыйлап қуантты.
Сондай-ақ балабақшамызда кең көлемде үш бөлімнен тұратын «Ел болмысы өткен тарихтан» атты шара ұйымдастырылды. Бірінші бөлім «Сұрапыл соғыс жылдары» деп аталып, сонау соғыс жылдарында тылда қалған кәрі-құртаң мен бұғанасы қатпаған балалардың еңбектерін балабақша қызметкерлері мен тәрбиеленушілері көрініс  арқылы көрсетті. «Желтоқсанның отты ызғары» атты екінші бөлімде қазақ халқының егемендігі жолында құрбан болған қайсар жігіттер мен қыздарымыздың ерлігі баяндалып, бейнеүзік көрсетілсе, «Айға аттанам» тақырыбындағы үшінші бөлімде қазіргі бейбіт заман, осы кездегі бүлдіршіндердің бақытты балалығы бейнеленді.

Бала тәрбиесінде бабалар өткен жолдардың маңызы зор. Себебі балалар қазір ештеңеден таршылық көрмей, дамыған заманда өмір сүріп келеді. Олар «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» осы әдемі өмірдің қандай қиыншылықпен келгенін ұғынып, саналы түрде сәл де болса сезіну керек. Теледидардан көретіндері әдемі, түрлі-түсті мултьсериалдар, қолдарында смартфон ұстаған бүлдіршінде бұның бәріне ата-бабаларымыздың ауыр, отты жылдарды бастан кешіріп, қол жеткізгенін ұғыну керек деп ойлаймын.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын және «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру аясында ұйымдастырылған «Тәуелсіздік және Елбасы» атты тақырыпта мектепке дейінгі балалар арасында өткізілген мектепішілік байқауда мектепалды даярлық сыныбының тәрбиеленушісі Қоныс Бекет ІІ орын алса, Ғабит Ақерке І орын иеленіп, ауданда өткен сырттай байқауға қатысып, «Ең көркем орындаушы» аталымымен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халық жазушысы, жерлесіміз, ақын Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығына арналған мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілері арасында ұйымдастырылған аудандық VІІ Қадыр оқуларында «Сөздің бәрі құдіретті…» бағамы бойынша балабақша тәрбиеленушісі Манасұлы Қасымжомарт

ІІІ орынды иеленді.
Балабақша қызметкерлері ауылымыздан майданға аттанып, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге өз қаражаттарына
ескерткіш-тақта жасатып, олардың ұрпақтары тұратын үйлерге орнатты.Біз Елбасымыздың идеологиясын жүзеге асыра отырып, болашақта белсенді, жаңашыл, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін және жан-жақты жетілген, бүгінгі заман талабына икемді, өз заманының озық өнегесін, салт-дәстүрін санасына сіңірген, нағыз өз Отанының патриотын тәрбиелеу жолында қандай жаңалықтан да шет қалмай, әлі талай жұмыс атқарарымыз сөзсіз.

 

 

Дамира Какимоллақызы Хасангалиева,
ЖББ Талдыбұлақ орта мектеп-балабақша кешенінің
мектепке дейінгі ұйым әдіскері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.