Home » Жаңалықтар » Рухани жаңғыру айтыстан басталады

Рухани жаңғыру айтыстан басталады

Жақында Қарағанды қаласында көмекей әулие Бұхар Жыраудың 350 жылдығына арналған «Жақсының аты өлмейді» атты жас ақындар айтысы өтті. Еліміздегі айтыс өнерінің кең тарап, дәрежесі көтерілуіне ат салысып жүрген ақын Айтбай Жұмағұлов айтыс жүргізушісі ретінде тізгінді ұстады. Қазылар алқасы төрағасы  болып Филология ғылымдарының докторы, профессор, арқалы ақын Қойлыбай Асанов тағайындалды. Сондай-ақ, қазылар алқасы құрамында Мақсат Ақанов, Ерсін Мұсабеков, Ашмұхан Жанпейісов және де Сәуле Сейімбек болды. Аталмыш іс-шараның беделді қонағы ретінде  еліміздің атақты ақыны, айтыскер Дидар Қамиев бой көрсетті.

Бес жұптан он ақын өзара тартысқа түсіп, бақ сынасты. Жас ақындар буыны қатпаған, өнер жолына енді ғана қадам басқандарына қарамастан талай қоғамның көкейінде жүрген өзекті мәселелерге тоқталып, әлеуметтік проблемаларды сөз етті.

Қазылар алқасы шешімі бойынша 3 орынды Бекарыс Оспанов, Мұхтар Әділов және Еркеғали Бекболат иеленді. Сайыста Доскей Ботпай мен Абзал Мақашев 2 орынға лайық деп табылды. Талайды тоқтамды сөзімен тамсандырып, оза шапқан Ұланғасыр Қамиев жүлделі 1 орынға ие болды. Додалы тартыста үздіктердің үздігі, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып бас жүлдені жеңіп алған Сырым Бейсенбеков болды.

Арқалық ақындар үшін Қарағанды қаласының «Достық үйінде» өткізілетін ақындар айтысы жас буынның қанатын қатайтып, қайратын қайрап, осы өнер жолында шыңдалуына үлес қосу мақсатында жыл сайын жалғасын тауып келеді. 2019 жылы өткізілетін кезекті додаға ақындарымыз Біржан сал шығармаларымен сусындап, ерекше дайындықпен келуге тапсырма алды.

«Қазақтың рухани жаңғыруы айтыстан басталады» деп жырлаған қазақ өнерін насихаттаушы жас тарландарымыз көрермен ықыласына бөленіп, шынайы қошеметіне ие болды.

Сымбат СЕРІКҚЫЗЫ
Қарағанды Мемлекеттік Университеті
Филология факультеті,  журналистика кафедрасының 1 курс студенті

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.