Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы Ришат Еркінбек ХХ бүкілресейлік жоғары сынып оқушыларының «Ғылым мен техникадағы жас зерттеушілер» атты зерттеу жұмыстары конференция-сайысында 1 орынға ие болды. Сайысқа «Линейная Эрозия» жобасымен қатысты. Осы арқылы тиісті сала мамандарының назарын Бородулиха ауданы, Новопокровка ауылындағы жыралардың пайда болуымен оның қоршаған ортаға тигізер әсеріне аударғысы келген.
— Жобаны қорғау үшін бір жыл бойы зерттеу жүргіздім. Екі мәрте Новопокровка ауылына барып қайттым. Бүгінгі таңда ауылдағы жыралар жылына 10-40 мтер аралығында кеңейіп келеді. Бұл өз кезегінде сол ауылдағы ғимараттарға, өсіп тұрған ағаштарға, құдықтарды қиратады. Одан бөлек, жолдың бүлінуі мен егістік алқаптардың зақымдануына да әсер етпей қоймайды. Қарап отырсаңыз, табиғатқа, адам өміріне де қауіп төндіретін жайт. Сондықтан бұған бей-жай қарамауымыз керек. Зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша ғылыми кеңесшім «Семейгидрогеология» ЖШС-нің инжнер-гидрогеологы Лариса Гущина екеуміз жергілікті шаруа қожалықтары басшыларына қауіп пен орасан шығынның алдын-алу туралы ескерттік. Ендігі жұмыс солардың еншісінде, -дейді жас табиғат жанашыры Ришат Мейіржанұлы.
Ресейдің Томск қаласында өткен конференция-сайыс наурыз айының соңғы күндері ұйымдастырылған. Оған 300 –ден аса оқушы қатысып, түрлі тақырыптарда өз жобаларын қорғаған. Соның арасында Ришаттың еңбегі жоғары бағаланып, ол жеңімпаздар қатарына еніп отыр. География пәнін сүйіп оқып, табиғат құбылыстарына қызығатын шәкіртіміз жеңіске жетуіне мектебіміздің география пәнінің мұғалімі Шарипа Таласпаева мен химия пәнінің мұғалімі Жазира Құрмановалардың көп көмегі тигенін атап өтті. Аталған ұстаздар Ришаттың жобасына ғылыми жетекшілік еткен.
Ришат жеңіске жету арқылы келер жылы Ресей астанасы Мәскеу қаласында өтетін халықаралық В.И.Вернадский конференциясына жолдама алып отыр.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі