Home » Жаңалықтар » ПАВЛОДАР жаңалықтары

ПАВЛОДАР жаңалықтары

ЖАС САРДАРЛАР ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Жақында Астана қаласы генерал С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінде 11 сынып оқушыларының V «Сардар» республикалық кешенді олимпиадасы өтті.
Астананың 20 жылдығына орай, өскелең ұрпақты отаншылдық пен ұлттық патриотизм рухында тәрбиелеу мақсатында өткізілген сайысқа барлық облыстар мен  Астана, Алматы қалаларынан әскери мектеп, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептер, лицейлер мен жалпы білім беру мектептерінен 63 оқушы қатысты.
Олимпиада екі кезең бойынша мәресіне жетті. Теориялық кезеңде: математика, физика, орыс тілі, қазақ тілі, алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәндері бойынша тест тапсырса, практикалық кезеңде: алғашқы әскери дайындық нормативтерін  орындау, АК-74 автоматын ішінара бөлшектеу және жинақтау, 3000 м кросс пен 100 метр қашықтыққа жүгіру және  тартылу, дене шынықтыру нормативтерін орындау қарастырылды.
Байқау қорытындысы бойынша, Павлодар облысы әскери мектеп-интернатының оқушылары Бейсембаев Айдын және Қолдыбай Ғалымжан жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Сайыс соңынан барлық қатысушыларға 68 665 Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімі және ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығына экскурсия ұйымдастырылды.

 

ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙГЕНДЕР

Павлодар түсті металлургия колледжінде Павлодар облысы білім беру басқармасының қолдауымен, «Дарын, технология, шығармашылық» атты облыстық техникалық шығармашылық байқауы өтті.
Іс-шара «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын дамыту, дарынды жастарды анықтау және  қолдау, олардың шығармашылық қабілеттерін ашуға мүмкіндік беру  мақсатында өткізілді.
Байқауға Павлодар облысының 14 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері өздерінің 30-дан астам шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Аталмыш сайыс екі номинация бойынша сарапқа түсті: жобаның ағымдағы үлгілері, техника  және технология және  үлгі, толық масштабты үлгі, иллюстрациялық материал.
Үздік туындылардың қатарында — Екібастұз құрылыс техникалық колледжінің 1 курс студенті Болатбек Тамаша қарт адамдарға арналған «Әмбебап қолшатыр» жобасы болды.
Ұсынылған ең үздік жұмыстар Қазақстанның бас қаласы – Астана қаласының  20 жылдық мерейтойына сыйға тартылмақ.

 

«АҚБЕРЕН» ЖАС АҚЫНДАР САЙЫСЫ

Павлодар қаласында оқушылардың «Ақберен» V республикалық байқауы дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты негізінде «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бастамасымен өткізілді.
Республикалық байқауға «Көркем сөз оқу», «Ақындар мүшәйрасы», «Шешендік өнер», «Ақындар айтысы», «Шығарма жазу» және «Ұлттық аспапта ойнау» тәрізді бағыттар бойынша  15 облыс және республикалық мамандандырылған мектептерден 90 оқушы бақ сынады.
Павлодар облысынан байқауға 8 оқушы қатысып, 5-уі жүлделі орындарға ие болды.  «Ақындар мүшәйрасы» бағытында өзінің ақындық өнерімен озып шыққан дарынды балаларға арналған Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының 10 сынып оқушысы Абдираимов Ердаулет І дәрежелі дипломға ие болды.
«Ұлттық аспапта ойнау» бағытында дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінің 9 сынып оқушысы Бақытова Айшат көрермендерді домбырада ойнау шеберлігімен тәнті етіп, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының 10 сынып оқушысы Оразбай Марлен «Көркем сөз оқу» бағытында О.Бөкейдің «Атаукере» романынан Тағанның сөзін нақышына келтіре оқып, ІІІ дәрежелі дипломды қанжасына байлады.
«Ақындар айтысы» бағытында Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының 11 сынып оқушысы Сарыбай Құдырет Ақтобе облысының айтыскерімен сөз тартысып, «Дарын» орталығының грамотасын иеленді.
Байқау қорытындысында озып шыққан оқушыларға: А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті – 10, Қарағанды қаласы «Болашақ» академиясы – 3  және Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті – 1, барлығы — 14 Грант тағайындалды. А.Яссауи атындағы университетінің Грантына шешендік өнерімен Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының 11 сынып оқушысы Жанбау Марғұлан ие болды.
Байқау аясында, М.Катаев атындағы оқушылар сарайының «Рухани жаңғыру» кабинетінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, айтыскер ақын, сазгер, ҚР мәдениет қайраткері, қазылар алқасының төрағасы Аманжол Әлтайдың Павлодар қаласының жас ақындарымен кездесу кеші өткізілді.
«Ертіс дарыны» ӨҚББОӘО қонақтарға Павлодар қаласының көрікті жерлеріне саяхат, «Batуr mаll» ойын-сауық орталығын тамашалау, зияткерлік ойындар мен би кеші мәдени-сауықтыру бағдарламасын ұйымдастырды.

Айгүл МОЛДАШ,
Павлодар.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.