Home » Білім және өнер » Актерлік шеберліктерін көрсетті

Актерлік шеберліктерін көрсетті

 Батыс Қазақстанда алғаш рет мектеп оқушылары арасында «Театрдың ғажайып әлемі» атты облыстық фестиваль-байқау өтті. Байқау барысында балғын актерлар театрландырылған қойылымдарымен көрерменге тамаша көңіл күй сыйлады.
Облыстық білім басқармасы мен «Дарын» қосымша білім орталығы ұйымдастырған шараға аудандар мен облыс орталығындағы мектептер, шығармашылық орталықтар оқушыларынан құралған тоғыз ұжым қатысты. – Мақсатымыз – өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеу, балалар мен жастардың театр шығармашылығын қолдау. Бас жүлдені иеленген ұжым республикалық кезеңде өнер көрсетеді, – деді «Дарын» қосымша білім орталығының тәрбие бөлімінің меңгерушісі Айнұр Сисенбаева.
Фестиваль-байқау «Драмалық спектакль», «Музыкалық спектакль»,«Әдеби-музыкалық композиция», «Қуыршақ театры» сынды кезеңдерден құралды. Әр ұжымның дайындап келген қойылымдарына қазақ драма театрының актерларынан құралған әділ қазылар алқасы өз бағаларын беріп, ақыл-кеңестерімен де бөлісті. Сондай-ақ кәсіби актерлар қатысушылардың дайындықтары жоғары екенін атап өтті. Нәтижесінде бас жүлдені В.Илюховтың «Лиса обманщица» музыкалық-драмалық қойылымын сахналаған Орал қалалық мектептен тыс жұмыс орталығының «Радость» балалар саз мектебі жеңіп алды. Ал І орынды – Қазталов ауданы Ғ.Молдашев атындағы орта мектеп ұжымы (Ө.Боранбаев «Бәрінен де күшті қорқақ көжек» ертегісі), ІІ орынды – Сырым  ауданының балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы (Э.Аубекеров «Бала көзімен» драмасы), III орын – Тасқала ауданы ЖОББ Ақтау мектеп-балабақша кешені («Ана аманаты» драмасы) мен Зеленов ауданы Қ.Аманжолов атындағы орта мектеп (Д.Исабеков «Әпке» драмасы) ұжымдары иеленді.
Теректі ауданына қарасты Подстепное №1 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі С.Жұмырбаева шәкірттерінің мұндай байқауға алғаш рет қатысқанын айтты. – Оқушылар Бақыт Беделханұлының «Ұлы дала мұрагерлері» шығармасын сахналады. Бұл қойылымда қазақ елінің тарихи кезеңдерін қамтып, бүгінгі тәуелсіздікпен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен ұштастырдық. Сабақтан бос уақытта оқушыларды шығармашылылққа баулып, соның ішінде театр өнерінен де хабардар етеміз. Мектептегі әдеби кештерде балғын актерларымыз түрлі театрландырылған қойылымдарды сахналап жүр, – деген Самал Мақсотқызы байқауда балалардың еңбегі ескерусіз қалмай, алғыс хат иеленгендерін жеткізді. Осы жетістіктің өзі талапты ұл-қыздарға ерекше қуаныш сыйлады.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,
«Білім айнасы»,
Орал

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.