Home » Балабақша » Отбасындағы адамгершілік-патриоттық тәрбие

Отбасындағы адамгершілік-патриоттық тәрбие

Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа адамгершілік-рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтытпаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімді тәрбиелеуде отбасы мен тәрбиешілер шешуші рөл атқарады. Еліміздің болашағы жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші бесік – отбасы, ата-ана тәрбиесі болса, екінші бесік – білім беру мекемесі. Мектепке дейінгі кезеңдегі тәрбие – адам қалыптасуының алғашқы баспалдағы. Балабақшадағы тәрбие бала табиғатына ерекше әсер етіп, оған өмір бойы өшпестей із қалдырады. Заман талабына лайық тәрбие білім беру жұмысын кешенді ұйымдастыру жаңа технологияларды, идеялар мен шығармашылық, инновациялық жаңашылдықты қажет етеді. Жас ұрпаққа білім беруді жетілдіру мәселесі толассыз күн сайын өзгеріп тұрған әлеммен бірге жүрері анық. Балабақшада берілетін тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы, әрі жан-жақты тәбие мен дамыту ісінің түпкі негізін қалайтын орын. Бала бойындағы жақсы қасиеттер мен мүмкіндіктерді ашып олардың өнегелі, тәрбиелі болып өсуіне балабақша ошағының тигізер әсерінің маңызы зор. Баланың бойында адамгершілік-патриоттық тәрбиені қалыптастырудың негізгі міндеттері мына жайлармен түйінделеді: — ізгілік бастамасымен тәрбиелеу. Өз отбасына, балабақшасына, туған қаласына, көшесіне сүіспеншілікпен, қамқорлықпен қарау. — Табиғатқа қамқорлықпен қарау. — Еңбекте – еңбек сүйгіштік, үлкендер еңбегін құрметтеу. — Қазақ халқының салт-дәстүріне қызғушылықпен қарау. — Мемлекеттік рәміздермен таныстыру. Отанға деген сүіспеншілікке тәрбиелеу. Болашақта өзіне сенімді әрі білімді де тәрбиелі азамат қалыптасуы үшін балаларды кішкене күнінен тек жақсылыққа тәрбиелеп, отансүйгіштік пен ұлтжандылыққа баулуымыз керек.

Қазіргі таңда балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселесі көкейтесті мәселелерінің болып тұрғаны баршамызға мәлім. Сонымен қатар осы мәселе әлеуметтік оңалту үдерісінде, тұлғаның әлеуметтік ортада өз орнын табу және өмір жолын таңдауда жаңа сипатқа ие болып, өзінің шешу жолдарын табу үшін жаңа әдістерді таңдауға тура әкеледі. Тұлғаның адамгершілік қасиеттері мектепке дейінгі жаста қалыптаса бастайды. Осыған байланысты қазіргі білім беру мекемесінде жұмыс істейтін мамандар балаларды тәрбиелеуде азаматтық сезімге, өз Отанын мақтан тұту сезімін қалыптастыру міндеттері қойылады. Аталмыш міндеттерді шешу үшін мектепке дейінгі жастағы балаларда азаматтық-отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған тиімді педагогикалық жүйені құру мақсатын қою қажет.

«Отанды сүю отбасынан басталады» отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруда отбасы тәрбиесінің маңызы зор. Баланың өзінің тіліне, дініне, ұлтына деген сүйіспеншілік әкенің көзқарасымен, анасының сүтімен беріледі. Бала туғаннан өзінің тілінде әлдилеген ән тыңдаса, тілі шыққаннан мақал-мәтелдер естіп өссе, баланың патриоттық сезімі оянбағанда қайтеді. Әр дәуірдің тарихи кезеңдерінде отансүйгіштікке тәрбиелеудің өзіндік мүдделері болады. Ол ең алдымен, «ұлтжандылық», «отансүйгіштік», «патриотизм » ұғымдары өмір сүріп, заманның наным-сенімінен туындайды. Еліміз егемендік алғаннан бері жас ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы – қазақстандық патриотизм болып табылады. «Қазақстандық патриотизм» ұғымы біздің тәуелсіздігімізбен қоса туған жаңа сөз болып, еліміздегі саяси-әлеуметтік ахуалдың ерекшелігін білдіреді. «Отансыз адам болмас, ормансыз бұлбұл болмас» деген халық нақылы тегіннен айтыла салмаған. Өйткені, Отан деген киелі ұғымды түсіну әр адамның туған жерінен, өз еліне деген сүйіспеншілігінен бастау алады. Отансүйгіштік пен патриотизм бір-бірімен егіз ұғымдар. Ұрпақ тәрбиесі әрқашан өз мәнін биік ұстайды. Сондықтан қай заман, қай қоғамда болсын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән берген. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен, келешек ұрпаққа оқу-білім және тәрбие беру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Ұлттың ғана емес, әр жанұяның бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Толық жетіліп қалыптасқан ұлттың сана-қабілетінде, түсінік-талғамында, мінез-құлқында өзіне тән ерекшелік, менталитеті болатынын ғылым дәлелдеген.

Қазіргі таңда қоғамды қайта қалыптастыру кезеңінде халқымыздың ең үздік рухани дәстүрлеріне бет бұру қажеттілігі орын алып отыр. Олардың қатарына туыстық, Отан мәңгілік түбегелі ұғымдар жатады.

Отансүйгіштік ұғымы жан-жақты. Мұнда басым орынды Отанға деген сүйіспеншілік алады. «Отан» ұғымына өмір сүру жағдайы кіреді, атап кеткенде аумақ, климат, табиғат, қоғамдық өмірдің ұйымдастырылуы, тіл және тұрмыс ерекшеліктері деген ұғымдардан құралады. Патриот болу – өзін Отанның ажырамас бөлігі ретінде сезіну. Осы күрделі сезім балалық шақта қоршаған орта әлеміне деген құндылығын бағалау негіздерін қалау арқылы қалыптасады.

Әр мектепке дейінгі мекемеде отансүйгіштікке тәрбиелеу келесі бағыттарда жүзеге асырылады:

— рухани-адамгершілік,

— әлеуметтік,

— эстетикалық,

— өлкетану,

— еңбек,

— интеллектуалдық,

— отбасылармен бірге жұмыс істеу.

Осы жұмысты жүзеге асыру үші  отансүйгіштікке тәрбиелеу бағдарламасы шеңберінде жүйелі жұмысты тәрбиеші ата-аналармен бірге ұйымдастыруы қажет. Осыған орай келесі міндеттер кешенін орындау керек:

— балаларды өз отбасын, балабақшаны, көшені, қаланы сүюге, табиғатты аялауға тәрбиелеу;

— балаларды мемлекеттік рәміздермен таныстыру (елтаңба, ту, гимн);

— елінің, халқының, қаласының жетістіктерін мақтан тұту, жауапкершілік сезімін дамыту;

— басқа ұлт өкілдерін сыйлау, олардың дәстүрлерін дәріптеу сезімін қалыптастыру;

— еңбекті құрметтеуге тәрбиелеу;

— ұлттық қолөнер шеберлігін білуге деген қызығушылығын қалыптастыру;

— адам құқықтары жөніндегі алғашқы білімдерін кеңейту;

— Қазақстанның қалалары туралы білімдерін тереңдету.

Осы міндеттердің барлығы балалармен қарым-қатынас түрлерінде шешіледі, яғни ойындар, еңбек ету, тұрмыстық жағдаяттар кезінде.

Балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеу қоғамның қазіргі даму кезеңінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерін Отанға деген сүйіспеншілік сезімін, Отанның тарихи-мәдениет рухани мұрасын тану қызығушылығын дамытуға міндеттейді. Азаматтықты тәрбиелеу оның кіші еліне деген құрметтеуден басталады. Мектепке дейінгі жастағы бала отансүйгіштікке деген жолды туыстарға, айналасына, балабақшаға, қаласына деген сезімдері арқылы бастайды. Бүлдіршін өзін ел азаматы ретінде сезіну үшін айналасындағы жақсы үлгілерді көру керек. Осыған орай балабақшадан бастап мемлекеттік рәміздерге, халықтық салт-дәстүрлерге көзқарасы қалыптасады. Әрине осы мәселені шешуде халық ертегілері өзінің орнын алады. Бүлдіршін ертегілердің кейіпкерлерін үлгі ретінде қабылдап, өз жүрегінен өткізіп, эмоция арқылы сезімін білдіреді. Нәтижесінде олар өздерін кейіпкерге ұқсатып, бүлдіршін жасынан бастап адамгершілікке, отансүйгіштікке, әдептілікке бағытталып, балалар өздері жақсы қасиеттерге тартылады.

Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде кеңінен халық ауыз әдебиетінің материалдары қолданылады. Бірақ осы әдісті бір жүйеге келтірген жөн. Мысалы, мақал-мәтелдерді жай жаттаумен қатар оларды түсіндіріп, белгілі жағдайда орынды болуын көрсету керек.

Бүлдіршіндерді отансүйгіштікке тәрбиелеуде өлкетану негіздерін қолдануға болады. Балалар арасында «Менің көшем», «Менің қалам» атты көркем сурет көрмесін ұйымдастыруға болады. Осында жіберілетін бір қателік балалардың жұмыстарын іріктеуге болмайды, себебі баланың суреті оның ішкі сезімін білдіреді.

Жұмыс мазмұнын жүзеге асыру түрлі нысандар бойынша өтеді: балалармен әңгіме құрастыруда, кітаптарды оқып, талқылау.

Отансүйгіштікке тәрбиелеу отбасынан басталады. Бүлдіршін өз отбасының да тарихын білу керек. Бала өз отбасын мақтан тұтса, өзін де сыйлай бастайды, жоғары бағалайды.

Мектепке дейінгі білім мекемелерінде рет-ретімен, жүйелі түрде ұйымдастырылған жұмыс нәтижесінде бүлдіршіндерді болашақта жауапкершілігі жоғары, белсенді азаматтық ұстанымы бар, туған өлкесіне қатыстығын сезінетін, халқын, Отанын, отбасын, сүйетін, өз азаматтық парызын әрдайым өтеуге дайын болатын тұлға ретінде тәрбиелеуге әкеледі. Сонымен, қорытындылай келе, Отанның гүлденуіне және оны қорғауға деген патриоттық сезім адам жүрегінде өмір сүрген, өмір сүре бермек. Бірақ патриоттық сезім адамда өзінен өзі, не болмаса туа пайда болмайды. Ол ерте жастан адамға әсер ететін, ұзақ мақсатты түрде бағытталған тәрбиенің қорытындысы. Патриотизм ортаның, отбасындағы тәрбиенің, мектептің, мектепке дейінгі мекеменің және түрлі коғамдық ой-пікірлердің әсер етуімен қалыптасады. «Патриотизм, – дейді ұлтымыздың батыры Б.Момышұлы, – Отанға, мемлекетке деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы, қоғамдық, мемлекеттік кауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзінің мемлекетке тәуелді екенін мойындау, яғни патриотизм дегеніміз – мемлекет деген ұғымды, оның жеке адаммен барлық жағынан өткені мен бүгінгі куні және болашағымен қарым-қатынасын білдіреді». Қазақ халқының өткені мен бүгінін таразыға сала отырып, келешегіне отаншылдық туын арқау еткен асқақ, жандары таза жас ұрпақты тәрбиелеу мен қасиетті Отанның қадірін ұғындыру, ар, намыс, ождан сөздерін ұлт, атамекен, халық сияқты киелі түсініктермен байланыстыру арқылы болашаққа бағыт сілтеу әрбір педагогтың міндеті.

Калибекова Арайлым Ораловна

Қарағанды қаласы,

№33 «Алтын бесік» балабақшасы КМҚК әдіскері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.