Музей – өзінің жаратылысы жағынан ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту мекемесі болып табылады. Адамдардың бұл күнде тарихқа ден қоя зер салуы артқан жағдайда музей үлесіне үлкен міндет жүктеліп отыр. «Өткеніңді білмейінше, болашағыңды болжай алмайсың»-деген өткен тарихымызды ақтара қарап, бүгінгі күннің көкейкесті сауалдарына жауап іздейді, қоғамның бұдан былайғы заңдылықтарын түсінгісі келеді. Таным дүниесіне осылай қарасақ, музей өткен мен болашақты жалғастырушы түйін болып табылады.
Соның бірі «Меркі ауданының тарихи-өлкетану музейі» – облысымыздағы іргелі мәдени орталықтардың бірі. «Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейі» ауданының тарихын зерттеу, жәдігерлерді жинақтау, музей жәдігерлерінің коллекцияларын сақтау, музейге келушілерге ауданның тарихи-мәдени мұрасын кенінен танытып, насихаттау болып табылады.
Меркі тарихи-өлкетану музейі 1983-жылы қоғамдық негізде құрылып, 1984-жылдың қарашасында мемлекеттік музей статусын алған. Музей әйнек пен беттонан соғылған екі қабатты жаңа зәулім үйде 1987-жылдың14-ақпанынан бастап жұмыс істеуде. Штаттық кесте бойынша 14 қызметкер жұмыс жасайды. Музейде тұрақты экспозиция көлемі 428,3 м2, музей қоры 15.4 м2 бөлінген. 2009-2010 жылдары музей қайта жанартылған. Музейде 3 бөлім жұмыс істейді: Археология және этнография, Қазіргі заман тарихы бөлімі мен Қор бөлімі деп аталады. Музей 6 залдан тұрады: Туған жер табиғаты, Археология, Этнография, Ұжымдастыру және ҰОС залы, Кеңес дәуіріндегі Меркі жері мен Тәуелсіз Қазақстан. Музейдің археологиялық экспозициясына қойылған жәдігерлердің барлығы жергілікті жердегі зерттеу қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған. Меркінің археологиялық тарихын зерттеуде Ә.Марғұлан атындағы археологиялық зерттеу институтының ғалымы А.Досымбаеваның еңбегін атауға болады. Жәдігерлер Б.э. VII-XIV ғ.ғ қолданылған. 2011-жылы археология бөліміндегі жаңашылдық «Қарақыстақ қорғанының 1-ші қорымынан табылған жәдігерлерді айтуға болады. (Б.э. VII-IX ғ.ғ ) Меркінің топырағы батыр ұлдардан да кем емес. Меркі жерінен шыққан батырларымыздың бірі Жауғаш Қырбасұлы Абылай ханның әскери қолбасшыларының бірі болған.
1756-1758 жылдары Қытаймен, 1771-1774 жылдары қырғыздармен хан атынан келіссөздер жүргізіп, елшілік қызмет атқарған, қазақ жерінің біртұтастығына үлкен үлес қосқан Сыпатай батыр Әлібекұлы халқымыздың тәуелсіздігі үшін 1821-жылы Қоқан, 1860-жылы Ресей отаршылдарына қарсы қару алып, қол бастап күрескен, тоған, қамал қаздырып, елін егіншілікке баулыған, медреселер ашқызған. Тарихи тұлғалардың бірі Ақкөз Қосанұлы Меркі жерінде 1916-патша жарғысына қарсы ұлт-азаттық қозғалысты ұйымдастырып, халықты көтеріліске шақырып, басшылық еткен. Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сарымолдаев, Мақсұт Жылысбаевтар әйгілі революционерлер болған.
Меркі ауданынан Ұлы Отан соғысына 11843 адам бір адамдай Отанын қорғауға аттанып, оның ішінде П.Толстов, С.Ларионов, В.Савва, И.И.Трубицын Совет Одағының батыры атағына ие болған батырлардың деректері жинақталған. Ауған соғысына қатысқан 80 жауынгерлеріміз туралы деректер жинақталып, Социалистік Еңбек Ері атанған 54 азамат бар. Атақты композитор республикамыздағы музыка өнерін дамытудағы еңбегі үшін КСРО халық әртісі, мемлекеттік сыйлығының үш мәрте лауреаты Сыдық Мұхамеджановтың мәліметтері, ғалым, жазушы публицист, журналист Т.Қожакеевтің шығармалары, Төленді Мустафин физика-математика ғылымының докторы, Намазалы Омашев ЮНЕСКО профессоры, Кембридж университетінің «Жыл адамы» (2001 ж.), филилогия ғылымының докторы, халқымыздың біртуар ұлы Мұхтар Әуезовтың ұлы Мұрат Әуезов жайында деректер, мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров жайлы материалдар, халық ақыны Өмірбек Қабылов, Қазақстанның халық әртісі, композитор әнші-сазгер Алтынбек Қоразбаев, суретші-зергер Берік Әлібай туралы мәліметтер жинақталған. 2017-жылы Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейінде 7-сәуір мен 7-мамыр аралығында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының көрмесі ашылды . Көрме үш бөлімнен тұрады: «Алтын адамның» құпиясы», «Тастар сыр шертеді» және «Есік» қорық-музейінің бас суретшісі Д.М. Бектемировтың «Қазақ қолөнерінің бастауы мен тарихи сабақтастығы» атты авторлық көрмесі деп аталады. Қор бөліміндегі музей экспонаттары талапқа сай сақталуда.
Музей қоры қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Музейге түскен экспонаттар есепке алынып, тіркеліп, ғылыми нәтижеде зерттелінеді.
2017-жылы музей қорында жинақталған жәдігерлердің жалпы саны –13583 жетті, оның ішіндегі негізгі қордағысы – 8379, қосымша қорда – 5204. Экспозицияға қойылған экспонат саны – 2094-ға жетіп отыр.
Музейдің айлық және жылдық жоспарына байланысты экспонаттар жиналып, толықтандырып тұрады. Музей қорындағы экспонаттар 2 айда 1 рет дәріленіп, кептіріліп, желдетіп, айына 1 рет тазалық күнін белгілеп отырады. Саналы да ақыл парасаты мол ұлтжанды, рухы биік мәдени-ғылыми өрісі кең ұрпақ тәрбиелегіміз келсе данышпан бабаларымыздың өсиет-өнегесін, ақыл-ойын тәжірибесін пайдалануымыз керек. Жалпы алғанда кез келген музейдің мәртебесі қордағы экспонаттардың құндылығымен, сиректігімен, қайталанбайтындығымен айқындалады. Халқымызда «ай – ортақ, күн – ортақ, жақсы – ортақ» деген сөз бар. Құнды жәдігерлер ешқашан бір отбасының немесе әулеттің дүниесі болып қалмауы тиіс.
Айгерім Назарова
«Білім Айнасы», Тараз қаласы