Home » Айтарым бар » Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

Табиғатта адам өміріне пайдалы да, зиянды да әртүрлі заттар бар. Адам соның ішінен өзіне керектісін таңдап ала отырып тіршілік етеді. Солардың бірі есірткі. Есірткі – адам ағзасына өте зиянды зат. Ол ең бірінші адамның миы мен жүйке жүйесіне әсер етіп, адамның азғындауына алып келеді. Есірткі тартқан адам аз уақыт рахат сезіміне бөленіп, гүлденген әлемде жүргендей болады. Оның мұндай көңіл күй сыйлауы уақытша ғана. Содан кейін адам ағзасы оған тәуелді болып қалады да, адам ағзасы оны қажет еткен кезде қатты қиналады. Оны таппайынша адам өліп кетердей күйге түседі. Көп мөлшерде тамырға айдалған есірткіден адам бірден өліп кетуі мүмкін. Есірткі тартқан адамның көзі ештеңені көрмей, ол не істеп не қойғанын білмейді. Сондықтан есірткі қолданған адамнан өте сақ болған жөн. Есірткі бағзы замандардан қолданылып келе жатқан дерт екені тарихтан белгілі. Есірткі біздің заманымызға дейінгі 2700 жылдары Қытайда пайдаланылды деген дерек бар. Көкнәрді Египетте емдік және діни ғұрыптарда пайдаланғаны туралы грек тарихшысы Геродоттың да еңбектерінен кездестіруге болады. Ежелгі гректер қайғы-қасіретті ұмыттыру мақсатында және ауыр хәлдегі науқастарға ұйықтататын дәрі деп пайдаланған. Ең алғаш рет есірткінің зиянын шығыс ғұламасы Ибн Сина жазып көрсеткен. Көкнәрдің таралуы XIX ғасырда кеңінен етек алды. Ол үшін Англия мен Қытай арасында соғыс та болды. XX ғасырдың ортасында дамыған батыс елдерінде нашақорлық пен есірткі айналымы қауіпті жағдайға жетті. Ал, әртүрлі химиялық құрамды пайдалану арқылы жасалған жасанды есірткілердің зияны табиғи есірткіге қарағанда әлдеқайда ауыр.

Нашақорлық – бұл есірткі заттарды қолдану салдарынан пайда болатын ауру. Нашақорлық, яғни наркомания ежелгі гректің “нарко” деген сөзінен шыққан, ол “қозғалыссыздық”, ал “мания” “ессіздік” деген мағынаны білдіреді. Осы ұғым бұл аурудың нағыз мәнін сипаттайды. Нашақорлық қазір әлемді жайлаған дерт. Мұнымен дүниежүзі болып күрес жүргізіліп жатыр. Мұндай дерт әсіресе жастардың арасында көп кездеседі. Себебі жалындап тұрған жастар әр нәрсенің дәмін татып көргісі келеді. “Бір көрейін, сосын қоямын” деген де ой болады. Бірақ өзінің қалай тәуелді болып қалғанын байқамай да қалады. Ал кейбіреулері айналасындағы достарының мәжбүрлеуінен де тартады. Қазіргі жастар осындай орталардан сақ болған жөн. Нашақорлыққа көбінесе жасөспірімдер шалдығады, алайда осы кезенде ересектер арасында да ескірткіге әуестенетіндер көбейіп келеді. Жастардың арасында есірткіге әуестік көп ретте білместіктен басталады. Жасөспірімдер қоршаған ортасының кері әсеріне иланғыш келеді. Олар жас болғандықтан қоршаған ортаның әр сипатты әрекетіне адам ойына келмейтін жауап кайтарады. Өз іс-әрекетінің салдарын дұрыс болжамау, жеңілтектік, жан-дүние, мінез-құлық пен дүниетанымның толық калыптаспағандығы, иланғыштық, кері әсерге еліктеушілік алғаш рет спирт ішімдіктері мен есірткінің дәмін көруді тудыратын себептерден болады. Жасөспірімдер өздерінің ержүректігін, дербестігін танытуға болатын топтар мен ұйымдарға бірігеді. Мұндай топтар үй жақта, би алаңдарында, мектепте де ұйымдасады және топ ішінде алғашқы «тексерістер» болып өтеді. Топтық психология, еліктеушілік, ермелік топ ішінде біреуі есірткі немесе шарап дәмін татқан болса, уақыт өткен соң топтың барлық мүшелері есірткі мен алкогольге әуестенуге соқтырады. Бұзақылар арасына түсудің де себептері көп. Бұл отбасындағы кикілжің де, ата-аналардың, мұғалімдердің бала бос уақытын калай өткізетініне назар аудармауы да, тіпті баланың қолында артық ақшаның жүруі де болуы мүмкін. Кеш болысымен жиналатын жасөспірімдер музыка тыңдап, бейне таспаларын көріп немесе көше кезіп уақыт өткізеді. Ал бұл болса адамның ішін пыстырады. Қазір спорт, музыка, өнер мектептерінде оқу қымбат, барлық ата-ананың қаржысы жете бермейді. Сөйтіп күндердің күнінде топқа бұрын есірткінің дәмін татқан «білгіш» қосылады. Бір ерекшелігі нашақорлар басқаларды есірткіге әуестендіру әрекетін әдейі жасайды. Өйткені нашақор еңбек етуге дәрмені жоқ адам, ол есірткі сатып алуға қажетті ақша іздейді де жүреді. Нашақор қаражатты ұрлықпен табудан басқа амалын білмейді, ал ұрлық әрдайым жазасыз болмайды. Сондықтан нашақор ата-анасы ауқатты жасөспірімдерді есірткіге әуестендіруге, соның арқасында өзінің «қамын» ойлауды мақсат етеді. Нашақордың жасөспірімдер тобына қосылуының себебі де сол. Ол алдымен наша шегуді немесе ес ауыстыратын дәрі ішуді ұсынады. Еліктегіш жастар дәм тата бастайды. Олардың бірі қызық көруді қаласа, екіншісі басқалардан қалмауды, тағы бірі өзін ересек көрсетуге тырысуды, ендігі біреуі бар қиындықтан қашып, ләззат аламын дейді. Бара-бара жасөспірім нашақорға, есірткінің құлына айналады.

Есірткінің   ерекшелігі сол, адам оған бір-ақ рет дәмін татқаннан кейін әуес болып калады. Міне, адамдардың нашақор болуы себептерінің бірі сонда жатыр. Танысы “бір рет дәмін татсаң немесе иіскесең, шексең нашақор болмайсың, қиындықтардың барлығын ұмытасың, ләззат аласың, жаның тыныштық табады” деген арбау сөздерімен нашақорлық жолына тартады. Ал әлеуметтік қиындықтардан, отбасындағы ұрыс-керістен, жұмыссыздықтан немесе қызметіндегі жанжалдан шаршаған азамат қиындықтан аз уақытқа болса да «қашып кетуді» ойлап, есірткінің дәмін татады да, нашақор санатына қосылғанын білмей қалады. Ақыл тоқтатқан, саналы да салауатты адам мұның қаншалықты зиян екенін біледі. Сондықтан бұл дерттің әлі ақыл тоқтатып үлгермеген қызуқанды жастардың арасында көптеп орын алуы сол себепті. Сондықтан балаларға жас кезінен бастап осындай зиянды заттың адам өміріне қаншалықты қауіпті екенін ұғындырып өсіру қажет.

Үрей туғызатындығы, жастардың нашақорларға көзқарасы өзгерді, оларға деген көзқарастары төзімді. Алдын алудың басты мақсаты — «кайф алуға» деген алғашқы талапқа қарсы позицияны тәрбиелеу. Ол үшін барлық мүғалімдердің, ата-аналардың, милицияның, заңгерлердің бірігіп күш жұмылуы қажет. Ал енді жастарды есірткіден қалай қорғап қалуға болады? Қазіргі жастар тез өсіп, дене бітімі тез жетіледі. Алайда олардың сана-сезімі мен дүниетанымы әлі де болса балалықтан асып кете алмайды. Біздің айналамызда еңгезердей балақайлар жиі кездеседі. 9-12 жасар балалар есірткіге сирек әуес болады. Олардың әуестендіру әдейі жасалған әрекет болмаса, бұл жастағылар әлі ата-ананың қарамағында болады. Сондықтан ата-ананың міндеті осы жастағы балаға көбірек көңіл бөліп, темекі, спирттік ішімдік және есірткінің зияны туралы жиі айту. Мұндай әңгімелер іш пыстырмайтын болғаны абзал және де бостан бос миды ашытпай, жәй айтып кана қоймай, мысал да келтіру кажет. 13-15 жастағы жасөспірімдер есірткі туралы ересек замандастарынан естіп біледі. Олар нашақорлықты ауыр, емделуі қиын індет екенін түсінбейді. Анаша шегуді нашақорлыққа жатқызбайды, оған тәуелді емеспін, кез келген уақытта шегуді тоқтата аламын деп ойлайды. Бұларға барлық нашақор «жеңіл» есірткіден бастағанын, содан бірте-бірте нашақорға айналғанын түсіндіру кажет. Кез келген есірткі адамның денсаулығын, психикасын бұзады, адамды қуатсыз, әлсіз, жігерсіз ететіндігін жеткізу керек. Бұл жастарда жасөспірімдер өтпелі кезеңде болғандықтан олардың немен әуестенетіндігіне, достарының кім екендігіне, достарының арасында есірткі мен алкоголь қолданатындардың бар-жоқтығына көңіл бөліп, мінез-құлқының өзгерістеріне назар аударған дұрыс.

Енді 16-18 жасар жастардың арасында нашақорлық пен оның салдары туралы жақсы білетіндер көп. Жастардың арасында есірткіні жақтаушылар, оған қарсы тұрушылар мен екі ойлылары бар. Сонымен қоса есірткі мен алкогольге салынып кеткендер де кездеседі. Оларға нақты мысал келтіріп, нашақорлық қаупін жете түсіндірген жөн. Әңгіме арқауында қылмыстық және әлеуметтік мәселелер жиі естілуі тиіс. Басты айтатыным, ата-ана, өздеріңіз арақ ішіп, темекі тартып, есірткі қолданып ұрпағыңызға «өнеге» көрсетпеңіз. Әрбір бала ата-анасына ұқсауға тырысады, бұл әсіресе 14 жасқа дейінгі кезеңде айқын көрінеді. Есірткі қолдану, оны сақтау немесе сату заңмен қудаланатынын жиі есіне салып отыру керектігін де білген жөн.

Қазіргі таңда бұл дерттің әлемді жайлағаны соншалық, дүниежүзілік проблемаға айналып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен есірткімен күрес күні де белгіленген. Бұл күні есірткіні өндіру, тарату және пайдалану көрсеткіштері сараланып, оның зиянына талдау жасалады. Нашақорлықпен күресетін арнайы ұйымдар бар. Нашақорлыққа қарсы күрес құралы – оны таратуға қарсы бүкіл адамзаттың жұмылуы. Осы тұрғыдан алғанда, бұл құбылыстың барлық қасіреттері жөнінде адамдарды толық, жан-жақты, ақпараттандыру мақсатқа қол жеткізудің ең тиімді құралы екенін барлығы мойындайды. Соның есесіне мұны егіп, өсіріп, сауда айналымына шығарып отырған адамдар да аз емес. Оларды құрықтауға құқық қорғау ұйымдарының күші жетпей жатқаны өкінішті. Жасырын жолмен елге кіргізіліп, сол мемлекеттің халқын азғындату, құрту үшін де қазіргі алпауыт мемлекеттер мұны жақсы құрал етіп отыр. Осыған орай «есірткі мәдениеті» деген түсінік те қалыптасып үлгерген. Есірткі ағымының негізгі мақсаты – бір мемлекет немесе бір қоғамның ұлттық санасын және қорғаныс қызметін жойып, оны отарға айналдыру. Жезөкшелік, парақорлық, құмарлық, зорлық, өзін-өзі өлтіру, жыныс ауыстыру, нашақорлық, отбасының ыдырауы секілді қоғамды құлдырататын себептер есірткі мәдениетінің негізгі элементтері болып табылады. Ұятсыздық, жезөкшелік басқа да моданың жаман ағымдарын қолдайтын, әр түрлі идеологияларды таратып, халықты әсіресе жастарды топтарға бөлетін мүмкіндік туған сайын бұл топтарды бір-бірімен соқтығыстыратын, әр түрлі ұлттық, мәдени және мінез-құлық құндылықтарын алыстататын, оны жануарлар қатарына дейін төмендететін бұл мәдениет — есірткі мәдениеті деп аталады.Соны түсінбейтін қара халық есірткіні тартып алып, адам төзгісіз іс-әрекеттер жасайды. Жауыздықпен адам өлтіру, зорлау, қиянат жасау сияқты қылмыстардың көбісі осы есірткі тартқан адамдардан келеді. Себебі, есірткі адамның миына мен жүйке жүйесіне әсер етіп, оны сезімсіздендіреді, жансыздандырады. Оның арты орны толмас өкінішке соқтырады. Адам отбасынан да, достарынан да айырылады. Түрлі бақытсыздықтарға душар етеді. Жер бетінде миллиондаған өмірді алып кететін бұл дерт жасқа, жынысқа, нәсілге, ұлтқа қарамайды. Сондықтан бұл бүкіл адамзаттың ортақ проблемасы. Есірткі заңсыз жолдармен табыс табуда да үлкен роль алып отыр. Миллардтаған қаржы арнайы есірткі бизнесін жасап отырған адамдардың қалтасына түсіп жатыр. Жұмыр жерді шырмауықша шырмап келе жатқан дерт – нашақорлыққа қарсы күрес толассыз жүргізілсе де, оны түп-тамырымен жойып жіберу мүмкін болмай келеді. Қазір есірткі бизнесіне қарсы күрес тәсілдері заман ағымына қарай түрлі жаңа технологиялармен толығып жатса да, есірткі тасымалдаушылар өз бизнестерін жалғастыруда.

Әуесқойлық, еліктеу көптеген жастарды тұңғиыққа, қараңғылыққа итермелеуде. Жаман әдеттердің ең зияны болып табылатын есірткі қолдану әдетінің адамның денсаулығына, ақыл-ой және рухани дүниесіне, қоғамға тигізетін зияны өте көп. Сондықтан өз өміріміздің, денсаулығымыздың қадірін біліп, есірткіден аулақ болған жөн.

Акимбаева Айым

№203 орта мектептің 10-сынып оқушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.