Қызылорда облысындағы Қазалы ауданында Орта Азия жастарының көшбасшысы Ғани Мұратбаевтың туғанына 115 жылдығына орай ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Жастардың жалынды жетекшісіне арналған шарада республикалық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының облыстық слеті өткізілді.
Слет барысында ұйым қатары оқуда озат оқушылармен толыға түсті. Салтанатты шарада «Мен Ғанимын мәңгілік тірі жүрген» атты кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылып, шәкірттер Орта Азия жастарының көшбасшысы болған Ғанидың өмірінің әр кезеңін баяндайтын естеліктермен танысты.
Слет жұмысына бұрынғы комсомол ұйымының xатшылары мен республикалық Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының иегерлері қатысты.
М. Ақынұлы,
Қызылорда облысы