Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда ойын элементтерін пайдалану

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда ойын элементтерін пайдалану

Сабақта ойын түрлерін пайдалану – сабақ түрлері мен әдістерін жетілдіру жолындағы ізденістердің маңызды бір буыны. Ойын түрлерін оқу процесін пысықтау, жаңа сабақты қорытындылау кезеңдерінде, қайталау сабақтарында пайдалануға болады. Ойын түрлерінің материалдары сабақтың тақырыбы мен мазмұнына неғұрлым сәйкес алынса, оның танымдылық маңызы да арта түседі. Оны тиімді пайдалану сабақтың әсерлілігін, тартымдылығын күшейтеді, оқушылардың сабаққа ынтасы мен қызығушылығын арттырады.

Ойынмен ұйымдастырылған сабақ балаларға көңілді, жеңіл келеді.

Ойынды іріктеп алуға нақтылы сабақтың мақсаты, мүмкіндіктері мен жағдайларын ескеруге ерекше назар аударған жөн. «Ойыннан басталады» десек, баланың ойын жетілдіріп, сабаққа қызығушылығын, белсенділігін арттыру үшін мұғалімінің басты қолданатын тәсілі – ойын.

Ойынды ерте заманнан үлкендердің іс-тәжірибесін жеткіншек ұрпаққа жеткізу үшін пайдаланған. Ойын халық педагогикасында, мектепке дейінгі және мектептен тыс мекемелерде кеңінен пайдаланылады. Қазіргі мектепте ойын әрекеті ойын пәнінің тарауын және тақырыбын түсіну үшін үздік технология ретінде, жалпы технологияның элементі ретінде, сабақ немесе оның бір бөлігі ретінде, сыныптан тыс жұмыстың технологиясы ретінде қолданылады. Қазақ тілі сабақтарында рөлдік ойындардың маңызы зор. Мен өзім қазақ тілі сабағында әр түрлі ойын элементтерін пайдаланып отырамын. Ойын оқушылардың сол орындалатын іс-әрекеттер арқылы тіл үйренуге деген сенімін қалыптастырады.

Олар:

  1. Қазақ тіліне ғана тән дыбыстарды дұрыс айтуға, жазуға жаттықтыруға;
  2. Оқушыларды тілдік қарым-қатынасқа түсу дағдыларын дамытуға;
  3. Жағдаяттар туғызып, іс-әрекеттер арқылы сөйлетіп машықтануға үйретеді.

Дидактикалық тапсырмалар мен ойындарды, сюжетті суреттерді қолдана отырып, баланы ойлай отырып ойнату да сабақты меңгертудің бір жолы болып табылды. Сөз құрамын өткен кезде «Адасқан вагондар», «Қызықты калейдоскоп», «Сиқырлы пазылдар» ойынын ойнату арқылы сөз құрамын меңгертуге үйретуге болады. Мысалы: «Балалар біздің жүрдек пойызымыз қазір жолға шыққалы тұр. Бірақ оған тіркелген вагондар адасып кетіпті. Егер олар дұрыс жалғанбаса, біздің жолаушыларымыз жолдан қалып қояды. Сондықтан біз вагондарды дұрыс тіркеуге көмек берейік» – деп айтып, оларға жұмысшылар сөзінің түбір сөз, жұрнақ, жалғауларын дұрыс жалғауға үйретуге тырыстым. Бұл жерде түбір сөз, жұрнақ жалғауларды бір-бірінен ажыратуға және түбір сөзге қосымшаларды дұрыс жалғауды үйретуге болады. Ойынды мұғалім баланың ойлау іс-әрекетін жандандыруға арналған әдістемелік тәсіл ретінде қолданады. Жаңа тақырыпты түсіндіру, оны пысықтау үшін жаттығулар орындау, өткен тақырыпты еске түсіріп қайталау үшін пайдаланылатын дидактикалық ойындардың түп нұсқасы қазақтың ұлттық ойындарын алуға болады. Оқу үрдісінде ұлттық ойын элементтерін пайдалану сабақтың тақырыбы мен мазмұнына сай алынады. Сонда ғана оның танымдық, тәрбиелік маңызы арта түседі. Оқушыларды әсіресе, «Сиқырлы қоржын», «Көкпар», «Асық жинау» секілді ұлттық ойындарға қатыстыру өте тиімді екеніне көз жеткізу қиын емес. Бұл ойындарды жаңа материалды бекіту немесе қайталау кезінде қолдану керек деген пікір бар. Оқушы ойынның үстінде не соңында өзінің қатысу белсенділігіне қарай түрлі баға алуы мүмкін. Мұғалім әр оқушының еңбегін бағалап, ынталандырып отыруы тиіс. Ойынның тәрбиелік маңызы мынада: ол баланы зеректікке, білгірлікке баулиды.

Ұлттық ойындар арқылы балалар бойларына ибалық, байсалдылық, тапқырлыққа, шапшаңдыққа, шыншылдық және т.б қасиеттерді сіңіру, қалыптастырады. Ол «Орамал тастамақ», «Алтын сақа», «Көкпар», «Бәйге» т.б. ойындары арқылы жүзеге асырылады. Мысалы: Сөз құрамы тақырыбын жүргізгенде «Орамал тастау» қазақтың ұлттық ойынын ойнаттым. Мұнда орамалды кезектесе беру арқылы түбір сөзге жұрнақ пен жалғауды ажыратуға үйренуге болады. «Ойын» деген сөзді ала отырып, келесі оқушы орамалды алып оған (– шы) жұрнағын жалғауды. Келесі оқушы орамалды алып (– лар) деп жалғап кете береді. Осылайша ойын жалғасып кете береді.

Қазақ тілінің фонетика бөлімін оқытқанда сабақтың пысықтау кезеңдерінде алфавиттік метаграммалар, сөзжұмбақтарды пайдалану өте тиімді. Мұнда оқушы дауысты, дауыссыз дыбыстардың түрлерін есте сақтап оны дұрыс қолдануға үйренеді. Жасырынған дыбысты табу арқылы ол, біріншіден, өзінің сауатын арттырады, екіншіден сөздік қорын молайтады.

Фонетикалық ойындар оқушылардың сауаттылығын арттырады, дыбыстарды терең меңгеруге көмектеседі. Ойынға бала бар ынтасымен беріліп, оны білуге, меңгеруге талпынып, алуан түрлі дағды, мәліметтерді алып, шеберліктерін шыңдайды. Олардың білімдерін одан әрі дамытады, тереңдетеді, ізденімпаздығын арттырады, шығармашылық қабілетін дамытады.

Грамматикалық ойындар арқылы сабақта балалар түрлі жағдайларға, оның шешу жолдарына үйренеді. Ойын баланың логикалық қабілетін, белсенділігін, қызығушылығын арттырады. Балалар жақсы ойындарды шынайы ынтасымен, белсенділікпен ойнай отырып, сабақта алған білімін толықтырады, дамытады, Ойынды тез үйренемін деп ізденімпаздығы артады, шығармашылық қабілеті дамиды.

Сабақ баланың ақыл-ойына күш түсірмей, ойын түрінде өткізіледі. Балалардың логикалық ақыл-ойын, эмоциялық еркін, зейінін, ынтасын дидактикалық ойындар арқылы арттыру барысында ойындарды түрлендіріп, күрделендіріп отыруға болады. Ойынның әр түріне уақыт саналы түрде бөлінуі қажет. Бұл – сабақтың тартымды болуының шарты, әрі балалар ондай сабақты зейін қоя, тез ұғып алады.

Сонымен қатар сергіту ойындарын кеңінен пайдаланамын. Сабақты қай кезеңінде болса да, әсіресе, балалар шаршады-ау деген мезетте сергіту, бой жазу жаттығулары өте пайдалы. Сергіту ойындарында көктемгі, жазғы табиғат құбылыстарын т.б. айтумен қатар қимылдармен бейнелейді.

Мысалы: «Жұмбақ жерге саяхат» ойынында балалар жолдан шаршадыңдар ма? Ондай болса демалып алайық.

Бәріміз орнымыздан тұрайық. Балалар, сендер табиғаттың құбылыстарымен таныссыңдар. Табиғаттағы құбылыстар үнемі өзгеріп отырады. Далаға қарайықшы.

Қорыта келгенде, ойын – балалардың негізгі іс-әрекеттерінің бір түрі. Бала өмірі ойынға байланысты. Бала ойынсыз өсіп-өркендей алмайды. Бұл – өмірдің заңдылығы. Сондықтан да қазақ тілі сабағында ойын элементтерін пайдаланудың оқушылардың ой белсенділігін арттырудағы маңызы зор.

Катифова Жанат Қанатқызы

№ 177 жалпы білім беретін мектептің

                                    қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,

Алматы қаласы, Жетісу ауданы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.