Home » Мақалалар » Мен — Анамын

Мен — Анамын

«Жаныңда жүр жақсы адам» айдарының бүгінгі кейіпкері Алматы қаласы, Алатау аудандық   №177 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Нуршаева Эльмира Рустемовна ханым болмақ. Аталмыш кейіпкеріміз өзінің күллі саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған екен. Сондықтан болар, арман қала Алматыға аяқ басқалы балабақша өмірінен тыс қалмапты. Ендеше, өзін өмірде «ең әуелі – анамын» дейтін абзал тәрбиешімен болған кішігірім сұхбатымызды оқи отырыңыздар.

  • Эльмира апай, өзіңіздің өмірбаяныңызды айта отырсаңыз…
  • Мен 1966 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданына қарасты Алға совхозында дүние есігін аштым. Сол жерде 8 жылдық мектепті тәмәмдап, 1981-83 жылдары «Бірінші Алға» елді-мекенінің «Амангелді» орта метебінде 9-10 сыныптарды аяқтадым. 1983 жылы Алматыдағы   Қыздар педагогикалық институтының мектепке дейінгі тәрбие бөлімініе оқуға түсіп, ол оқу орынын 1987 жылы «педагогика және психология пәнінің мұғалімі» және «мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің әдіскері» деген классификациялардың иегері ретінде аяқтап шықтым. Дәл сол жылы өзімнің өмірлк жарымды жолықтырып тұрмыс құрдым. Оқу бітіргеннен кейін туған облысымызға қайтадан жолымыз түсіп 1993 жылға дейін жергілікті «Балдәурен» балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істедім. 1993 – 96 жылдары дәл сол мекемеде меңгеруші қызметін атқардым. 1996 жылы, дағдарыс уақытында, «Балдәурен» балабақшасы жабылып, маған өз саламды ауыстыра тұруға тура келді. Дегенмен, қатты алыстап та кеткен жоқпын. 2001 жылға дейін қазіргі Сарыкемер кентінің Ю.Гагарин атындағы мектебінде тарих пәнінің мұғалімі ретінде жұмыс істедім. Кейіннен, жолдасыммен бірге Ақмола облысы, Көкшетау қаласына көшіп бардық. Сол қаладағы №2 орта мектепте психолог мамандығы бойынша 3 жыл жемісті жұмыс жасадым. 2005 жылы отбасылық шешіммен Алматы қаласына көшіп келдік. Дәл сол жылы, №90 балабақшаға тәрбиеші болып кірдім. 2010 жылы Алатау ауданындағы №165 балабақшаға әдіскер ретінде жұмысқа тұрдым. Екі жылдан кейін, яғни, 2012 жылдың 29 қазанында №177 балабақша өз жұмысын бастады. Содан бері осы балабақшаның меңгерушісі болып келе жатырмын…
  • Балабақшаны 5 жылдан бері басқарып келе жатыр екенсіз. Тәрбиешілер құрамын толығымен өзіңіз жасақтап шыққан шығарсыз… Жұмысқа мамандарды қалай таңдадыңыз?
  • Біздің мекемеде жалпы саны 70 қызметкеріміз бар. Оның 33 жоғары білімді тәрбиешілер. Бірқатары арнайы орта білімге ие. Біршамасы техқызметкерлер. Жалпы, өзім меңгеріп отырған балабақшаның тәрбиешілеріне көңілім толады. Себебі, барлығы педагогикалық ілімнен хабардар және бастысы, балалармен тіл табыса біледі. Әрі, барлығы өзімнің қатаң қадағалауымнан өткен. Балабақша ашылар сәтте мен қол астыма еңбек өтілі жоғары, тәжірибелі тәрбиешілер келмейтінін білдім. Өйткені, өзің көргендей, балабақшамыз орталықтан қашықтау орналасқан. Сол себепті, жақын аймақтардан жас мамандарды жұмысқа тартқанды жөн деп таптым. Қазіргі қызметкерлер құрамының көпшілігі жас мамандар. Олардың барлығы менің мектебімнен өткен деп айта аламын. Дегенмен, тәрбиешілердің біліктілігін арттыруды біз мұнымен тоқтатып қойған жоқпыз. Олар жыл сайын әр түрлі курстарды тәмәмдайды, «Өрлеу» бағдарламасы бойынша біліктіліктерін арттырады, әсіресе,өзім білім алған ҚызПУ-нің алар орны ерекше. Біз осы университетпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Ол жерде тәрбиешілеріміз Монтесорри әдістемесімен және басқа да біліктілікті арттыру курстарымен танысып қайтып жатады.Университеттің «Мектепке дейінгі тәрбие» факультетінің деканы Сайран Нағашбайқызының , кафедра меңгерушісі Байназарова Тұрсынай ханымының біздің жаңадан құрылған балабақша қызметкерлерінің құрамын жасақтауға үлкен септігі тиді. Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің де тәрбиешілердің біліктілігін арттыру жұмыстарына белсене араласуы бізге үлкен сеп болды.
  • Енді өзіңізге ойыссақ, Эльмира апай. Бұл саланы не үшін таңдадыңыз?
  • Мен үйде жалғыз бала болып өстім. Содан шығар, көпшілікке деген ұмтылысым өте күшті. Әрі, балаларға деген махаббатым ерекше. Бала кездегі жалғыздығымнан өш алған болуым керек ,өзім де екі ұл, екі қыздың анасы атандым ( күлді). Оның үстіне, анамның ақылы да әсер етті. Біздің буындағылар ата-анасының сөзіне ерекше құлақ асатын еді ғой… Және бір себебі,мектеп кезінде маған екі мамандық қатты ұнады: бірі – дәрігер, екіншісі – педагок. Екеуі де көпшілікке, балаларға жақын. Мен екіншісін таңдадым. Аллаға шүкір, өз таңдауымнан жаңылыстым деп ойламаймын.
  • Мамандығыңыздың ерекшелігі неде?
  • Әрине, өте ерекше. Біз баланы – болашақты тәрбиелейміз. Ата-аналар өз балалары екі жасқа жеткеннен кейін біздің қолымызға табыстайды. Біреудің сеніп тапсырған қазынасын, біз соның ойындағыдай етіп тәрбиелеп шығаруға, бар жақсыны бойына сіңіруге тырысамыз. Әнші баланы – әнші, биші баланы- биші етіп қалыптастыру біздің саладағы мамандардың мойынына жүктелген зор міндет. Балалардың таланты әрқилы болады. Солардың көзін ашып, бағыт-бағдар беретін біз, тәрбиешілерміз. Содан кейін, мектепке бала қабілет-қарымы ашылған, зейінді болып барады. Балабақша баланы қалыптастыратын алғашқы баспалдақ. Соған қарамастан, кейде елеусіз тасада қалып қалып жатамыз. Ренжуге де болмас, әрине… Дегенмен, біз болашақты қалыптастыратын мамандармыз.
  • Тамаша. Енді, келесі сұрағым. Сіздіңше жетістік деген не?
  • Өмірде әрбір адамның мақсаты болады. Соған орай жетістігі анықталады. Меніңше, әйел адамның жетістігі сол, егер, дүниеге бала әкелсе,баламыз табысқа жетіп жатса, әр қайсысы өмірдегі орнын тапса, міне, жетістік сол. Қазақ «қызын-қияға, ұлын-ұяға» қондырған деп бекер айтпайды ғой… Жалпы, біздің халықтың менталитеті сондай . Өз балаларың табысқа жетсе, бақытты болса өзің де бақытқа кенелгендей боласың. Бір сөзбен айтқанда: баланың жетістігі – менің жетістігім. Екінші бір жағы, менің жұмыстағы, өмірлік кәсібімдегі жетістігім. Өзімнің білім алған, оқыған мамандығым бойынша иненің жасуындай болса да қызмет етсем мен үшін жетістік сол еді. Міне, мен енді сол жетістігіме жеттім деп ойлаймын. Күнде ояна салып өз жұмысыма асығамын. Жұмысым маған ерекше ләззат сыйлайды. Тіпті, демалыс күндерінде де мен жұмысыма асығып отырамын. Қазір, өзімнің 26 жыл бойы өмірден жинаған тәжірибемді қол астымдағы тәрбиешілеріме үйретіп қалуға да қарманып жатырмын.Егер, сен де осылай өмірден, жұмысыңнан рахат ала білсең жетістікке жеткенің.
  • Арманыңыз бар ма, апай?
  • Неге болмасын? Бар, әрине. Менің қазіргі арманым осы атырабы кең қазақ даласының бар бұрышын аралап шығу. Өз басым саяхаттауды ұнатамын. Қолым қалт етсе, жақын жерге болса да сейілдеп шыққанды жаным қалап тұрады. Біздің елімізде сыры беймәлім жерлер жетерлік қой. Сол маңдарды көзіммен бір шалып өтсем деген ақ адал арманым бар.
  • Өзіңіздің үлгі тұтар тұлғаңыз жайында айтсаңыз
  • Қазақ үшін Абайдан асар кемеңгер жоқ. Мен үшін де солай. Ол кісінің әр сөзі, әр өлеңі бір дастан. Кейде, руханиятымның жұтағанын сезе бастасам дереу Абайды қолыма алам. Одан кейін Мұқағали, әрине. Өзім осы балабақшаның басшылығына келген сәттен бастап ақиық ақынның адал жырларымен балаларды сусындатуға тырысып-ақ жүрмін. Жыл сайын ақынға арналған шаралар болып тұрады. Бүлдіршіндердің жыр сайысы да күн тәртібінде бар. Міне, менің өнеге алар өр тұлғаларым осы кісілер…
  • Эльмира ханым, өзіңізді өмірде кім ретінде көресіз.
  • Ана ретінде. Бірінші – балаларымның анасымын, екінші – өз балабақшамның анасымын, үшінші – өзімнің қол астымдағы тәрбиешілермінің де анасы шығармын деп ойлаймын (күлді).
  • Сұхбатыңызға рахмет, Эльмира Рүстемқызы.
  • Саған да рахмет, Дінмұхамед.Дінмұхамед МҰХАМЕТЖАН

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.