Home » Балабақша » Мемлекеттік тілді үйретуде Блум әдістемесін қолдану

Мемлекеттік тілді үйретуде Блум әдістемесін қолдану

 «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» және «Тіліміздің мемлекеттік қызметте де, ғылымда да, білім беруде де орыс тіліндей болып қолданылуы үшін қолдан келетіннің бәрін істеу керек» — деген елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың тұжырымдамасы бар.

Еліміздегі білім беру жүйесінің ең басты міндеті – білім берудің ұлттық моделіне өту арқылы жас ұрпақтың білім деңгейін халықаралық дәрежеге жеткізу болып келеді. Білім беру жүйесінің барлық сатыларының алдында тұрған көкейкесті мәселелердің бірі: білім сапасын арттыру, оның әдістемесін жетілдіру, жас ұрпақтың тұлғалық дамуына қолайлы жағдайлар жасау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру.

Қазақстан Республикасының тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 — 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыра отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты бойынша мектепке дейінгі тәрбие және оқыту үрдісінде бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретудің білім деңгейі нақты бағдарламамен берілген.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру»- атты елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына арнаған жолдауында: «Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек. Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда». Осында атап өткендей балалардың ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттері, жаңа дағдылары, креативтілігі, сыни ойлауы, коммуникативті дамуы және командада жұмыс істей білуі әрқайсысының бойынан табылуына қажетті қасиеттері мен құндылықтары, заманауи талаптарға ілесе алуы.

Заман талабына сай әр педагог өз оқу қызметін жаңаша ұйымдастырып, шығармашылық ізденіспен өткізеді. Қазақ тілі пәнінің негізгі мақсаты – балаларды қазақша сөйлете білуге үйрету болғандықтан, мұндағы негізгі жұмыс – балдырғандардың сөздік қорларын молайту, жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, балаларға қазақша сөздерді дұрыс айта білуге, қойылған сұрақтарға жауап беруге, естіген сөздерін бұзбай жеткізе білуге, әсіресе құрамында қазақ тіліне тән дыбыстары бар сөздер мен сөз тіркестерін дұрыс айтуға, сөйлемді дұрыс құрауға, ауызекі тілде сөйлей білуге үйрету көзделеді.

Жеке шығармашылық тәжірибемде қолданып жүрген әдістің бірі – Блум таксономиясы әдісі, ол оқу қызметінде балалардың жетістіктерін бағалауда тиімді. 1956 жылы Бенджамин Блумның төрағалық етуімен білім беру комитеті әзірлеген Блум таксономиясы сын тұрғысынан ойлауды қарастыруға болатын ойлау дағдыларының кеңінен қолданылатын иерархиялық моделі яғни міндеттердің сатысы болып табылады. Сын тұрғысынан ойлауды, әдетте, білім берудің орта және жоғары сыныптары мен жоғары оқу орындарымен байланыстырады. Алайда, сын тұрғысынан ойлаудың негіздерін кішкентай балалармен жұмыс барысында қажетті дағдыларды дамыту мақсатында білім берудің ерте кезеңінен дамытуға болатынын озық тәжірибелер де көрсетіп отыр. Бұл жолдағы ең оңтайлы тәсіл – балалардың жеке басының тәжірибесіндегі дәлелдерге мән беруге ынталандыру.

Бенджамин Блум – америкалық оқыту әдістемесінің психологы, Блум таксономиясының авторы. «Блум таксономиясы» атты кітабында: «адами мінездеменің өзгеруі мен бірқалыптылығы және білім беру мақсаттарын жүйелеу» — деп өз теориясын дамытқан.

«Таксономия» деп — белгілі бір критериялар мен ұстанымдар бойынша объектіні жүйелеу, топтастыру немесе жіктеуді айтады.

Блум таксономиясы адамның ақыл-ой қабілеттерінің құрылымы танымдық үдерісінің ең қарапайымнан бастап күрделіге біртіндеп өту барысында белсенді әрекетке жетелейтін мектепке дейінгі мекемеде алғашқы ІІІ (3) деңгейіне сәйкес тапсырмаларды құруды қажет етеді. Ұйымдастырылған оқу қызметінің жоспарын Блумның әдісіне салып балалардың не біліп, не үйренгенін және нені орындай алатынын сондай-ақ, қызығушылықтарын оятып, оқытудың жаңа тәсілдерін тиімді және орынды пайдалану ізденіс пен зерделеуді қажет етеді.

Оқу мақсаттарының негізгі категориялары: мектепке дейінгі ұйымның тәрбиеленушілеріне білімді игеруге бағытталған 6 қадамның алғашқы 3 қадамы; білу, түсіну, қолдану бөлімдері қолданылады.

І. Білу: Таным мен ойлау деңгейі – төмен деңгей. Бұл категория мәлiметтердi қайталау немесе тану арқылы есте қалай сақталғанын тексеруге бағытталады, мағлұмат пен деректердi еске түсiредi.

ІІ Түсіну: Таным мен ойлау деңгейі – орта деңгей. Тапсырманы түсінгендіктен келесідей әрекеттерді атқаруға болады:

Трансляция тапсырманы бір «тілден» екінші «тілге» аудару (мысалы, үйренген заттың атын айтып беру; схемамен көрсету, т.б.).

Интерпретация (түсіндірмелі) – үйренгенін «өз сөзімен» түсіндіру, қысқаша айту.

ІІІ Қолдану: Таным мен ойлау деңгейі – жоғары деңгей. Бұл категория тапсырманы нақты жағдайда және мүлдем жаңа ситуацияда қолдануды меңзейді. Мұнда әдістерді, ұғымдарды, практикалық тұрғыдан қолдану кіреді. Үш деңгей бойынша тапсырмалар:

І. «Білу» деңгейінің мақсаты: өтілген оқу материалын нақты түсіне білу, есте сақтау және қайталап айтып беру.

ІІ. «Түсіну» деңгейінің мақсаты: материалды бір формадан екінші формаға ауыстыру, өзгерту.

ІІІ. «Қолдану» деңгейінің мақсаты: өтілген материалды нақты жағдайда қолдана білу біліктілігін қалыптастыру.

«Білу»–жай сұрақ, «Түсіну»–бекіту сұрақтары, «Қолдану»–интерпретация (түсіндірмелі) сұрағы.

  1. Жай сұрақтар — есте сақтау қабілетін дамытатын сұрақтар
  2. Бекіту сұрақтары– «менің білетінім …», «Мен мынаны білдім…»
  3. Интерпретация сұрақтары (түсіндірмелі) – баланың үйренген сөзін дұрыс қолдануы (неге?)

Блум таксономиясы бойынша құрылған тапсырмалар берілгенде балалар өздерін шығармашылық жағынан көрсете алады, жалпы тілге деген қызығушылықтары мен белсенділіктері артатыны байқалады.

Қорыта айтқанда біздің негізгі тәжірибелік мақсатымыз – баланы ауызша сөйлеуге үйрету болса, бұл мүддеге жету жолы маманның, ата-ананың тілдік әдістемелік теориясын қолданып, оны үйретуде түрлі практикалық жолдарымен байланыстыра білуі және «тұрмыстық сөйлеу тілі» қолданысын қамтамасыз ету болып табылады.

Туткишева Гулшат Отарбековна,
№28 «Жұлдыз» балабақшасының қазақ тілі мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.