Home » Баяндамалар » МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУДЕГІ БАСТЫ БАСЫМДЫҚ – БАЛАЛАРДЫ ЕРТЕ ЖАСТАН ДАМЫТУ

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУДЕГІ БАСТЫ БАСЫМДЫҚ – БАЛАЛАРДЫ ЕРТЕ ЖАСТАН ДАМЫТУ

Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына жолдаған «Төртінші өнеркәсіптік ревалюция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауының жетінші бағытында білім берудің жаңа сапасына ерекше мән берілген. Барлық жастағы қазақстандықтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдетуге, білім беру бағдарламаларының үнемі өзгерістерге бейім болуына баса назар аударылған. Сондай-ақ, 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттары енгізілу қажеттігін атап өтті.

Қазақстанның қазіргі кезеңдегі білім беру саясаты, әлемдік білім беру кеңістігіне кірігуіне байланысты, ең алдымен мектепке дейінгі білім беру жүйесіне бала қабілетін ашатын алғашқы саты ретінде жоғары талаптар қояды және балалардың ерте дамуы мен оқу дағдысын дамытатын бағдарламаларды енгізуді көздейді. Бұдан еліміздің зияткерлік әлеуетінің болашағы балаларға мектепке дейінгі сатыда сапалы білім беру мен ерте жастағы балалардың қабілеттерін дамытудың қоғамдағы алар орнының маңыздылығын байқаймыз.

Әлемдік тәжірибе балаларды бес жастан бастап оқыту олардың интеллектуалдық және физикалық дамуы үшін кең мүмкіндіктер беретінін растады.

Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, мектепке дейінгі бес жастағы балаларға танымдық белсенділік тән, өйткені олар шексіз «неге» сұрақтарын қояды, өз тәртіптерін еркін реттей алады, оларға зейіннің еріксіздігі тән болса да, өздерін қызықтыратын нәрсеге ерекше на­зар аударады. Оларда еріксіз еске сақтау өнімдірек болса да, өздеріне тартымды маңызды деген нәрселерді тез ұғып алатынын және есте ұстайтынын айтады.

Қазіргі таңда мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында, соның ішінде мектепалды даярлыққа баса назар аударылып, «0+11» циклінде отандық және халықаралық озат тәжірибе негізінде тиімді жаңа тәсілдерді әзірлеп енгізу басты мақсат болып отыр.

Мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі педагогтардың назарын балалардың шығармашылық, интеллектуалдық дамуына, эмоционалды-еріктік және қозғалыс аясын дамытуға бағыттай отырып, білім беру мазмұны өзгеруде. Дәстүрлі әдістердің орнын баланың танымдық, өз бетінше дамуын жеделдетуге бағытталған тәрбие мен оқытудың белсенді әдістері басуда.

Модельдеу, мнемокесте, жобалық-зерттеу, интеллектуалдық-ойын тәсілдері негізінде құрылған оқыту әдістері балалардың айрықша қызығушылығын тудырады. Оқытудың белсенді әдістері балаларды математикаға, мәдениетке, тілдерге, логикаға жан-жақты дамытуға бағыттайды.

Мектепке дейінгі ұйымдардың білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды ендіру әрбір баланың интеллектуалдық сұраныстарын барынша тиімді шешуге мүмкіндік беретіні балалармен жүргізілген мына төмендегі жұмыстар негіз бола алады.

2017-2018 оқу жылында жаңартылған бағдарлама бойынша Қызылорда облысы, Жалағаш ауданындағы №31 мектеп базасында мектепалды даярлықта «Атамұра» баспасынан шыққан «Әліппе» оқулығын апробациядан өткізу бойынша эксперимент өткізілуде. Әліппені оқу барысында балалар әріптерді ғана меңгеріп қоймай, айтылым, оқылым, тыңдалым дағдылары жетілдіріліп, қалыптастырылуда.

Сондай-ақ, Математиканы оқытуда ауызша санау, тура және кері санауга үйрету, санның натурал қатары туралы түсініктерін қалыптастыру, көп, артық, аз, кем, ұғымдары, арифметикалық есептерді кұрастыру және шығару, цифрлармен таныстыру, көп, аз, тең ұғымдарының шартты белгілерін үйрету жұмыстары да оң нәтиже беруде.

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталық мамандары сынақ жүргізіліп жатқан мекеме педагогтарымен бірлесіп, берілген материалды 5 жастағы балалар қалай қабылдап, сіңіре алатынын зерттеп, мамандардың сынама нәтижесі бойынша мектепалды даярлық тобы мен бірінші сынып балаларының білімді меңгеру деңгейінің салыстырмалы көрсеткішінде бес жастағы балалардың білімді меңгеру деңгейі жоғары екендігі анықталып отыр. Бұдан шығатын қорытынды балалардың мектеп оқушысының әлеуметтік ролін қабылдауға, жаңа оқу іс-әрекетін, нақты білім жүйесін меңгеруге дайын бола бастағанын байқаймыз.

Себебі, бұл білім алудың жаңа жүйесіне, жаңа әлеуметтік қарым-қатынас жүйесіне дайындықтың шешуші кезеңі болып есептеліп, ол балаларға өмірдің жаңа кезеңіне тез және қиындықсыз бейімделуіне көмектеседі — деп күтілуде.

Елімізде осындай жұмыстар барысында «Әліппені» 2019 жылы нөлінші сыныпқа енгізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл уақыт ішінде оқулықты сынақтан өткізіп қана қоймай, балалар бақшасы мен мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттырып, жаңартылған «0+11» циклді 12 жылдық білім беру бағдарламасына сай құжаттары әзірленіп жатыр.

Бұл аталған шараларды сапалы жүргізуге қатысатын педагог мамандарды даярлайтын оқу орындарына да үлкен міндеттер мен талаптар жүктеледі. Болашақ маман психология, педагогика ғылымдарының негіздерін меңгерген, еліміздің саяси мақсаттарын айқын түсінетін, практикалық даярлығы мол, кәсіби құзырлы маман болып қалыптасуы қажет.

Жолдауда Елбасының қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеру мәселесін қайта қозғауы қазақстандықтардың болашағы екендігі айқын. Өскелең ұрпақтың жаһандық әлемде өмір сүруі және жұмыс жасауы үшін үш тілді білуі өзектілігін жоғалтпауы қажет деп ойлаймыз. Осы мақсатта М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғарғы колледжінде 2016-2017 оқу жылынан бастап бірнеше   мамандықтар уақыт талабына қарай бейімделуде. Соның бірі 0101033- «Мектепке дейінгі ұйымдардың ағылшынша білімі бар тәрбиешісі» біліктілігі бойынша және дуалды оқыту жүйесі бойынша мамандардың дайындалуы.

Болашақ тәрбиешілердің кәсіби даярлық деңгейі балалардың жас ерекшеліктерін, олармен жүргізілетін білім-тәрбие жұмысының мазмұны мен әдістемесін жақсы білу үшін қажетті анатомиялық-физиологиялық, психологиялық, педагогикалық пәндерді оқып үйрену процесінде жүзеге асырылады.

Арнайы пәндердің оқу бағдарламаларын саралай келіп оқытуды ұйымдастыру барысында 0101000-«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша өндіріс стандарты мазмұны мен мамандықтың білім беру бағдарламаларындағы кәсіби маман даярлау мазмұнындағы алшақтықтар зерттеліп, еңбек нарығындағы сұранысқа сай жұмыс берушілердің талап тілектері ескеріліп толықтырулар енгізіліп отырады.

Оқу орны мен мектепке дейінгі мекеме мамандары арасындағы кешенді байланыс нәтижелері колледж студенттерінің нақты жұмыс дағдыларына төселіп, ұжымда жұмыс жасау білігіне ие болуға, әлеуметтік құзыреттілігінің қалыптасуына, таңдаған мамандығының қыр-сырын тікелей жұмыс орнында танып, психологиялық және кәсіби бейімделуден өтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бітіруші түлектермен «Өрлеу» ұлттық біліктілікті көтеру орталығы мамандарымен бірігіп «Әліппе», «Математика» оқыту әдістемесі бойынша сабақ беруді үйретін оқу семинар-курстарын ұйымдастыру жұмыстары жоспарлануда.

Қорыта айтқанда, мектепке дейінгі білім беру жүйесінен бастап жоғарғы білім беру жүйесіне дейінгі бағдарламалардың мақсаты – өзгерістерге бейім болу және жаңа білімді меңгере білу қабілеттерін дамыту болып отыр. Демек, Жолдауда көзделіп отырған жаңа білім беру жүйесін инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың бір саласы деп қарастыруға болады. Бұл жүйе жұмысының негізгі мақсатын Елбасы келесідей сөздермен жеткізді: «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс.

Бір сөзбен айтқанда, біздің күшіміз-бірлікте! Елбасы Жолдауына қолдау көрсетіп, басты міндеттердің орындалуына барынша үлес қосуымыз керек.

С.А. Назарова,
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің
мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің меңгерушісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.