(Қуыршақ театры)
Қатысатын кейіпкерлер: Мақта қыз. Мысық, сиыр, тауық, сатушы, тышқан, ағаш, апа
Күй ойналып, Апа шығады. Ортаға тұрып, балаларға қарайды.
-Амансыңдар ма, қарақтарым? Сәлеметсіңдер ме, балаларым! (балалардың жауабы) Мен сендер сияқты балаларға ертегі айтып беретін Жамал апаларың боламын. Ертегіні ұнатасыңдар ма? Қандай ертегілер білесіңдер?
Ал енді мені мұқият тыңдаңдар! Қандай ертегі туралы айтқанымды тауып айтып беріңдер.
-Атасынан да, апасынан да, аю, қояннан да қашып түлкіге алданатын қандай ертегі кейіпкері? («Бауырсақ» ертегісі!)
-Атамыз бақшаға егіп, күзде үлкен болып өсетін, бұл қандай көкөніс туралы ертегі? Жарайсыңдар, қарақтарым! («Шалқан»)
-«Жыл басы мен боламын, мен боламын!» деп таласатын жануарлар туралы ертегіні білесіңдер ме? («Жыл басына таласқан хайуанаттар»)
-Бәрекелде, қарақтарым! Көп ертегі біледі екенсіңдер. Балаларым, бүгін сендерге қонаққа ертегілер әлемінен қуыршақтар келді. Ертегі тамашалауға дайынсыңдар ма? (Иә!)
Олай болса, «Мақта қыз бен мысық» ертегісін бірге тамашалайық! (күй ойналып, апа кетеді)
Көңілді әуен ойналып, сыпырғыш ұстаған Мақтақыз шығады.
Мақта қыз: Мен Мақтақызбын,
Әжемнің мақтанышымын.
Гүлге де су құямын,
Еденді сыпырып қоямын.
Әуен.Үй сыпырып жүргендей болады. Кенет мейіз тауып алады.Мейізді жоғары көтеріп, таң қалып қараған болады)
Мақта қыз: Ой, мына мейіз қайдан түсіп қалған? Иісі қандай керемет! Жеп қойсам ба екен? Жоқ, мұны жемеймін. Одан да мысық досыма берейін.
Мысығым, мысығым, қайдасың?
Мысық: (шет жақта тұрып) Мяу..мяу..
Мақта қыз: Мысығым, досым, бері келші!
Мысық: Мяу, мяу! Не болды?
Мақта қыз: Ой, жалқау, маубас мысығым-ай! Келе ғой, енді!
Мысық: Мяу,мяу! Ұйқым келіп тұр!
Мақта қыз: Жарайды, келмесең өзің біл! (ренжіп) Өзім-ақ жей саламын!
Жай әуен ойналып, мысық асықпай «жүріп» ортаға келеді. Мақта қыз ренжіген болып, шет жаққа шығып, теріс бұрылады.
Мысық: (асықпай, созып) Тікірейіп құлағым,
Елден бұрын тұрамын.
Бойымды жазып, керіліп,
Бетімді, қолымды жуамын! Мяу,мяу!
Мақта қыз, мені неге шақырдың?
Мақта қыз: Айтпаймын! Шақырғанда келмедің!
Мысық: Мақта қыз, айтшы!
Мақта қыз: Жоқ, айтпаймын!
Мысық: Айтпасаң, қатығыңды төгіп тастаймын! (шетте тұрған табақты төңкере салады)
Мақта қыз: Ой, ой! Не істедің? Қатықты төгіп тастадың ғой!Әжемнен ұят болды! Қап бәлем сеніме, мысык!
Көңілді, тез әуен ойналып, мысықты қуалай жөнеледі.
Мысық: (қашып бара жатып) Құтқарыңдар! Көмектесіңдер!
Мақта қыз: Құйрығыңды жұлып алайын!(Мысықтың құйрығын жұлып алады)
Мысық: Ой,ой,ой! Құйрығым қайда? Құйрығым жоқ, енді не істедім?(мұңайып)Мақта қыз, құйрығымды қайтарып берші!
Мақта қыз: Жоқ, құйрығыңды қайтарып бермеймін! Маған қатық әкеліп берсең ғана құйрығыңды аласың! (Мақта қыз кетіп қалады)
Мысық: Енді не істедім? (ойланып)Құйрығым да жоқ, қатық та жоқ! Мақта қызды да ренжітіп алдым. Қатықты қайдан алсам болады? Таптым, таптым! Ол үшін сиырды тауып алайын! (қуанып)
Көңілді әуенмен жүреді. Алдынан сиыр(Гулфайруз) шығады.
Сиыр: Мөө! Мөөө!-деп мөңіреймін,
Молшылық төңірегім.
Сүтіммен, етіммен
Асыраймын елді мен!
Мысық: Амансың ба, Сиыр!
Сиыр: Халың қалай, мысық! Жол болсын?
Мысық: Мяу, мяу!Менің халім өте нашар! Құйрықсыз қалдым.
Мақта қыздың қатығын төгіп тастап едім, құйрығымды жұлып алды. Енді қатық апарсам ғана құйрығымды береді. Көмектесші маған, өтінемін!
Сиыр: Мөө-мөө! Қатықты төккенің дұрыс болмаған!Мен көп сүт беру үшін алысқа жайылымға барамын. Жасыл құрақ, шөп жеймін. Сонда ғана мол сүт бере аламын.
Мысық: Маған қатығыңды берші! Мяу, мяу!
Сиыр: Олай болса, маған жасыл шөп, жапырақтар алып кел!Сосын мен саған сүтімді беремін.
Мысық: Жарайды! Мен саған жасыл құрақ-жапырақтар тауып алып келейін. (сиыр кетіп қалады)
Көңілсіз, мұңды әуен. Мысық ортаға келеді
Мысық: Мяу, мяу! Енді не істеймін? Жапырақты қайдан табамын?(қолын көлегейлеп жапырақ жаққа қарайды) Алақай! Мен жапырағы жайқалған ағашты көріп тұрмын! (қуанып)
Көңілді әуенмен шетте тұрған ағаштың жанына келеді.
Мысық: Сәлеметсің бе, ағаш!
Ағаш: Сәлеметсің бе, мысық!
Мысық: Жапырақтарың қандай әдемі! Жап-жасыл!
Ағаш: Әрине, менің жапырақтарым өте әдемі!(мақтанып)
Жапырақтарым жайқалып,
Жап-жасыл болып тұрамын,
Әдемі бақтар, көшелер,
Алаңдар менің тұрағым.
-Мысықай, өзің қайдан асығып келе жатырсың?
Мысық: Мяу, мяу! Жайқалған әдемі ағаш, сенің көмегің өте қажет.
Ағаш: Иә, айта бер, құлағым сенде!Көлеңкеме саялауға рұқсат етемін.
Мысық: Маған жасыл жапырағыңнан берші, өтінемін! (жалынып)
Ағаш: Ха-ха-ха! Жапырақ? Оны не істейсің, ақымақ мысықай? Жейсің бе?
Мысық: Мяу, мяу! Жоқ-жоқ, мен жапырақ жемеймін. Мақта қыздың қатығын төгіп тастап едім, құйрығымды жұлып алды. Қатық апарсам ғана құйрығымды береді.Сиырға сүт сұрап барып едім, ол жасыл құрақ-жапырақ алып кел, сонда ғана беремін деді. Көмектесші маған, өтінемін!
Ағаш: Түсінікті, түсінікті! Жарайды, жапырағымды беремін.Бірақ маған су әкеліп бер, шөлімді бір қандырайын. (маңғазданып)
Мысық: Жарайды! Мен су тауып әкелейін.
Көңілсіз, мұңды әуен. Мысық ортаға келеді
Мысық: Енді суды қайдан аламын? Мяу, мяу!Құйрықсыз қалатын болдым! Қап, қатықты бекер төккен екенмін!
Көңілді әуенмен шелекпен қыз шығады.
Мысық: Мяу, мяу! Әдемі қыз, сәлеметсің бе?
Қыз: Сәлем, сүйкімді мысықай! Мұнда не істеп жүрсің? Адасып кеттің бе?
Мысық: Жоқ, адаспадым. Мен 2 шелек су іздеп жүрмін.
Қыз: 2 шелек су? Оны не істейсің? (таңқалып)
Мысық: Мяу, мяу! Мақта қыздың қатығын төгіп тастап едім, құйрығымды жұлып алды. Қатық апарсам ғана құйрығымды береді.Сиырға сүт сұрап барып едім, ол жасыл құрақ-жапырақ алып кел, сонда ғана беремін деді. Ал ағаш су әкелсем ғана жапырақ беретін болды. Көмектесші маған, өтінемін!
Қыз: Мақта қызды ренжіткенің дұрыс болмады. Сен маған сағыз әкеліп берсең 2 шелек су беремін.
Мысық: Жарайды, мен сағыз әкеліп беремін саған.
Қыз: Сау бол мысықай! (Әуен ойналып, қыз кетіп қалады)
Мысық: Енді сағызды қайдан алсам болады? Не істесем екен? Алақай, алақай, таптым! Дүкеннен аламын сағызды!
Көңілді әуенмен жүріп, сатушыға келеді. Бұл кезде сатушы ширманың бір шетінде тұру керек)
Сатушы: Алыңыздар, алыңыздар!
Кәмпит, тоқаш бәрі бар!
Чупа-чупс, киндер, сникерс
Сағыз, ойыншықтар бәрі бар!
Мысық: Сәлеметсіз бе, сатушы!
Сатушы: Қош келдің, менің дүкеніме! Мысық, неге көңілсізсің?
Мысық: Мяу, мяу! Ол өте ұзақ әңгіме.
Сатушы: Құлағым сенде, мысықай. Айта ғой!
Мысық: Мақта қыздың қатығын төгіп тастап едім, құйрығымды жұлып алды. Қатық апарсам ғана құйрығымды береді.Сиырға сүт сұрап барып едім, ол жасыл құрақ-жапырақ алып кел, сонда ғана беремін деді. Ал ағаш су әкелсем ғана жапырақ беретін болды. Су әкеле жатқан қыздан су сұрасам, ол сағыз әкеліп беруімді өтінді. Көмектесіңізші маған, өтінемін!
Сатушы: Жарайды. Бірақ менің де өтінішімді орындасаң ғана сағыз беремін. Мысық: Өтінішіңді орындаймын!
Сатушы: Онда маған жұмыртқа әкеліп бер!
Мысық: Мяу, мяу! Жарайды, мен сізге жұмыртқа әкеліп беремін!
Көңілді әуенмен жүріп, тауықпен кездеседі. Тауықтың дауысы естіледі.
Тауық: Қо-қо-қо-қоқ!
Тары, бидай жоқ!
Жұмыртқамды жегесін
Барлық бала тоқ!
Мысық: Амансың ба, тауық! Сізге менің өтінішім бар.
Тауық: Қо-қо-қоқ! Ол қандай өтініш?
Мысық: Маған 1 жұмыртқаңды берші.
Тауық:Қо-ко-қоқ! Ол үшін сен маған тары әкеліп бер, сонда ғана мен саған жұмыртқамды беремін. (тауық кетеді)
Мысық: Мяу, мяу!Енді не істеймін? Жапырақты қайдан табамын?
Әуен. Мысық ортаға келеді.
Мысық: Мяу, мяу! Тарыны қайдан аламын? Ол үшін егістікке барамын ба?
(қолын көлегейлеп жапырақ жаққа қарайды)
Шиқылдап, ортаға тары сабағын ұстаған тышқан шығады.
Мысық: (қуанып) Іздегенім табылды! Қолға түстің бе, тышқаным? (жай әуен ойналады, мысық ақырын басып тышқанға тап беріп, ұстап алады)
Тышқан: (жалынып)Пи-пи-пи-пи! Жіберші мені мысық!
Мысық: Әй, тышқан, бер қолыңдағы тарыны! (қаһарланып)
Тышқан: Жарайды, мысеке! Айтқаныңыз болсын! Ала қойыңыз!(қаша жөнеледі
Мысық: (масаттанып) Міне, енді дұрыс болды!
Көңілді әуен ойналып, тауық шығады ортаға.Тауық дауысы.
Мысық: Тауық міне, сенің айтқан өтінішіңді орындадым. Тарыны алып келдім. (тарыны береді)
Тауық: Рахмет, мысық! Тарыға бір тоятын болдым! Ала ғой жұмыртқамды!
Тауық ширма шетіне кетеді. Әуен ойналып, сатушы шығады
Мысық: Сатушы, міне, сіздің өтінішіңіз бойынша жұмыртқа алып келдім.
Сатушы: Жарайсың, мысықай! Рахмет! Міне, сағыз, ала ғой.
Әуен. Шелегімен қыз шығады
Мысық: Әдемі қыз, саған сағыз әкелдім. Мяу! Мә, ала ғой! (сағызды береді)
Қыз: Ой, көп-көп рахмет! Ал мен саған 2 шелек су беремін.
Қыз ширма шетіне кетеді.
Әуен. Ширманың екінші шетінде тұрған ағашқа келеді.
Мысық: Міне, сенің өтінішің бойынша су алып келдім.Мяу!
Ағаш: Көп- көп рахмет! Шөлім бір қанып қалатын болды. Ал саған жасыл жапырағымды берейін. (жапырағын береді)
Сиырдың дауысы, сиыр ортаға келеді
Мысық: Сиыр, міне саған жапырақ алдып келдім. Енді сен маған сүтіңді бер.
Сиыр: Әрине, беремін сүтімді. Жапырақ әкелгенің үшін көп рахмет! Енді мақта қызды ренжітпе!
Мысық: Жарайды. Көп рахмет! (сүтті алады)
Мысық жан-жағына қарайды.
Мысық:Мяу, мяу! Мақта қыз, мақты қыз! Қайдасың?
Көңілді әуен ойналып, Мақта қыз шығады.
Мақта қыз: Мен мұндамын! Келдің бе, мысықай?
Мысық: Мяу, мяу! Мақта қыз, мен қатық алып келдім! Мені кешірші Мақта қыз! Мен енді қателік жасамаймын!
Мақта қыз: Жарайды, мысықайым! (басынан сипап) Достар кешірімшіл болу керек.Әрине, кешіремін.
Мысық: Рахмет, Мақта қыз!
Мақта қыз: Сен де мені кешір, досым! Мә, құйрығыңды ала ғой!
Мысық: Мақта қыз, мен де көп жаңа достар таптым. Міне, өздері де осында. Достар, қайдасыңдар!?
Көңілді әуен ойналып, ортаға барлық кейіпкерлер шығып, қатарға тұрады. Ырғаққа сай бірге қозғалып, қосылып ән айтады.
Ән «Достық»
Салтанатты бұл өмірде,
Ортақ болсын достық әні.
Қуанышты, бақытты күн
Біз шырқайық достық әнін!
Соңында иіледі. Бірінің соңынан бірі қол бұлғап, қуыршақтар шығып кетеді
Күй ойналып, ортаға АПА шығады.
Апа: Балақандарым, ертегі сендерге ұнады ма? (Иә!)
-Мысықтың қатықты төккені дұрыс па?
-Мақта қыз дұрыс жасады ма?
-Достарын ренжітуге бол ма екен?
-Сендер өз достарыңды ренжітесіңдер ме?
«Досыңа серік бол, достығыңа берік бол!» деген халқымызда дана сөз бар. Әрқашан тату-дос болыңдар! Ал енді мен сендермен қоштасайын! Сау болыңдар, қарақтарым!
Сарыбаева Тамара Тынышбайқызы
МКҚК «№169 бөбекжай-балабақшасы»
Жоғары деңгейдегі жоғары санатты музыка жетекшісі
Алматы қаласы Жетісу ауданы