Home » Балабақша »  Тұлғаның сөйлеу мәдениетін дұрыс қалыптастыру

 Тұлғаның сөйлеу мәдениетін дұрыс қалыптастыру

 

«Өз тіліңді біліп, өзге тілде сөйлеу – қасиет,

өз тіліңді білмей, өзге тілде сөйлеу – қасірет»,

— деген бабалар даналығы

 

Бүгінгі заман жастарының тілдік қоры, ана тілінде дұрыс сөйлеу мәдениеті, парасат пайымы, ойдың және сөйлеудің дамуы, сөйлеу мәдениетіндегі шешендік өнері, сөз мәдениетінің орны, пікірлесудегі мәдениет тірегі қандай деңгейде?…

Қазіргі таңда ең басты мәселелердің бірегейі – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру, барлық қаракөз бауырларымыздың өз ана тілінде дұрыс сөйлеуіне қол жеткізу. Тек тіл үйренуде ұмыт болып бара жатқан шаруа бұл — балабақша, үй, мектеп, жоғары оқу орындарында ұл-қыздарымызды тілдік қоры бай қазақ тілінде дұрыс сөйлеу мәдениетіне үйрету. Кейде көшеде, қоғамдық орындарда да бірқатар жастарымыздың бір-бірімен қарым-қатынас жасағанында, әңгімелескенінде қалай болса солай сөйлейтіні, қазақ тілінің қадір-қасиетін түсінбейтіні байқалады.

Өмір, тіршілік адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауын қажет етеді. Олардың түсінісудегі негізгі құралы – тіл. Әр адам дұрыс сөйлей білуі, сөйлесу мәдениетін меңгеріп, оны өз бойында қалыптастыра білуі тиіс. Қарым-қатынас адамдардың отбасымен, өскен, араласқан ортасымен, елімен, жерімен, дәстүрі, мәдениет қазынасымен етене әрі жанды байланысы. Қарым-қатынаста адамдардың жан дүниесі, өмір тіршілігіндегі бейнесі көрінеді. Әдеп – сөйлесудегі, пікірлесудегі мәдениет тірегі. Мәдениет – адамдардың рухани және материалдық, білімдарлық пен сезімталдық қасиеттер аңғарылатын белгілерінің жиынтығы. Мәдениеттің туы – тіл, ол адамзаттың мұратымен астасып, сол ұлтпен бірге пайда болып, дамып отырады. Өз тарихын, ұлттық дәстүрін, туған жерін, тілін қадірлей білген адам ғана мәдениетті болады.

Сөз мәдениеті – сөзді орынды қолданып, қиюластырып, үндестіріп айта білу, емле мен тыныс белгілері ережелерін дұрыс сақтау, тілдің ғасырлар бойы сақталып келген көркемдігі мен тарихын, әсемдігін сақтай білу. Олай болса, шешендік өнер, сөйлеу мәдениеті, ауызша, жазбаша дұрыс сөйлеу –әдептіліктің биік шыңы.

Сөйлеу әдебі.

Сөйлегенде мынадай нәрселер ескерілуі тиіс:

* Орфоэпия заңдылықтарын сақтап, сөзді орынды қолдану;

* Қолды сермеу, қатты күлу, мәнсіз майысу, аса қатты сөйлеу орынсыз

қылықтарға жатады;

* Өзің туралы айта беру, барлық сөзді өзіңнен бастау – әдепсіздік саналады;  * Білмейтін нәрсе туралы айтудың қажеті тіпті шамалы;

* Қатты сөйлеп тұрған адамға қатты жауап берудің қажеті жоқ, байыппен сөйлеп, дұрыс жауап берген абзал.

Тыңдай білу әдебі.

Тыңдай білудегі басты назарда ұсталатындар:

Кісімен сөйлескенде оның жүзіне сыпайылықпен назар сап, айтайын деген ойын сабырмен тыңдап, асықпай, сөзінің аяғын күткен дұрыс. Сөйлесіп тұрғанда мән бермеу, теріс айналу, сағатқа қарау, шыдамсыздану әдепсіздікке жатады. Өзгелердің сөзіне рұқсатсыз араласпаған жөн.  Қажет болғанда, “ғапу етіңіз, сөзіңізді бөлсем” деп айтқан орынды. Келіспейтін жағдайда шыдамдылықпен тыңдап, пікіріңді орнықты, дәлелмен сабырлы жеткізе білу керек.

Тыңдау екі түрлі болады:

  1. Үндемей, сөйлеушінің сөзін бөлмей тыңдау;
  2. Сөзге араласып, өзара ой алмасып отырып тыңдау;
  3. Сөйлеуші адамның мінез-құлқы, жасы, жынысы, әлеуметтік жағдайы ескерілуі тиіс.

Мәдениет мәйегі. Адамның жан дүниесін тануға деген құлшыныс, ой-сезіміне деген құлықтылық, жүрек түкпіріндегі мұң-сырына ортақтасуға деген бейімділік, қарттықты құрметтейтін, жастықты үкілейтін, қайрымдылықты қастерлейтін игі дәстүр. Балаға мейірім, атаға қамқорлық, ағаға ізет, ініге ілтипатты кие тұту – рухани өміршеңдік, әдептіліктің, мәдениеттің басты көрінісі. Жан баласын жатсынбайтын, өзгелерге түсіністікпен қарайтын, болмысынан турашыл, адал, жомарт, батыр, қайсар, өжет, өр қасиеті – қазақ мәдениетінің мәйегі. Тіл табыса білу – өнер.

Заман талабына сай өскелең ұрпақ қазақ тілін дамыта отырып, өзге тілдерді үйрену арқылы әлем тілдерінің ерекшелігімен және мәдениетімен танысып, инновацияның ағымына ілесуге үлкен мүмкіндік алады. Осы «Үш тұғырлы тіл» саясатын жүзеге асыру үшін үш тілді меңгертуді балабақшадан бастау керектігін мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеудің жаңа стандартында көрсетілген.

Елбасымыздың салып берген сара жолы қазақ тіліне үлкен басымдылық беріп отыр. Себебі Н.Ә. Назарбаев «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасын енгізе отырып, «Қазақ тілі үш тілдің бірі болып қалмайды, үш тілдің  біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді” – деп  басып айтты.

Тіл-қатынас құралы, тіл баланың өмірінде маңызды рөл атқарады. Ана тілі мен қоса өзге тілді де балалар балабақша табалдырығынан үйреніп, қызығушылықтары мен ұмтылыстары артып, мектепке барған кезде еш қиындықсыз ары қарай білімдерін жетілдіруге  мүмкіндік алады. Өскелең ұрпақтың үш тілді оқып үйренуге ұмтылыс жасауы – тілге  деген қызығушылығынан туындап отыр. Сондықтан бала бойындағы ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, тілге деген қызығушылығын арттыру, жаңа технологиялық әдістерді игеруге жаңа талпыныстар жасалуда.

Балабақшадағы жұмыс қазақ тілінде ұйымдастырылған, негізгі көңіл балалардың өзінің  ана тілінде сауатты сөйлеуіне, еліміздің салт-дәстүрін, тарихын, мәдениетін меңгертуге  басымдық берілген. Халқымыздың «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», «Өз тіліңді біліп, өзге тілде сөйлеу – қасиет, өз тіліңді білмей, өзге тілде сөйлеу – қасірет»,- деген бабалар даналығын, қазақ тілінің мәртебесін қашан да биік ұстанамыз.

Негізгі мақсатымыз қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің құндылықтарын меңгерген, мәдени-әлеуметтік өзара қатынасқа дайын, айналасымен ауызша және ауызша емес құралдармен жұмыс істеуге қабілетті, коммуникативтік-тілдік құзыреттілігі қалыптасқан, мектеп жасына дейінгі көптілді тұлғаны тәрбиелеу.

Осындай  заманауи талаптар  ағымы  балалар психологиясының өзгеруіне, бүлдіршіндердің үш тілді қатар меңгеру барысында тілдік қатынастың аса маңызды түрі – ауызша мәдениетті сөйлеу дағдысын қалыптастыру болып отыр.

Балалармен арнайы  ұйымдастырылған  оқу қызметі, тіл ұстарту жаттығулары, ойын-тапсырмалар, халық ауыз-әдебиетінің үлгілері, логикалық, тілдік жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі.

Тіл үйретудегі негізгі мақсат – балаларға  жалаң сөз жаттату емес үлкендерге, құрдастарына сәлем беруден бастап асқа бата жасау, алғыс яғни рахмет айтуға, рұқсат сұрауға, ғапу етіңіз, оқасы жоқ деген мағыналы сөздерді үйретіп, күнделікті өмірде қолдануға дағдыландыру. Әрбір үйренген сөздерді сауатты айтуға, сөйлем құрамында дұрыс, мәдениетті, қолдана білуге дағдыландыру.

Мектеп жасына дейінгі балаларға өзге тілді үйретудің басты шарттары топта жағымды психологиялық ахуал, мейірімді орта, қазақша, орысша және ағылшынша тілдесуге, әрбір іс-әрекеттеріне қуануға жағдайлар тудыру. Балабақшада балаларды Отансүйгіштік  рухта тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінеді.

Балаларды қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сөздерді анық айту, өзінің және жақын туыстарының аты-жөнін, өзінің тұратын мекен-жайын айта білуге, қарапайым сұрақтарға сауатты дұрыс жауап беруге  дағдыландырамыз. Тілді  үйренуде айнала  қоршаған ортадағы заттарды танып-біліп, атап, өлең, ертегі, әңгімелерді шығармашылықпен айтуға дағдыландыруға ерекше мән беріледі.

Мектепке дейінгі ұйымдардағы жұмыстардың басты бағыты оқу тәрбие процесін жүйелі жоспарлау, жаңа инновациялық технологияларды қолдана отырып, балаларды жан-жақты дамытудың тиімді жолдарын қарастыру.

Міне осындай жаңа заманауи жұмыс жүйесі біздің балабақшамызда да қалыптасқан. Мен өз қызметімді жауапкершілікпен жүйелі атқарып, балабақшадағы педагогтардың заман талабына сай білімдерін жетілдіріп,

шығармашылықпен жұмыс жасауына қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын.

Педагогтармен семинарларда, педагогикалық кеңестерде дөңгелек үстелдер ұйымдастырып пікір-талас, іскерлік ойындар, тренинг, тренинг-жаттығулар, сауалнама жүргізу арқылы көптеген шығармашылық табыстарға жетуге болады.

Тақырыптары: «Ассациоция», «Лайықты жауап», «Мақсат қою», «Менің бойымдағы  құнды қасиеттер», «Мейірімділік», «Сағат тілі», «Мінез көңіл айнасы», «Кім екенін тап?», «Диірмен тасы», «Қасиетін бағала» т.б.

Мақсаттары:  тұлғалардың коммуникативті қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру және тіл байлықтарын, сөйлеу мәдениетін жетілдіру. Көңіл-күйлерін реттеуге, өзін-өзі дұрыс бағыттауға, жағымсыз қасиеттерден арылуға көмектесу.

Міндеттері: ішкі жан дүниесін ашуға және өзін еркін сезінуге үйрету;

*тиімді қарым-қатынасқа машықтану эмпатиясын дамыту;

*көндіру дағдыларымен жұмыс, өз ұстанымы үшін дәлел таба білу;

*өзіне сенуге, өзін-өзі құрметтеуге дағдыландыру;

*адамдардың бабын, тілін таба білу қасиетін дамыту;

*қарым-қатынас барысындағы дауыс ырғағымен сөздік қорының  молдығын,

маңыздылығын ескеру;

*сенімсіздіктен, қобалжудан, қорқыныштан арылу;

*өзгелердің жетістігіне қуана білу;

*қарым-қатынаста нәтиже шығару жолын үйрету.

«Алдыма бір кітапты қойып алып, желге бергенім жоқ. Тәрбиелі ғалымдардың пікірін тыңдап, ұғып алуға ұмтылдым»- деп ақын М. Жұмабаев өз еңбегінің бағыт бағдарын аңғартады. Менде әріптестеріме жаңа инновациялық тұрғыда әдістемелік көмек бере отырып, алдымен оларға рухани қуат, мейрімділік, шыдамдылық, кешіре білу, педагогтармен тең жағдайда сырласу, ойларын тыңдау, әр кадрдың мүмкіндіктеріне сену арқылы әдістемелік жұмыстарды жетілдіріп, балабақша мәртебесін биікке көтере алатындығымызға сенемін. Әрбір маман өзін-өзі тануға ықпал жасап, шығармашылық-шеберлігін, талантын жаңғыртып, өз ісінің шебері атанса бұл менің педагог-психолог қызметімнің жемісті нәтижесі деп білемін.

Сейтова Алтынкул Атабекқызы

№169 бөбекжай-балабақша педагог-психологы

Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.