Home » Жаңалықтар » Көрмеге келіңіз!

Көрмеге келіңіз!

«Туған жерім» көрмесі ашылды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған көрмеге ХІІ республикалық балалар шығармашылығы байқауы жеңімпаздарының туындылары қойылған. Онда графика және линогравюра техникасында талғамды орындалған тың туындылар ұсынылған.

ҚР ТПМ мен Астана қаласының Балалар көркемөнер мектебі – ЮНЕСКО клубы ұйымдастырған байқау 14 жылдан бері өткізіліп келеді. Сейсенбі күні жарыс жүлдегерлерінің қатысуымен көрменің ресми ашылу салтанаты өтті.

Аталмыш шара Тұңғыш президент музейі ашылғаннан бері ұйымдастырылып келеді. Биылғы байқауға еліміздің 33 қаласынан 500-ден астам жұмыстар жолданды. Оның 250-і іріктеуден өтіп, соның ішінен жүлдегерлер анықталды. Музейіміздің «Балалық шақтан көзқарас» атты балалар жобасы аясында ұйымдастырылған жарыс тәуелсіздік күніне орай өткізілді. Сондай-ақ, қытысушылар санының жыл санап артқаны бұл жобаның керек екендігін және жастардың шығармашылық ізденісін дамыта түскендігін дәлелдеп отыр, — дейді ҚР ТПМ директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Күлайша Ақтаева.

Байқауға 10-16 жас аралығындағы қылқаламды жанына серік еткен жеткіншектер қатыса алады. Жыл сайын конкурс шарттары ұйымдастыру комитетінің шешімімен келісіліп отырады. Талапқа сай қатысушылар кескіндеме техникасы, мүсін және әртүрлі техникаларда дайындалған сәндік қолданбалы өнер туындыларын ұсынады. Ағымдағы жылы сайыс ережесіне сай «графика және лингравюра» техникасында орындалған балалар шығармашылығы бағаланды. Қорытындысында үш деңгейлі дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Ал Диана Ибрагимова (Алматы қ.), Инесса Фатыхова (Рудный қ.) мен Медина Амиргазинаның (Өскемен қ.) жұмыстары үздік танылып, гран-при иемденді.

09-1

– … Байқауға Шымкент қаласындағы Балалар көркемөнер мектебі – ЮНЕСКО клубы атынан қатыстым. Мен өз туындымда жайлауды бейнеледім. Картинам қазылар алқасының шешімімен І-орынға лайық деп танылды. Қуаныштымын.  Жас суретшілердің қызығушылығын арттырып, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік берген байқау ұйымдастырушыларына алғыс білдіремін. Барша қазақстандықтарды тәуелсіздік күнімен және егемендігіміздің 25 жылдығымен құттықтаймын, — дейді Аяулым Жарабекова.

Айта кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті Музейіндегі «Туған жерім» көрмесі келер жылдың 16-қаңтарына дейін жалғасады.

Ж.БЕСЕУ

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.