Home » Білім және тұлға » Көне жәдігер иесі

Көне жәдігер иесі

«Жақсының жақсылығын айт» жобасы бойынша

Қарағанды қаласының 16 мөлтек ауданындағы 1000-нан аса оқушысы бар № 76 жалпы орта білім беретін мектебінің Әлихан Бөкейхан мұражайында өткен тарихи-тағлымды кездесудің куәсі болдық.

Мектеп директоры – Аблай Армияұлы Жәлелов, оқу-ісінің меңгерушісі Айнаш Муйтенқызы Жылқайдарова. Бастауыш сынып бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізген бұл шараның қонағы сексеннің сеңгірінен асқан қарағандылық ардақты қарт, тыл және еңбек ардагері – Сайлаубек Бекмағанбетов және алтын құрсақты 11 баланың анасы – Ақынсара Секербайқызы. Бұл отбасында қарт Бөгенбай батырдың белдігі сақталып келеді. Бөгенбай ұрпағы Сайлаубек қария – көне жәдігер иесі.

Мұны тәрбие-ісінің орынбасары Нұргүл Рысбекқызы Мұхаметжанова қарттар күні қарсаңында ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, үлкеннен кішіге ілтипат беру негізіндегі ізгілікті шара дейді.

Көнеден келе жатқан қандай жәдігер екен? Бұл туралы тарихи деректер не дейді?

Жеті мың қалмақ шайқасқа бекініп жатыр дегенде, Бөгенбай екі мың өзінің туыс-рулы қолымен барып, бір түнде-ақ жауды жайпап келген. Осы жорықтан кейін өзінің кісесін (Тоқтамыстан) Тоқа деген немере ағасына тастап кетеді (Тоқтамысов Бекмағамбет, жұбайы Әубәкір байдың қызы Айкүміс). Ол Сайлаубек ақсақалдың атасы. Бұл әңгіме атасының әңгімесі бойынша жазылған. Ата қоныстары Сарыадаыр жерінде. Бөгенбай ағасы Тоқаға сәлем бере барады. Жеңгесі құрсақ көтермейді. Не сұрайсың: түйе ме, жылқы ма дегенде, беліндегі сәндік үшін таққан белдігін сұраған екен. Ырымдап алған заттың қасиеті тиіп, әйелі құрсақ көтерген. Тоқтамыс Тоқалардың сүйегі Шетте жатыр. Сарыадыр маңы – таралған өлкелері. Қанжығалыдан шыққан Бөгенбай батыр ұрпағынан Тоқтамыс-Тоқа-Бекмағанбет-Көшілбек-(Жапон соғысында қаза тапқан жалғыз інісі-Жұмаділ)-Сайлаубек– (Көшілбекұлы Сайлаубек. Атасының бауырына салынған)- Қуаныш (Сайлаубекұлы) болып таралған шежірелі ұрпақтар тізбегінде үлкен тарихи дерек сөйлейді.95 жасаған Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың белдігі қазір осы Сайлаубек Бекмағанбетов ақсақалдың үйінде тұр. Көне мирасты жәдігерді батырдың 7-ші ұрпағы Сайлаубек ақсақал осы күнге дейін көненің көзі деп қарап, көзінің қарашығындай сақтап келеді. Күміс үзбелермен безендірілген қайыс кісенің қалтасында арабша жазбалармен жазылған құранның қағаз жазуларымен қатар, сомдалып өрнектелген күмістен ойылып жазылған құран жазуларының да бар екенін бертіндері аңғарған. Мұны тек дәреті мен намазы бар адам ғана ұстай алады дейді қария. Бұл белдікті ұстауға кез-келгеннің дәті бара бермейді. Бағасы құнды, киелі зат. Құс кеткенде жынданып ауырған адамдар үйге келіп басына жастап 2-3 күн түнесе, жазылып кетеді екен. Тағы бір қасиеті, жаман ойлы адамды үйге кіргізбейді. Тіпті, өшіккен адамға да жақсы болмайтын көрінеді.

Бөгенбай атамыздың дулығасының қаңқасы Ерейментауда бір тоқсаннан асқан әжейдің үйінде табылған. Көп жылдар бойы әжей бұл бас киімді Кеңес үкіметі кезінде қорқып, ешкімге көрсетпей, сақтаған. Мұражайға тапсырылған.

Тарихқа үңіліп өткеніміз артық болмас. Батырдың әкесі Ақша батыр Тәуке ханның 80 мыңдық қолын басқарған сардар. Жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық жорығын ұйымдастырушылардың бірі, атақты батыр, ұлы қолбасшы – Ақшаұлы Бөгенбай. Шыққан тегі – Орта Жүздің Арғын тайпасының Қанжығалы руынан, есімдері әуелден елге мәлім болған батырлар әулетінен.

Тарихшы М.Тынышпаев бұл мәліметтерді атақты Саққұлақ шешеннің өз аузынан жазып алған екен. Атақты жорық жыршысы Саққұлақ дауылпаз Үмбетай жырау Бөгенбай туралы толғауында:

Уа, Алатайдай Ақшадан,

Асып тудың, Бөгенбай!

Болмашыдай анадан

Болат тудың, Бөгенбай!-деп Ақша батырды алып Алатауға теңеген.

Ал, Мәшһүр Жүсіп Бөгенбай батырдың шығу-тегі жайлы былай деген: «Қанжығалыдан Бөгенбай батыр шықты. Үш жүздің баласының кәрі құлақтысының ақымыз бардай қадалып сұрадық. Түбін, тегін білуге:

Бөгенбай әкесі Ақша, Ақша әкесі Әлдекүн, Әлдекүн әкесі әлде кім дегеннен басқаны білмейді. Әлдекүннен екі бала Әлібек, Ақша екеуі бір туысса керек. Ақшадан – Көлбай – Бөгенбай.

Бір аста Көлбай есер-еселаңдықпен Әлібектің үсті-басын майлай берген. Сонда ол:

-Есер баладан жынды бала көп жақсы деген екен. Мынау мен өскенде менің тұқымыма таң атырып, күн шығармас, -дегенде, Ақша тұрып:

-Мұны айтасың ба? Үйде бір шойқара бар. Тұқымың соның тепкісінде шіриді,-депті.

-Ендеше, мен тұқымымды оның тепкісінде шірітпеймін, -деп бөлініп көшіп кеткен екен. Көкшетаудан әрірек Әлібек қараған деген жерде, үрім-бұтағы сонда деседі.

Сол шойқара – осы Бөгенбай батыр болса керек. Қарт батырдың бәйбішесінің аты Баяу. Одан туған Тұраналы, Нұрымбет. Тұраналыдан — Бақан би, мұнан Саққұлақ. Саққұлақтан-Бектұрған, Жұман, Нұрмағамбет, Бейімбет, Талас қызы тоқалынан – Әжімбет, Нұралы, Ералы».

Міне, Мәшекең Бөгенбай батырдың ауызша тарихи шежіресін осылай тарқатады.

Ал, тарихшы ғалым И.Ерофееваның зерттеуінде мындай дерек бар:

«Жоңғарлар әскери қуаты жағынан қаншалықты күшті болса, сол кездегі жасы біразға келген Тәуке хан мен Қайып, Әбілқайыр секілді жеке билеушілер басқарған, саяси бөлшектенген қазақ күші бытыраңқы болған есен. Қызу талас кезінде кейбір билер жоңғарларға бағынуды ұсынса, енді біреулері өз мекендерін тастап, Еділден өтіп бас сауғалауды жөн көрген. Жан-жаққа тарап, бытырап қашуды ұсынғандар да болған екен. Осындай таластардың дәл қызған кезінде жоғарыдағы ұсыныстарға жаны күйген Бөгенбай билердің ортасына шығып, үстіндегі өз киімін өзі жырта, қылышын жоғары көтеріп: «Уай, ағайын! Ұлдарымыздың құл, қыздарымыздың тұл болғанын, жайлауымызды жатқа беріп, мал-жанымызға дінсіздердің ие болғанын көргенше, шыққыр көзіміз неге алдымызға ағып түспейді. Желкілдеген ту көтеріп, желекті найза ұстаған батыр бабаларымыздың аруағына сыйынып, ата жауға қарсы неге шықпаймыз? Қас дұшпанның қара жүрегіне шаншыр көк сүңгіміздің ұшы ма, қөк сүңгіміздің ұшы ма, қаскөй басты қылша мойыннан талша шауып, допша домалатар айбалтамыздың жүзі майырылды ма? Жо-жоқ, ағайын! Ата-бабаларымыз тапсырған алдаспанымыз әлі қолымызда, сауырына тақымымыз тисе жел болып ағатын тұлпарымыз әлі астымызда. Ендеше, айбынымыз, жүрегіміз неден шайлығады? Осында «иілген басты қылыш кеспейді», қонтайшының алдына барып, бодандығымызды мойындасақ, баяғыдай көшіп-қонып, иен даланы ен жайлап жүре береміз деген сөздерді де естідім.

Бүгіннен бастап кеудемдегі шыбын жаным алдымен Алланыкі, сонан соң, сендердікі. «Ит қаппайды, ат теппейді», -демейік, осынау есіктен кірген зорлық түндігімізден түтін болып шыққан заманда тек өзімізге өзіміз сенейік. Қазаққа сарт та, қызылбас та, орыс та қорған бола алмайды. Әкесі ащы алма жесе, баласының тісі ауырады» дегендей, бір-бірімізге төбемізден тұрып жай беретін тек өзіміздің алты алашымызға аман болайық! Қылыштарыңды қара тасқа қайраңдар, ағайын! — деп Бөгенбай ұзындығы бір құлаш семсерін қынынан суырып алды да, сол қолының жеңін сыбанып жіберіп бұлшық етті білегіне семсердің ұшын кірш еткізді. Қызыл қанды ақ семсердің ұшына жағып, «Қасық қанымыз қалғанша жерімізді жауға бермейміз!» — деп, барлық қазақ алашының бойына рух беріп, шайқасқа шақырғанының арқасында қазақ даласында қаншама аңырақай шайқастар болып, батыр, ержүрек ата-бабаларымыздың қанымен осы егемендігіміз келіп, көк туымыз аспанда желбіреп, бейбіт күні ұрпақтарымыз бақытты ғұмыр кешіп жатыр емес пе!?

Қазақ жері жоңғарлардан қашан азат етілгенше Бөгенбай батыр аттан түспеген. Қабанбай, Олжабай, Жәнібек, Малайсары секілді қазақтың аты шулы батырларымен тізе қосып, ел тәуелсіздігі үшін талай шайқастарда болды. Осы ұрыстардағы көрсеткен ерлігі, жағдайды дұрыс бағалап, тез шешім қабылдап, шабуылды шебер ұйымдастыра білуі оның даңқын асқақтата көтереді.

Бұланты өзенінің бойындағы жоңғар басқыншыларымен кескілескен үлкен шайқас болды. Кіші жүздің батыры Тайлақ, Орта жүзден Бөгенбай және Ұлы жүзден Саурық батырлар шығып бұлар «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарындағы күрестің қаһармандары болды. Барлық үш жүздің жасақтары 1726 жылы бірлесіп қимылдаған кезден бастап қазақтар басқыншыларға ұйымдасқан түрде тойтарыс бергені тарихи шындық.

— Бұл біздің әулетке Бөгенбай батырдың 47 жасында берілген. Атам Бекмағамбет 1949 жылы дүние салар алдында осы таза күмістен жасалған белдігін маған табыс етіп кеткен-ді. Мен ол кезде 13 жаста болатынмын. Бұл кісеге баға жетпейді. Осы белдікке үй мен көлік те бермек болды кейбіреулер. Халықтың мұрасы екенін білемін. Тек көшіртіп жасатып мұражайға қоюға болады. Ал, түпнұсқасын, өкінішке орай, әкемнің аманаты бойынша ешкімге бере алмай отырмын. Егер беретін болсам, ұрпақсыз қалады екенмін. Алауыздықты қаламаймын, — дейді асыл текті әулеттің ұрпағы, кеш қонағы Сайлаубек ақсақал.

Оның ерліктеріне деген құрмет ретінде батырдың денесі Түркістан қаласындағы дүние жүзіне әйгілі Қожа Ахмет Иассауи Кесенесінде жерленген. Қабырында граниттен құлпытас тұр.

Сайлаубек қарияның туған жері Қарағанды облысының Шет ауданы, Ақсу-Аюлы, Түлкілі ауылы. Көп жылдар бойы ел басына қиын-қыстау кезең туғаннан бастап, тәуелсіз еліміздің дамуы мен өркендеуіне жасаған еңбегі ересен. Ізінен талай жастарды қара еңбекке баулып, тәрбиелеген. Апамыз екеуі 11 перзентін дүниеге әкеліп, 52 жыл бірге тату-тәтті өмір сүріп отыр. Үлкен әулеттің тірегі болып, алып бәйтеректей жайқалып, жапырағын жайқалтып отырған Сайлаубек атамыздың ұрпақтары бүгінде өсіп-өніп, әрқайсысы республикамыздың түкпір-түкпірінде еңбек етіп, өз кәсіптерімен шұғылдануда. 30-ға тарта немере мен шөберелері «ата-апалап» жүгіріп жүргенін көңіліне медеу санайды.

Ақынсара апа Көкбөрі Жарылғап батырдың ұрпағы. Шет ауданының Қарабұлақ ауылында тұрады. Есепші болып, басқа да көптеген әртүрлі жұмыстар да істеген. Алтынсара есімді сыңары екеуінің есімдерін өңірге белгілі ақын Майасар ақын қойыпты.

Ұрпаққа игілік пен ізгіліктің пайым-парасаттылық үлгісін танытудан жалықпаған қадірлі де асыл қарияларымыздың дендеріне саулық, бастарына амандық тілейміз.

Тәрбие сағаты барысында Сайлаубек ата бастауыш сынып оқушылары, сондай-ақ, 6 сынып оқушылары А. Асқарова, Қ. Уайсова, И. Махмудлва, Н. Кеңесбек сынды оқушылардың сұрақтарына тыңғылықты жауап беріп, оқушыларға ақ батасын берді.

Ләззат Теміртасқызы

Білім айнасы

Қарағанды қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.