Home » Білім және өнер » Көкшетауда облыстық Дельфий ойындары өтті

Көкшетауда облыстық Дельфий ойындары өтті

Ақмола облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі Көкшетауда «ӨНЕРІМ — РУХАНИ ҚАЗЫНАМ» VІІІ облыстық ұлттық жастар Дельфий ойындарының өткізілгендігін хабарлайды.

Жүзден аса қатысушы эстрадалық музыка, қысқа метражды кино және т.с.с. 15 номинация бойынша бақ сынасты.

Өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары, Ойындардың ұйымдастырушысы Бақыт Қосқұлақованың айтуынша, Дельфий ойындарын дамытудың мақсаты – дарынды да талантты жастарды анықтап, оларға қолдау көрсету, орындаушылардың кәсіби жетілуіне, тұлғаның үйлесімді дамуына ат салысу, үлкен өнер арқылы жас ұрпақты өз елінің патриоты етіп тәрбиелеу. Ойындарға облыстың алты ауданынан және Көкшетау қаласының он ұйымынан жалпы саны 130 тәрбиеленуші қатысты. Облыстық байқауда алтын медаль иеленген қатысушылар ағымдағы жылдың қараша айында Петропавл қаласында өтетін республикалық ойындарға жолдама алды.

Көкшетауда аталмыш ойындар 8-інші мәрте өткізіліп отыр. Биыл денсаулығында кемістігі бар қатысушыларға арналған «Ым-ишарат тілінде ән айту» және «Халықтық көркем өнер және қолөнер» номинациялары қосылған болатын. Олардың алғашқы қадамдары сәтті болып, өз жетекшілерін жүлделі 1 орынмен қуантты. Асылхан ойыннан алған әсерімен бөлісті: «Бала кезімнен ән айтамын. Жетістіктерім де аз емес. Туған қалам Көкшетауда ғана емес, Қазақтанның өзге де қалаларында өнер көрсетемін. Бүгін бірінші орынды иеленгеніме өте қуаныштымын. Республикалық кезеңде қаланың намысын қолымнан келгенше қорғаймын».

Ақмола облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.