Home » Жаңалықтар » Күзгі мектеп: өсу мен өрлеу алаңы

Күзгі мектеп: өсу мен өрлеу алаңы

 15-17 қазан күндері Оралдағы №47 «Бәйтерек» бөбекжайы базасында мектепке дейінгі ұйым басшыларына арналған «Ósý vektory» мектебінің күзгі сессиясы өтті.

Облыстық білім басқармасы ұйымдастырған шара педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыру, менеджменттегі жаңа технологияларды таныстыру мақсатын көздеді. «Ósý vektory» мектебінің күзгі сессиясына аудандық және қалалық білім беру бөлімдерінің мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту бойынша мамандары, әдіскерлері мен мектепке дейінгі ұйымдар директорлары қатысты.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білімді дамыту бөлімінің басшысы Светлана Темірғалиева қатысушыларға сәттілік тілеп, Елбасының биылғы Жолдауында білім саласына айрықша көңіл бөлінгенін атап өтті. Сонымен қатар оралдық мектепке дейінгі ұйымдар басшылары аудандардан келген меймандарға «қош келдіңіз» айтып, сазды сәлемдемелерін жолдады.

Үш күнге созылған күзгі мектепке қатысушылар бірнеше спикердің лекцияларын тыңдап, педагогикалық іс-тәжірибелерін байытып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру тәсілдерін меңгерді. Сонымен қатар ақын Шолпан Қыдырниязовамен кездесіп, қызықты психологиялық тренингтерге қатысты.  «Ósý vektory» мектебінің күзгі сессиясына шалғайдағы Қазталов ауданына қарасты Болашақ ауылынан келген «Жұлдыз» бөбекжайының меңгерушісі Рахат Мулкашева мұндай басқосу алаңының берері мол екеніне сенім білдірді. – Бұл мектептен үлкен әсер алдық. Өзіміздің жұмыс тәжірибемізге пайдалы ақпараттарға қанығып, өзара тәжірибе алмастық. Біздің шағын ауылымыздағы 36 орындық «Жұлдыз» бөбекжайы «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2010 жылы іске қосылды. 1,7-5 жас аралығындағы ауыл бүлдіршіндерін толықтай мектепке дейінгі тәрбиемен қамтып отырмыз. Төрт тәрбиеші қызмет атқарады, – деді Рахат Исатайқызы.

Отбасында алған білім мен тәрбие балабақша қабырғасында одан әрі беки түсері сөзсіз. Еліміздің отансүйгіш өскелең ұрпағын мектепке дайындайтын мекемелерде жаңа технологиялар көбірек қолданылса, ел болашағы да жарқын болар деген үміттеміз.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы»,
БҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.