Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледжі
директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары,
филология ғылымдарының магистрі
Бейсембина Айнагүл Елемесқызы
Қазіргі қазақстандық білім беру кеңістігіндегі түбегейлі өзгерістер – тарихи объективті процесс. Білім беру саласын реформалаудағы мақсат – білім беру жүйесін қайта қарап, білімгерлердің кәсіби, шығармашылық бейімделулеріне қарай бағдарлы, сатылы білім алуларына жағдай жасау. Бүгінгі таңда білімгердің білім сапасын бұрынғыдай білім, білігі және дағдысымен өлшеу жеткіліксіз, алған білімінің әрі қарай дамуына, тұлға ретінде өркендеуіне пайдалана білуімен өлшенеді деп тұжырымдалады. Дәстүрлі білім беру бұл мақсатты іске асырмайтындығына PISA тарапынан жүргізілген сараптаулар дәлел. Білім беру саласындағы жаңа бағыттарды айқындауда 2011 жылы Кейптаунда (Оңтүстік Африка) өткен Білім беру интернационалының VІ Дүниежүзілік конгресінің өтуінің маңызы зор болғандығын деңгейлік оқу бағдарламаларының жүзеге асырылуынан айқын аңғаруға болады. Конгреске қатысушылар әлемдік білім беру қоғамдастығында қабылданып жатқан шараларға қарамастан, мұғалім кадрлар сапалылығының проблемасы әлі күнге дейін өзекті екендігін атап көрсетеді. Бұл бағдарлама заманауи ғылыми зерттеулердің шынайы нәтижелерінің және оқытудың озық практикалық тәжірибесінің ықпалдасуын көрсете отырып, қазақстандық білім беру жүйесін дамытудың стратегиялық жоспарларының мақсаттарына сәйкес келеді. Осыған орай, оқытуда инновациялық технологиялардың кең таралған түрін пайдалану арқылы білімге оңай қол жеткізудің артып келе жатқандығы көңіл қуантарлық жағдай. Білімге қол жеткізудің күн сайын артуының нәтижесінде оқытушының рөлі өзгереді. Алайда, бұл мұғалім рөлінің біркелкілігін білдірмейді, керісінше, оқытушының рөлі барынша артады және білімгерлердің білімге қалай сыни қарайтындығына бағытталатын болады.
Сондықтан, өзгермелі өмірде оқытушылар барлық сатыларда оқу бағдарламасына енгізілетін жаңартулар мен толықтырулар және пәндік салалардағы әзірлемелермен бірге дамып отыруға тиіс. Күрделі үдеріс болып табылатын оқыту шеберлігін толық игеріп шығу – бүкіл ғұмыр еншісіндегі мәселе. Міне, сол себепті де практикаға үнемі ерекше назар аударылатын болса, оқытушылар қызмет барысында өзін жетілдіруді жалғастыра бермек. Осы мақсатта оқытушылардың даму түсінігімен ұштастыра оқыту, білімгерлердің ішкі мүмкіндіктерін ашу, оқудағы ерекшеліктерді түсіну, көптеген тәсілдердің, тілдік және мәдени әсер мен мінез-құлық және дағдының, қызығушылық және оқыту амалдарының болатынын жете түсінуі қажет болады. Оқыту және оқу саласындағы негізгі білімнің болуымен қатар, оқытушыларға қандай өзгерістер болып жатқаны және қандай стратегияларды алдын ала қабылдау қажеттігі туралы барынша дәлелді тұжырым жасауға мүмкіндік беретін қосымша ақпарат жинауға тура келеді. Бұл орайда оқытушылардың біліктілігін арттыруына мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп отыруы заңды.
Облыс, республикадағы алдыңғы қатарлы педагогикалық, гуманитарлық колледждердің бірі – Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледжі педагог кадрларды даярлау жолында біршама жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Өткен оқу жылында Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасының негізінде әзірленген педагог кадрларды даярлайтын оқу орындарының бітіруші курс студенттеріне қосымша білім беру бағдарламасы бойынша тренерлерді даярлау курсына оқу орнының арнайы пән оқытушылары (Г.Әміржанова, Т.Жоламанова, А.Бейсембина, Б.Батанасова, А.Шекербаева, А.Рахым, Б.Абилова, М.Сатиева) қатысып, білімдерін жетілдірді. Бұл бағдарламаның жетекші мақсаты әрбір ел үшін маңызды болып табылатын рухани, мәдени және адамгершілік құндылықтардың негізінде жастарды өз елінің мәдениетін құрметтеуге тәрбиелеу, жастарды жылдам өзгеріп жатқан әлемде өзіне сенімді және табысты болуға мүмкіндік беретін дағдылары мен түсініктерін дамытуға, өмірлік жағдайларда өз білімдерін қолдануға ықпалын тигізетін сын тұрғысынан ойлауға үйретуді қамтиды. Бағдарламаның жеті модулі аясында білім беру ұйымында табысты қолдануға көмектесетін әдістемелік сипаттағы бірқатар жалпы ұсыныстардан тұрады:
- Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер;
- Сын тұрғысынан ойлауға үйрету;
- Оқу үшін бағалау және оқуды бағалау;
- Оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану;
- Талантты және дарынды балаларды оқыту;
- Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу;
- Оқытуды басқару және көшбасшылық.
Дайын білім беруге негізделген «дәстүрлі» әдіс арқылы алынған білім студенттердің жинақтаған өзге білімімен тиімді сіңісе алмайды, сол себепті де механикалық есте сақтау, үстірт білім алу жағдайлары орын алады. Мұндай жолмен оқытудан алған, механикалық түрде есте сақталған мәліметтерді емтихан кезінде ұтымды пайдалануға болады, бірақ мән-мағынасы терең меңгерілмей, жай ғана жаттап алынған білім тақырыпты оқыту аяқталған соң немесе емтихан біткен соң керексіз болып қалады және оқушы оны өмірде пайдалана алмайды. Ал сындарлы оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету.
Оқыту туралы сындарлы түсінік оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнің өз сабақтарын оқушының идеясы мен білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруын талап етеді. Мұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістетуге орайластырылып құрылады. Мұғалім қызметіндегі маңызды дүние – кейбір оқушылардың тақырыпты өзіне оңтайлы бірегей тәсілдермен меңгеретіндігін жете түсінуі. Бұл жағдайда оқушының мәселені түсіну деңгейін анықтап, оның түсінігін толықтыруға немесе қайта құруға көмектесу мұғалімнің міндеті болып табылады.
Ғылыми-зерттеу нәтижелері сабақта диалогтің маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар, олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын атап көрсетеді. Аталған авторлардың зерттеулерінде ересектермен интерактивті қарым-қатынас пен достарымен бірігіп жүргізілген жұмыстың балалардың оқуына және танымдық дамуына әсер ететіндігі айтылған. Мұғалімдер, өз кезегінде, өзінің сабақ беруіне емес, оқушылардың оқу ептілігін дамытуға назар аударуы тиіс.
Білім беру жүйесінде сын тұрғысынан ойлау «ойлау туралы ойлану» деп сипатталады. Ол маңызды мәселелерді талқылау және тәжірибені ой елегінен өткізуді қамтиды. Сын тұрғысынан ойлау – Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік. Сын тұрғысынан ойлау ақпарат пен идеяларды синтездеу қабілеті, ақпарат пен идеяның шынайылығы мен салыстырмалы түрде маңыздылығы туралы ойлана білу қабілеті, өзінің оқуына қатысты таңдау жасау және басқалардың идеяларына күмәнмен қарау қабілеті ретінде түсіндіріледі. Ал оқытушылардың сын тұрғысынан ойлауы өзінің жұмыс тәжірибесін, жаңа тәсілдерді қолдану және бағалау әрекеттерін сын тұрғысынан бағалауды қамтиды.
Бағалау – одан арғы оқу туралы шешім қабылдау мақсатымен оқытудың нәтижелерін жүйелі түрде жиынтықтауға бағытталған қызметті белгілеу үшін қолданылатын термин. Іс жүзінде нақты баға қою және есеп беру үшін өткізілетін оқуды бағалау мен нақты мақсатты бағалауды оқушылардың ықпал етуге арналған оқытудың бөлігі ретінде қолдану болып табылатын оқу үшін бағалау арасында айырмашылық бар.
Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуы білімді бағалау және пайдалану жүйесін де уақытылы өзгертіп отыруды талап етеді. Осыған байланысты оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер, әдістемелер, технологиялар жаңартылып отырады. Мысал үшін Ұлыбританияда мұғалім мамандығын таңдап алған бүгінгі жастардың, өздерінің болашақ оқушылары сияқты, жеткілікті дәрежеде сандық сауаты бар, себебі олар өмір жағдайларының барлық аспектілерінде жаңа технологияның бар мүмкіндіктерін пайдалана отырып, сандық технологиялармен үнемі өзара әрекеттесетін ұрпақ өкіліне жатады. АКТ оқушыларға ғылыми ұғымдарды түсіндіруді және олардың қабылдауын, түсінуін жеңілдетуге мүмкіндік беріп, мұғалімдерге сабақ беруде көмектесетін маңызды құрал болып отыр. Сондықтан, оқыту барысында осы технологияларды ойланып қолдану қажет.
Барлық оқытушылар студенттерге білім беруде барынша жоғары жетістіктерге қол жеткізу үшін қолайлы орта жасауға тырысады. Дарынды және талантты балаларға қатысты бұл – ойлауды, талқылауды және мұқият жоспарлауды талап ететін едәуір күрделі мәселе. Қазақстанның көркеюі үшін оқушылардың таланты мен қабілетін ашып, оларды оқыту барысында дамыту өте маңызды. Қазіргі уақытта білім беру саласында жоғары жетістіктерді анықтайтын және ынталандыратын бірқатар өңірлік, ұлттық, халықаралық сайыстар мен бағдарламалар жүргізіледі. Алайда, мұндай сайыстық құрылымдар талант пен қабілетті өрістетудің, барлық балалар әлеуетін дамытудың жалғыз тәсілі болып табылмайтыны туралы пікірлер баршылық.
Танымдық даму – баланың оқу және проблемаларды шешу қабілеті. Дәлірек айтқанда, танымдық даму оқуға деген қабілеттілік, сондай-ақ зейін, сөз сөйлеу дағдылары, ойлау, негіздеу және шығармашылық зияткерлік сияқты қабілеттерді дамытуға және тұрақтандыруға қатысты. Аталған зияткерлік қабілеттер ойлау үдерістерінің сипаты және жасына қарай олардың өзгеру ықтималдығы туралы маңызды ақпараты бар танымдық даму теориясы шеңберінде сипатталады.
Оқытуды басқару және көшбасшылық білім берудің кез келген жүйесіндегі тұрақты даму мен өзгерістердің сырттан енгізілуі мүмкін емес, олар нақты сыныптардағы мұғалімдердің тәжірибесі мен түсініктеріндегі өзгерістерден бастау алуы керек деген тұжырымға саяды.
Қорыта келгенде, еліміздің әрбір педагог маманы деңгейлік бағдарламаның жеті модулін игерсе, білім беру жүйесінде саналы, өздігінен білім алуға дайын, әлемдік білім кеңістігінде еркін самғай алатын оқытушылар, шынайы терең білімді оқушылар тұлғасы қалыптаспақ әрі қазақстандық білім сапалы болмақ.