Home » Мақалалар » Иллюзия — ұлт тағдырының жендеті

Иллюзия — ұлт тағдырының жендеті

Қазақстан мемлекетінің абыройы мен қазақ ұлтының тағдыры миын мәңгүрттіктің дерті меңдемеген әр саналы алаш баласын толғандырады. Жалпақ жұрттың жұпыны жағдайы мен сағым тербеген сайын даланың бүтіндігін ойлап, жоғын жоқтап жүрген атпал азаматтар баршылық. Көкбас бүгелектің буғанына шыдамай, басын бар бәледен шұлғи қашқан қойшының шабан торысындай зиялы қауым өкілдері де жетерлік. Осы мәселеге қалам ұстаған ұлт перзенті ретінде мен де өз ойымды қосуды жөн көрдім.
Еліміздің Тәуелсіздік алғанына жиырма сегіз жылдың жүзі болды. Орда бұзар отыздың межесі. Тарих үшін қас-қағым сәт те шығар. Дегенмен осы жылдарда не істелді деп өткенге көз жүгіртсек. Көк байрағымызды көтеріліп, мемлекеттік нышандарымызды айқындалды. Ата заңымыз жазылып, еліміздің шекарасы бекіп, ұлттық қауіпсіздігіміз нығайды. Экономикамыз орнығып, өз валютамыз бен банк секторы қалыптасты. Сот жүйесі құрылып, әскеріміз жасақталды. Алыс-жақын шетелдерден инвесторлар тартылды. Астанамызды Алатаудың бауырынан Арқаның төсіне көшірілді. Әлеуеті күшті ұлттық компаниялар мен холдингтер құрылды. Тарихи-мәдени мұраларымызды түгендеп, рухани құндылықтарымызды қастерлей бастадық. Мұны сезінген алыстағы ағайын көшінің басын елге бұрды. Елде жүрген көп бала білім іздеп дүниенің түкпір-түкпіріне аттанды. Сөйтіп жаһанның жарыс көшіне Қазақ мемлекеті де ілесті. Қарап отырсақ, көп істің басын қайырыппыз. Бірақ қарапайым жұрттың бағы жанып,бақыты да баянды ғұмыр кеше алмай келеді. Оған себеп не?
Біз қандай Қазақстанды көргіміз келеді деген сұраққа мен біріншіден шынайы тәуелсіз Отаны бар, мәртебесі үстем қазақ тілі бар, екіншіден әл-ауқаты мығым, дені сау, білімді, қара құрым халқы бар, үшіншіден ғылым, медицина, өндіріс, ғарыш сияқты салалары жоғары технологияларды игерген, төртіншіден қарыштап дамыған экономикасы мен қарымы мықты әскері бар, бесіншіден қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрі мен ақиқат діні бар, елді елестетемін. Бірақ тарихтың осы сәтіндегі мемлекетімнің бұлыңғыр болашағы мені қатты алаңдатады, көңіліме қаяу салады. «Тұманның арты жұт, тұмаудың арты құрт» болмас деп үміттенемін.
Қай елдің Конституциясын алсаң да алдымен халық деп басталып, адам деп сабақталады. Біздің ата заңымыз сонымен бірге байырғы қазақтың жерінде мемлекет құрдық деген сөздермен қанатталады. Бірақ сол қадірі жоқ бірауыз сөз қазақтың көсегесін көгерте қойған жоқ. Қайта ұлттың тілін, жерін, сауатын, әл-ауқатын, баспанасын көрпе астында жоқтай-жоқтай көз қызарып, жемқорлық пен несие борышын айдалаға айта-айта қызыл тіл жауыр болды. Қалың жұрт толқып, айтуы қиын дау шықты. Халықтың сағын сындырған, қайтуы қиын жау шықты.
Қазіргі қазақ қоғамында бұқара халық — білімсіздік, кедейлік, әсіредіншілдік, қылмыскерлік, борышкерлік сияқты, ал үкімет — кереңдік, жемқорлық, көзбояушылық, қорқақтық, сатқындық, салғырттық деген науқасқа шалдықты.
Қазақ баласының маңдайына мемлекеттік мекеменің меншікті құлы, күзетші, таксиші, жол сыпырушы деген тағдыр жазылды. Қара құйқа кеміріп, майлы жерден қағылды. Әр босағада телміріп, төзімі таусылып, тауы шағылды. Барлығына жалқау деген жазмыш таңылды. Сондықтан қалжаға жарымаған, тәрбие-тәлім дарымаған жанұяның жартысы ажырасып жарылды. Сириядағы соғысқа сақалы сапсиған ұлдар сабылды. Парақорлар көбейіп, адалдың тынысы тарылды. Сөйтіп, үкімет ақиқат жолдан жаңылды. Ештеңе өзгермеді. Тек шенеуніктердің шендері ауысып, біріне-бірі қайтадан бағынды. Бұған себеп білімсіздік пен мінезсіз мәңгүртік. Кешегі Қызыл қоғам Алаш ұлының желкесін қиса да, жаппай сауатын ашып, еуропалық білім әлеміне тұсауын қанды қолымен кескен еді. Ал бүгінгі біздің күй нешік? Алаш баласының тұрмысы неге түзелмейді? Абыройы неге көтерілмейді? Ауызымызды қу шөппен сүртпейік жетістікке жеткені де баршылық, бірақ өз елінде жетімсіреп жүргені көп. Бір қынжылтатыны өзге ұлттан қазақтың еліміздегі үлкен бизнесте бәсі төмен, бекзада белдісі аз. Американдық Forbes журналының біздің ел жайлы мәліметіне сүйенсек 2017, 2018 жылдардағы Қазақстандық жекеменшік ең ірі 50 компания ренкигінде қазақ баласының салмағы таразының жеңіл басында жылтыңдайды. Бейне бір Корей, Израиль, Өзбекстан, Ресей азаматтары жайлы ақпарат оқып отырғандай боласың. Олардың ішіне күллі қара металлургияны жалмаған магнат Лакшми Митталды қосыңыз. Сонда салымсыз сары баланың тек қара қазан түбіндегі қарылған қалдық қаспақты қанағат тұтқанын көреміз.
Бізде ұлан ғайыр жер мен оның астына қарғыстың көз жасындай тұнып, ұлтты ұшпаққа шығара алмай жүрген байлық бар. Саны да, салтанаты да кем қыспақтан шыға алмай жүрген халық бар. Өркениет керуеніне ілесіп болашаққа аттандық деп едік қой бағана. Тек сол ұлы көштегі көлігіміз зымыран кеме, тіпті қалы кілем жапқан қара нар емес, өңкиген өгіз арба болып шыққандай. Ілбіген аяңы соған ұқсайды. Оны ауылдағы қалт-құлт еткен кедейдің күйі айтады, қаладағы қарашаның жалдамалы үйі айтады, балапанын жоқтаған азалы ананың үні айтады. Әуелеген алтын ұшақтағы аз ғана топты қазына тиелген арба мен оны сүйреген қасқа өгіздің амандығы алаңдатса. Біреуді сол жетектің соңындағы қара табан халықтың жағдайы мұңайтады. Бір қиыны сол өгізіміз де өзіміздікі емес ортақ болып шықты. Кеңес деген қызыл құнажыннан туылған қара баспақ бұзауымызды сатып, Еуразиялық экономикалық одақ деген мүйізі қарағайдай қоңыр өгізді үш ел бірге алыппыз. Жем-шөбі мойынға ілініп, бәлеге қалыппыз. Ол байғұстың соңындағы сықырлаған ағаш арбаға сүйретпесін айырқалпақ көршіміз бен қоңқақ мұрын танысымыз да байлапты. Сөйтіп шұрық-шұрық қара жолдың шаңын шығара тізбектегі үнді піліне ілесіп, жүріп келеміз.
Бұл мәселеге өз басым ызалы кекесінмен қараймын. Ұлт мүддесінен үстем тұрған ұйымға кіріп, кеңірдекке қыл арқанды өзіміз салып бергеніміз ұрпақ алдында қылмыспен тең. Сол ұйымның ішінде кадрлық саясатта қағынып, кедендік табыстан қағылып, газымызды тиынға сатып, АЭС саламыз деп сабылып жүрміз. Енді ортақ валютаға көшіп, азаттығымыздан айрылудың да ауылы алыс емес шығар.
Егеуқұйрық деген ақылы мен айласы асқан мақұлық бар. Әлгінің біреуін ұстап, тордың бір шетіндегі жалаңаш сымнан ток соқтырса, кейін ол бұрышқа мүлде жоламайды екен. Ал сол тышқан текті жаратылыстың қанын бұл торда мүлде болмаған басқаларына құйып, осы қамауға кіргізсе, олар да қауіпті бұрышты айналып өтеді екен. Сонда не біздің парқымыз кеміргіш тышқаннан да төмен болғаны ма? Әлде көк көз көршіге атомнан станса салдырып, жалпақ жұрттың жарымын тағы да құрбандыққа шалу керек пе? Не Дегелеңнің дүмпуін ұмыттық па? Менің жадыма бұл дүмпу шаранада жатқанымда ана жүрегінің дүрсілімен қоса жатталып, он жасқа дейін жалғасқан. Себебі ауылым азалы Абыралыға жанасқан қасиетті Қарқаралы өңіріндегі қарт Боқтының етегінде еді.
Жолдасымыз хан Кененің басын алғандар мен алдырғандар, түркі бауырларымыз бен өзімізді қан қақсатқан дашнактар, ішіндегі адамы — біреу. Оның өзі жұтылудың аз алдында тұр. Олай болса қыл мойнымызға қысастық қарғыбауын қылқындыра тағып, ұлыған иттің күнін кешер болсақ жетіскен екенбіз. Өйткені тарихтың қасіретті тағылымы жадымызда жатталмаса, есі жоқ ебелектей, көзі жоқ көбелектей өртеніп кетеріміз хақ. Қытай мен АҚШ-тың мың жылдыққа көздегені бар, дамыған Еуропа ғасырға болжам жасайды, ал біздің жарқын болашаққа 2030, 2050 деп құрған жоспарларымыздың жай күйі нешік? Неге біз басқа мемлекеттермен ЕЭҰ-ның, тіке айтқанда Ресейдің қолтығының астында тұрып байланыс жасаймыз. Күні ертең топта толғап сөз айта алмай, жесірдің соңында кеткен жетім баладай жасық күй кешсек, мәжбүрлі коллаборационизмге соқтығамыз ба деп үрейленемін. Арғы бір алмағайып дәуірде:
“Күнбатыстан бір дұшпан,
Ақырында шығар сол тұстан.
Өзі сары, көзі көк,
Діндарының аты боп,
Күншығысқа қарайды.
Жемқорларға жем беріп,
Азды көпке теңгеріп,
Ел қамын айтқан жақсыны,
Сөйлетпей ұрар ұртына.
Бауыздамай ішер қаныңды,
Өлтірмей алар жаныңды – деп толғаған Бұқар әулие данышпан екен.
Біздің жаттап алған құлдық сана деген түсінігіміз бар. Мен ол ұғымға сенбеймін де, келіспеймін де. Өйткені қазақ жігітінің рухын өз басым әскери атыс полигондарында сан көрдім. Солардың ішінде орыс тілділері де көп болды. Барлығы қарапайым қажеттілік пен шөре-шөре солқылдақ саясаттың кесірі. Енді не қылмақ керек деген сұраққа үзік-үзік ойымды түйіп көрсем: Жер жаһандағы Отанын аңсаған, басқа ұлт болып жазылған қалың қазақты іздеп барып, жай-күйін біліп, мұң-мұқтажын тыңдап, елге келуіне неге жағдай жасамасқа. Оларға азаматтық беруді жеңілдетіп, біздің қоғамға неге бейімдемеске. Мектепте білімнің нәрін оқушыға ана тілімізден бастап сіңіріп, әлемдік ағылшын тілімен ортаңғы сыныптарда неге сабақтамасқа. Зияткерлік, инновациялық, мамандандырылған мектептерді аудандарға неге жеткізбеске. Көшірме ғылыми жұмыстардан бас тартып, әр мемлекеттік жоғары оқу орындарына шетелден білікті маман неге тартпасқа. Зертханаларды жарақтап, дуалды оқуды күшейтіп, жоғары технологияларды неге игермеске. Алпауыт компаниялар алдында адамдарымыздың құқын қорғап, экологиямызды неге аман алып қалмасқа. Терең өңдеуді күшейтіп, технологиялар мен техниканы жаңарттырып, мемлекеттік үлесімізді тең жарымға неге жеткізбеске. Әр инвесторға сол жердегі елді мекендердің инфрақұрылымдық жүгін неге артпасқа. Сирек металлдарды өндірісінде көш бастап, оны неге жария жасамасқа. Байқоңырда ғарышты игеруге, Балхашта атом энергиясын мұрындықтауға Ресейден басқа озық державаларды неге тартпасқа. Ақбөкенді зымыран уынан арашалап, миллионға неге жеткізбеске. Қасқыр мен арқарды қар шанаға мініп, қара мылтықты құндақтаған қаскөйлерден неге қорғамасқа. Содан соң сахарада сабылған сан мың киік пен көкбөріні қоймай алатын құмай тазыны неге өсірмеске. Тұрпаты мен сипатына баға беріп, оны халықаралық кинология федерациясына неге тіркемеске. Сөйтіп шет елдіктерді тартып аңшылық туризмді неге дамытпасқа. Қазақ қызының арын сатқан туризмнен, ақбөкенді шамалап атқан туризмді неге қолдамасқа.
Ауыл қазақ рухы мен мәдени құндылықтарының тұма бастауы десек, сол қайнар бұлаққа тақтайдай тас жол салып, саулық пен сауаттылық қазынасын неге апармасқа. Ауыл шаруашылығындағы механикаландырудағы мешеулік пен автоматтандырудағы олқылықтың орнын неге толтырмасқа. Соқырдың өз бидайын өзіне қуырмай, шекараның ар жағынан асыл тұқымды мал неге әкелмеске. Кепілсіз несиенің мәселесін неге шешпеске. Гранттардың мағынасыз мақсатқа берілуін неге тоқтатпасқа. Құл иеленушілікті неге тұқыртпасқа.
Әскерімізді неге алыс қашықтағы нысандарды жоятын, ақылды оқтұмсықтармен жарақталған, тактикалық зымырандар мен реактивті кешендермен жарақтамасқа. Қорғаныс-өндірістік кешеннің әлеуетін арттырып, шабуыл мен әуе қорғанысы кешендерін жасап шығаруға тапсырыс неге бермеске. Оны алыс экспортқа еселеп сатып, табыс неге таппасқа. Тамырлы тарихымыздағы аласапыран ақтаңдақтарды ашып неге жазбасқа. Көршілеріміздің геноцидін неге айпасқа. Кенесарыны, Сырымды, Кейкіні, Бекболатты, Оспанды неге үлгі етпеске өскелең ұрпаққа. Жасық журналистиканың жағдайын неге түземеске.
Мәдениетіміздегі мағынасыз кино, ырылдаған ән, ырбындаған би, бұралқы әзілді неге шектемеске. Не дарыны, не дауысы, не айтар ойы жоқ, не алған білімі жоқ дөкейдің туған күні мен несиенің той-томалағында шатылып, бұқараның басын қатырып жүрген даңғаза тобырға неге салық салмасқа.
Жаһандық спорттың ақшалы футбол, теннис, хоккей деген түрлерінде қазақ баласының қарасын неге арттырмасқа. Арзан атақ үшін басқа елдің спортшысына миллиондап қаржы құйғанша, аудан орталықтарында жаппай спорт мектептептерін неге ашпасқа.
Асыл дінімізді неге шолтитып балақ кесіп, жасынан сақалын сапситқан дүбәрә топтан неге емдемеске. Ғылым мен білімнен қашып, ақ жаулықты ананы қолдан-қолға өткізіп талақ деп жанын тырнаған, оқушы шәкірт баланы қараңғылыққа шырмаған надандарды неге тәк деп тимасқа.
Күрделі заттар қарапайым бөлшектерден құралады. Қиын формуланың негізі қосу мен азайту. Сол секілді кез-келген түйткілі қиын мәселенің қарапайым шешімін іздеу керек. Биылғы жастар жылында жиналыс, сауық жасамай неге нақты іске көшпейміз. Мысалы Қазақстан Республикасында «Самұрық-Қазына» сынды әлеуеті басым ұлттық компаниялар бар. Олардың әрқайсысының еншілес, тәуелді мекемелерінде шебер маманға деген сұраныс өте үлкен. Бізде жұмыспен қамтылмай сабылған, аяқ қолы балғадай азамат көп. Кәсіпсіз пенде, нәсібінен қағылады. Жұмыссыздықтың басты себебі олардың көбінде алған білім жоқ, не мамандықтарына сұраныс жоқ, не біліктілігі өте төмен. Бұл мәселені қорғаныс министрлігінің алаңында білім және ғылым, цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, тағы да басқа министрліктердің қатысуымен шешуге болады. Қазақтың баласына теорияны оқытып, тәжірибені шоқытсақ, мәдениеті жоғары азамат қалыптастырамыз. Ол үшін тура әскери горнизондарда арнаулы оқу орындарын ашып, одан шыққан мамандарды Қазақстан инжиниринг сияқты компаниялардың мекемелерінде іс-тәжірибиеден өткізсек ұпайымыздың түгелденгені. Бұл компания көптеген техникалық университеттермен дуалды байланыс орнатқанымен, барлық адамды қамти алмайды. Ал біз әскери салада да, индустриялық-инновациялық өндіріс бағытында да сапалы орта буын мамандарын қалыптастыруымыз керек. Жиырма жастан асқан білімді, лайықты жұмысы бар, мәдениеті жоғары адам қылмысқа бармайды, әсіре діншілдікке ұрынбайды, отбасын да қамтамасыз ете алады. Сонда бір оқпен бір топ коянды атып, демографиялық мәселенің де оң шешімін таба аламыз. Ауыл мен қалада сандалған көп жастың санасына жетектеп сәуле құйып, көзін ашпасақ күн көрісі түзелмейді.
Біз кең байтақ даланы қабырғалы қалың қазаққа толтырмай, жоғары технологиялы ғылымды терең игермей, ананың қамын ойламай, ұстаз бен дәрігердің жағдайын жасамай, қалаларда баспана мәселесін шешпей, аудандар мен ауылдарға сауықтыратын медицина, сапалы білім, мәдениет мекемелерін жеткізбей, бабаның тілі мен тарихын, салты мен дәстүрін, ділі мен дінін жас ұрпаққа дарытпай, ұлтын, жерін сүйетін бай-бағлан қазақты көбейтпей оңала алмаспыз. Онда:
Арғымақтың баласы
Аз оттар да, көп жусар —
Талаудан татқан дәні бар.
Азамат ердің баласы
Аз ұйықтар да, көп жортар —
Дұшпанға кеткен ары мен
Барымтаға түскен малы бар – дейді Махамбет.Біз де осы сөзе тоқтаймыз. Тамшы да тама-тама тас жарар. Ендеше еңсеңді тіктеп, ертеңіңе еркін қара — арманы тұман арда Қазақ!

Өтебай Құрманғазы
«Білім айнасы» газеті

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.