Home » Жаңалықтар » Қасым-Жомарт Тоқаев – Павлодардағы Зияткерлік мектепте

Қасым-Жомарт Тоқаев – Павлодардағы Зияткерлік мектепте

27 сәуір күні Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде болды.

Мәртебелі мейманды  білім ордасының директоры Ринат Жұмабаев қарсы алып,  Президентті мектептің тыныс-тіршілігімен таныстырып шықты.

–  2013 жылы ашылған білім ордасында қазіргі таңда 644 оқушы білім алуда. Бүгінде зияткерлік мектеп оқушылары 33 патентке және 57 инновациялық жоба иегерлері. Биыл 118 оқушы мектеп бітіреді, қазіргі таңда олардың 25-і шетелдік – Ресей, Чехия, Қытай, Испания, Оңтүстік Корея, АҚШ, Катар мемлекеттерінің гранттарына ие. Кейбірінде 5-6 грант қолдарында бар. Ағымдағы жылы мектебіміз халықаралық CIS аккредитациясынан өткен болатын, – деді Ринат Жұмабаев.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев мектепшілік Model United Nations клубымен танысып, Қазіргі замандағы Қазақстан кабинетінде болып, білім ордасының олимпиада мен ғылыми жобалармен айналысатын жас дарындарымен әңгімелесті.

– Білім – ең қымбат қазына, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Сондықтан талмай, шаршамай ізденіп, білім алу керек. Бұл – ең таңдаулы мектептердің бірі. Сапалы білім алу үшін барлық мүмкіндік жасалған.

11-сынып оқушысы  Дияр Туленов  бірқатар олимпиадалардың жүлдегері атанып келеді.

– Индонезияда, Ресейде, Португалияда, Вьетнамда және Австралияда өткен халықаралық олимпиадалардың жүлдегері атадым, бұл менің ұстазымның  және бүкіл мектебімнің қолдауының нәтижесі. Физикадан олимпиада мен үшін өзін-өзі дамытудың тәсілі және менің болашақ мамандығым. Болашақта физика саласының ғалымы болуды мақсат етемін, – деді өз сөзінде Дияр.

Президент Дияр Түленовке болашақта Нобель сыйлығының иегері  атануын тіледі.

Сондай-ақ, Қ.Тоқаев халықаралық WRO-2019 аймақтық кезеңіне қатысып, облыс көлемінен 350ге тарта жиналған қатысушылардың жұмыстарына шолу жасап шықты. Мектеп директоры мәртебелі мейманға НЗМ 10 жылдығына орай шығарылған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» кітабын сыйға тартты. Кездесудің соңында Президент балалармен естелік суретке түсті.

 Божақанова Рымгүл Асылбекқызы
Павлодар қ. химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.