Қамқорлық жасау — Қайырымды қоғамның қағидасы. Республикалық “Қамқорлық” қайырымдылық акциясы биылғы оқу жылында да №85 ЖББОМ-де жүзеге асырылды. «Қамқорлық» акциясының негізгі мақсаты — тұрмысы төмен отбасы балаларына әлеуметтік қолдау көрсету, киім-кешек, оқу құралдарымен қамтамасыз ету, әлеуметтік себептермен сабаққа қатыспай жүрген оқушыларды анықтау, қол ұшын беру. Акцияға осы аталған мектеп ұжымы, ата – аналары жомарттық танытып, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары, ата-ана қамқорынан тыс қалған балалар мен көп балалы отбасынан шыққан балаларды оқушы формасы, сөмке, аяқ киім және оқуға қажетті құралдармен қамтамасыз етті. “Көп түкірсе көл” деген емес пе? Қайырымды жандар біріксе, кез-келген ауыртпалықты жеңуге болады екен. Сонымен қатар айлық барысында «Қайырымдылық асыл – қасиет» тақырыбында 1–11 сыныптар арасында сынып сағаттары мен сурет көрмесі ұйымдастырылып, өткізілді. 1-4 сыныптар аралығында спорттық шаралар өткізілді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, жан-жағына жақсылық жасап, жарымжан жандардың жанын жадыратуға себепші болған барлық ұстаздарға, ата-аналарға алғысымызды білдіреміз.
Аримбекова Нурсауле Нурланкызы,
әлеуметтік педагог,
Қарағанды қаласы