Зияткерлердің сыйлығы

Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары «Мейірімді жүрек» жобасы барысында Брайн үлгісінде жасалған тактилді қазақ әліппесін және 46 шығарма жазылған алты аудиокітапты облыстық көздері нашар көретін балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатына сыйлады.
Бұл игі іс «Қоғамға қызмет ету» жобасы аясында «Зияткерлер достарын қарсы алады» дәстүрлі шарасы аясында жүзеге асырылды. Зияткер шәкірттер  дәл осындай кітаптарды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханаға да тарту етіпті.
Оралдағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Ақмоншақ Жұмаеваның мәліметінше, білім ордасында белгілі бір атаулармен шаңырақтарға бірігетін оқушылардың жеті қауымдастығы бар екен. – Аталмыш жеті шаңырақ жыл бойы облысымыздағы балалар үйлерімен, арнаулы мектеп-интернаттармен, қоғамдық ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс жасап, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Жыл бойы айына бір рет мекемелерге барып немесе оларды мектепке шақырып, шеберлік сағаттарын, тренингтер, психологиялық қолдау шараларын, мереке немесе атаулы күндерге орайластырылған концерттер өткізеді. Ал жыл соңында барлығы зияткерлік мектептің сахнасында «Зияткерлер достарын қарсы алады» атты шығармашылық концертте бас қосады, – деді Ақмоншақ Мақсотқызы.
Осындай дәстүрлі шарада зияткерлер мен арнаулы мектеп-интернаттарының, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері бірігіп өнер көрсетті. Зияткерлік мектептің «Ғажайып» би ансамблі, «Шабыт» вокалды хоры, «Дарын» ұлт-аспаптар оркестрі, «West Beat» барабаншылар ансамблі және өнерпаз ұл-қыздары ән мен биден шашу шашты. Мектеп басшысы Тимур Нұркешов өз сөзінде оқушылардың бойына толеранттылық, мейірімділік, қайырымдылық секілді қасиеттерді сіңіріп, тәрбиелеуге бағытталған аталмыш жоба дәстүрге айналғанын және мекемелермен серіктестік жалғаса беретінін, зияткерлік мектеп оқушылары әрқашан көмекке асық, жақсылыққа құмар екенін жеткізді. Өз кезегінде әлеуметтік серіктес ұйымдардың өкілдері ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты. Мүгедек балаларға арналған облыстық «Бәйтерек» қоғамдық ұйымының директоры Мерует Санкаева мектеппен серіктестік көптеген пайдалы әрекеттерге жол ашқанына, жас ұрпақты тәрбиелеудің осындай құралдары қоғамға аса қажет екеніне тоқталып, алдағы уақытта аталған мекеме мен мектеп арасында жаңа жобалар жасауға ниет білдірді. Шара соңында әрбір шаңырақ өзінің серіктес мекемесіне ақ тілектері мен ізгі ниеттері жазылған хаттарын жолдады. Концерттен кейін зияткерлер достары үшін қолданбалы және көзеші өнері,  домбыра, арт-терапия, робот техникасы бойынша шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, барлығы бірге түрлі бұйымдар жасады, бір сәт робот техникасы әлеміне сапар шекті.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы»,
Орал

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.