Home » Білім және тұлға » Жаны жайсаң, көңілі кең

Жаны жайсаң, көңілі кең

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді біздің дана халқымыз. Жақсы адам -жан дүниесі таза адам. Қай адам болмасын, қандай жағдайда да жанынан жақсы жандарды жолықтырғысы келеді. Яғни, бала үшін ата-анасы қандай ыстық болса, сондай мейірімді жандардың қай уақытта да қасынан табылғанын кім қаламайды дейсің!
Сондай жандардың бірі — Қарағанды қаласының №21 негізгі мектебінің директорының ОТЖ жөніндегі орынбасары Иманбаева Күләш Төкенқызы.
Күләш Төкенқызы 1962 жылы Қарағанды қаласынында туған. Бар өмірін бала тәрбиелеуге арнаған жанның жалпы осы салада қызмет еткеніне 37 жыл толып отыр. Күләш Төкенқызының тәлімін алған 4 кезең  түлектері  үлкен өмір жолына аттанды.Бүгінде апайдан тәлім алған шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде адам деген абыройлы атқа кір келтірмей, аянбай тер төгіп жүр. Еңбек жолын қарапайым тәлімгерліктен бастаған  КүләшТөкенқызының еңбегі еш қалған жоқ, мектеп директорына дейін көтерілді. Осы жылдар ішінде аудан, облыс көлемінде түрлі мақтау граммоталарымен, дипломдармен марапатталып, жүлделі сыйлықтарға ие болды.
Күләш Төкенқызы кез-келген ортада өзін еркін ұстап, мәдениетті сөйлейді, тыңдаушыны өзіне баурап әкетеді. Ол өз мамандығының майталманы екенін ісімен де, сөзімен де дәлелдеді. Үлгі тұтарлық жан екені бірден білініп-ақ тұрды. Күләш Төкенқызы қай жерге бармасын, бей-жай қарап отыратын кісі емес, әр нәрсенің байыбына барып, бастаған ісін аяғына дейін жеткізеді. Күләш Төкенқызының тынымсыз еңбегінің арқасында өзі осы іске мұрындық боп жас жеткіншектердің бойына қазақ елінің, туған өлкесінің тағдырына жауапкершілікпен қарай білетін, Отанын жанындай сүйе білетін, ата-баба салт-дәстүрін қадірлейтін ұрпақ тәрбиелеу мақсатында кадет сыныптарын ашты.
Күләш Төкенқызы сонымен бірге қамқор ана, білікті де білімді маман, жақсы әже, ақылшы дос, дос –жарандарына қадірлі бақытты жан. Бүгінгі күні 2 ұл мен қыз және 4 немере сүйіп отыр.
«Көзің әдемі болсын десең, әдемілікті, жақсылықты көре біл, ернің әдемі болсын десең, әдемі сөйлей біл», — демекші, Күләш апайдың сөйлеген әр сөзінен төгілген маржанды көресің. Оның болмысы қай адамды да тәлім мен тәрбиеге шақырып тұрғандай. Осындай жақсы жандардың жанымда жүргеніне қуанамын, – деп  аға буын әріптесі жайлы ой бөліскен Гүлмира Әмрина Күләм апай жайлы сағаттап сұқбаттасуға   болатынын байқатты.

Әсел Құсайынқызы,
Қарағанды облысы,
«Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.