«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы — 2020» байқауының жеңімпаздары анықталды. Мұндай атаққа 48 білім ордасынан 150 адам ие болды. Жеңімпаздар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асырып, біліктілігін арттыру мақсатында әлемнің жетекші университеттерінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды.
Білім және ғылми министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, конкурсқа республикамыздағы 73 жоғары оқу орнынан 623 үміткер қатысқан. Оқытушылардың қызметі үміткерлердің жұмысын бағалаудың өзекті сапалық және сандық 2 блоктан тұратын көрсеткіштері бойынша бағаланған: I блок – оқыту сапасы, II блок – ғылыми-зерттеу қызметі.
Пандемияға байланысты биыл алғаш рет конкурсқа қатысуға өтінімдер беру, құжаттарды тексеру рәсімі, сондай-ақ апелляция онлайн режимде, Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асқан. «Конкурстың әрбір кезеңінде үміткерлердің жинаған балдары автоматты түрде ақпараттық жүйеде жарияланып, конкурс үміткерлері өз нәтижелерін онлайн режимде бақылай алды. Сондай-ақ үміткерлер үшін сарапшылардың қойған бағаларымен келіспеген жағдайда апелляцияға беру мүмкіндігі болды. Апелляцияға барлығы 280 адам өтініш беріп, 73 үміткердің көрсеткіштері қанағаттандырылды»,- делінген хабарламада.
Республикалық кезеңде үміткерлердің жұмыстарын тексеру мақсатында Республикалық сараптау комиссиясы құрылып, оның құрамына ҚР БҒМ «Adal Bilim» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жобалық кеңсесінің қызметкерлері, ғалымдар мен оқытушылар, сондай-ақ өткен жылдардағы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегерлері кірді. Ұсынылған құжаттарды сапалы және адал тексеру мақсатында кандидаттардың материалдары сараптама тобының мүшелері арасында кездейсоқ бөлінген.