Home » Сценарийлер » Желтоқсан жаңғырығы – тәуелсіздік

Желтоқсан жаңғырығы – тәуелсіздік

Ж.М. Бегеева

Маңғыстау облысы,

Жаңаөзен қаласының

кітапхана меңгерушісі

 

 

 

1-жүргізуші: Құрметті ұстаздар, қонақтар, оқушылар!

«Желтоқсан жаңғырығы тәуелсіздік» атты бүгінгі кешімізге қош келдіңіздер!

Сіздерді еліміздің ең атаулы мерекесі 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне 25 жыл толу мерекесімен баршаңызды құттықтаймыз!

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны шырқалсын!

(Барлығы орындарынан тұрып әнұранды орындайды.).

2-жүргізуші: Қазақстан – тәуелсіз мемлекет! Осы бір қасиетті де қастерлі ұғымға тұнып тұрған киелі атауды ата-бабаларымыз қаншама жылдар, жылдар емес-ау, ғасырлар бойы аңсаған десеңші!

1-жүргізуші: Қазақ халқы Тарих деп аталатын өмір толқынын да ғаламат өзгерістерді бастан кешіріп, XXI ғасыр табылдырығын еңсесі биік ел болып аттағанын мақтанышпен айта аламыз.

2-жүргізуші: Тәуелсіз ел атанып, өз алдымызға жеке мемлекет болып, туған тілімізді мемлекеттік тіл ретінде көкке көтергенімізге де, міне 25 жыл!

1-жүргізуші: Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанды Тәуелсіз Республика деп жариялады. Екі жүз елу жылдай патшалық Ресейдің отары, жетпіс жылдан астам Кеңес өкіметінің тас бұғауында болған Қазақстан егемен ел мәртебесіне ие болды.

2-жүргізуші: Бұл күн ел тарихына Тәуелсіз Қазақстан Республикасының туған күні деп алтын әріптермен жазылды. Қазақ халқы тәңірдің берген несібесімен Тәуелсіздіктің ақ таңын қарсы алды.

1-жүргізуші:

Ақиық ақын Жұбан Молдағалиев: жырлағандай:

Мен – қазақпын қаныммен,сүйегіммен,

Сән салтанат салтымды сүйемін мен,

Бақ орнатам басына моланың да,

Мұрагермін, оған да иемін мен.

Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым өмірге қайта келдім.

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Айта бергім келеді, айта бергім,-деп жар салғанда, қазақ халқының тағдыры қыл үстінде тұрғаны ақиқат екені даусыз еді-ау!

2-жүргізуші: Жеттік, міне,осы күнге көптен бері аңсаған,

Ата-баба ұрпақ, үшін көп қуатын жұмсаған.

Осы күндер құрбан етті талай қазақ жандарын,

Бұл күн үшін неше тұлға аямады қандарын.

1-жүргізуші: Ендеше, оқушыларымыздың Тәуелсіздікке арнаған өлең-жыр шумақтарына кезек берсек. Қошеметпен оқушыларымызды қарсы алайық.

Оқушылар өлеңдерін оқиды.

  1. Ғасырбек
  2. Ақерке
  3. Несібелі
  4. Дана
  5. Айғаным
  6. Айбек
  7. Гүлсара
  8. Меруерт

2-жүргізуші: Тәуелсіздікке өлең-жырларын тарту еткен оқушыларымызға қошемет білдіріп қояйық.

1-жүргізуші:

Нашақор» деп, «Ұлтшыл» деп

Қазаққа күйе жаққан күн.

Базары кетіп бір күнде.

Қайғыға халық батқан күн.

Әділдік пен шындықты

Өтірік, жала жеңген күн.

Надан жасаған сұмдықтан

Адамдар азап шеккен күн.

Қасқалдақ ұшып көлінен

Шүрегей келіп қонған күн.

Қыранды қуып көгінен

Қарғалар билік алған күн.

Адал мен арсыз, аярды

Айырып халық ұққан күн.

2-жүргізуші: 1986 жылғы желтоқсанда жастар тоталитарлық режимге ашық қарсылық көрсетті. Міне, осындай ұмытылмас оқиғадан бері 30 жыл өтті. Өмір өзен толқындары сол кезден бізді алыстатып бара жатса да жүрегімізде мәңгі ұмытылмас бір нәрсе қалды: дүниені дүр сілкіндірген желтоқсан оқиғасының басталу себептеріне назар аударсақ….

Видиоролик «Желтоқсан оқиғасы» көрсетіледі.

1-жүргізуші:

Өкінгенмен пайда жоқ, өтті күндер,

Қыршын кетті, әттең –ай, көк өрімдер!

Еске алдық, дұға оқып, бекзаттарым,

Алладан нұр, жұмақта көгеріңдер

Келесі кезекте оқушыларымыздың Тәуелсіздікке арнаған өлең-жыр шумақтарына берсек. Оқушыларымызды қошеметпен қарсы алайық.

Оқушылар өлең-жыр шумақтарын оқиды.

  1. Жұлдыз
  2. Жансая
  3. Салтанат
  4. Ерсін
  5. Дана
  6. Ақтолқын
  7. Айгерім

2-жүргізуші: Оқушыларымызды қошеметпен шығарып салайық.

1-жүргізуші:

Желтоқсан – заман толғағы байтақ даланың,

Шарпысқан сәті үміт пен күдік,наланың.

Желтоқсан – Қайрат, Ләззат пен Сәбира

Құрбаны болған жаланың….

2-жүргізуші: Ендеше «Желтоқсан құрбаны — Қайрат» атты сахналық көрініске назар аударыңыздар!.

«Көрініс» көрсету (Сахна ашылады). Сахнаға Қайрат және Ләззат шығады, қолдарында кітап, дәптері бар.

Ләззат: Қайрат сен естідің бе? Кеше Қонаев ағамыз орнынан алыныпты дейді.

Қайрат: Қойшы, рас айтасың ба? Кімнен естідің?

Ләззат: Кеше куратор ағайдан естідім. Бүгін Брежнев алаңына көп адам жиналысып жатыр дейді.

Қайрат: Неге? Неліктен?

Ләззат: Қонаевтың орнына Ресейден бір орыс келіпті дейді. Халық наразылық білдіріп жатқан көрінеді. Куратор ағай ол жаққа бармаңдар деп ескертті.

Қайрат: Қой, біздің мында тығылып қалғанымыз дұрыс болмас. Жүр кеттік, тез барайық.

Алаңда жастар бейбіт, жайбарақат, қолдарында «Каждому народу –своего вождя», «Колбин долой!» «Қазақстан жасасын!» деп жазылған плакаттар.

Дауыс: Қонаевты шақырыңдар! Ақиқатын айтып түсіндірсін барлық жайды!

Дауыс: Қазақстаннан адам табылмады ма? Қазақстанға басқа жерден басшы әкелгені несі?

Дауыс: Талап-тілегімізді айтамыз. Шықсын ортаға басшылар. Колбин долой! Колбин долой!

Прокурор: Жастар! Мен Республика прокурорымын. Тарқаңдар! Жатақтарыңа қайтыңдар! Әйтпесе мен сендерге күш қолданамын!

Әскери адам: Первая рота! Слушай мою команду! Производится операция! «Құйын» Немедленно розогнать экстремистов и хулиганов!

(Осы кезде залға сырттан қаруланған әскери адамдар келіп, алаңдағы жастарды ұрып-соға бастайды. Шеруді қуғындау басталады) Перде жабылады.

Перде ашылады. Темір тордың ішінде Қайрат өлең жазып отыр (Басы жарақат алған, қан ұйыған, бинтпен басы ораулы, жейдесі жыртылған).

 

Қаймана қазақ қамы үшін,

Қарусыз шықтық алаңға

Алыстан әскер алдырып,

Қырып салды-ау табанда

 

Сөйлесем даусым жетпейді,

Кез болдық мынау заманға

Шовинизм еді ғой,

Басты себеп жанжалға.

 

Камераға (түрме) жасақшы келеді: — Заключенный Рыскулбекова на допрос! (Қайратты алдына салып тергеуге алып келеді)

Тергеуші: Айыпты Рысқұлбеков, халық жасақшысы Совицкийді өлтірген сен бе?

Қайрат: Жоқ, мен емес.

Тергеуші: Сен өлтіргенсің. Мойныңа ал.

Қайрат: Мен өлтірген жоқпын. Өтірік жала жаппаңдар!

Тергеуші: Мойныңа ал, бәрібір құтылмайсың, декабрист, несчастный! Бұзақы. Алып кетіңдер (қолымен столды ұрып айқайлайды).

Жүргізуші: Сот залында.

Прокурор: Қылмыскер Қайрат Рысқұлбеков. Сен желтоқсанның 17-18 күні алаңға бардың ба?

Қайрат: Ия, бардым.

Прокурор: — Не мақсатпен ?

Қайрат: Ол жерге барған себебім! Біріншіден ел айтқан, естіген сөздерді өз көзіммен көру үшін бардым. Екіншіден, алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып жатыр деген соң ол жерде қаракөз қарындастарыма қолымнан келгенше бар көмегімді бергенім рас. Ол үшін еш өкінбеймін, керісінше мақтан тұтамын.

Прокурор: Сен 9 машинаны өртепсің, соны мойындайсың ба?

Қайрат: Жоқ, ондай жалғандықты мойындамаймын.

Хатшы: Сот кеңесуге кетеді (Сәл уақыттан соң). Сот келе жатыр. Тұрыңдар!

Сот: Қазақ Кеңесі Совет Республикасының жоғарғы соты үкім етеді. Қылмыскер Қайрат Рысқұлбеков Совицкийдің өліміне байланысты және 9 автомашинаны өртеп, 152 автомашинаны зақымдап, 362 милиционер мен 196 әскерді жаралап, ауруханаға түсуіне қатысты деп тауып, ату жазасына үкім шығарды.

Қайрат. Жоқ, бұл әділдік емес.

Анасы: Бұл үкім дұрыс емес. Менің балам ақ, ол қылмыскер емес.

Сот: Қайрат Рысқұлбеков ақтық сөзің бар ма?

Қайрат: Бар.

Қазақ деген атым бар

Күнәдан таза басым бар

21-де жасым бар

Қасқалдақтай қаным бар

Бозторғайдай жаным бар

Алам десең алыңдар

Қайрат деген атым бар

Қазақ деген затым бар

Еркек тоқты құрбандық

Атам десең атыңдар

Мен не етермін, не етермін

Мен келмеске кетермін

Көрмеген қош бол таңдарым,

Көре алмай мен өтермін

Хош аман бол артымда,

Ағайын-туыс азамат,

Артымда қалған ата-анам,

Ел-жұртым саған аманат!

Қайраттың анасы: Шырақтарым кешіріңдер! Ол әлі жас қой! Кешіріңдер, балаларым! Сендердің де балаларың бар шығар? Мен анамын, ақ жаулығымды сыйласаңдаршы? Оның атынан мен кешірім сұраймын. Кешіріңдер! (екі қолын жайып аңырап отырып қалады).

Қайрат: Көтер ана басыңды, мына иттерге көрсетпе көз жасыңды. Ардақты анашым! Бар жеткен жерім осы. Аяғыңызға жығылайын! Ақ сүтіңді ақтай алмай көз жұмып бара жатқаным үшін сорлы балаңды кешіріңіз! Өтінемін, кешірім өтінемін! (Көпшілікке қарап) Бауырларым, сендер де кешіріңдер! Түсініңдер мені.

Қош болыңдар бауырларым! Қош бол, жарық дүние! Бар бақытымды о дүниеден табармын.

1-жүргізуші: 1988 жылы 21 мамырда Семей қаласындағы түрменің 21 камерасында Қайрат 21 жасында «өзін-өзі өлтірді» деген атпен құпия түрде қаза тапты.

Қайраттың анасының жоқтауы (мұңды сазбен…).

2-жүргізуші: Желтоқсан құрбандарының рухына, Армиева Арайлымның орындауында «Желтоқсан желі ызғарлы» атты әнін қабыл алыңыздар.

(Ән айтылып тұрған кезде оқушылар, қолдарына желтоқсан батырларының суреттерін, гүл шоғын, май шамдарын ұстап еске алып, тағзым етіп тұрады, Желтоқсандағы оқиғалар слайдпен көрсетіледі).

1-жүргізуші: Араға жылдар салып тарих қойнауына кіріп бара жатқан желтоқсан оқиғасындағы халқымызға жағылған қара күйе «ұлтшыл», «нашақор» деген атақтар халқымыздың біртуар қалаулы ұлы Мұхтар Шахановтың басшылығымен қайта қаралып, 1991 жылғы 12 желтоқсанда оқиғаға қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылған азаматтарды ақтау туралы және 17 желтоқсанда «ҚР-ның демократиялық жаңару күні деп жариялау туралы» Республика Президентінің жарлығы шықты.

2-жүргізуші: Тарихтағы әрбір оқиға көңіліміздегі нұрды, санамыздағы сырды, жүрегіміздегі жырды тасытатын, аттары алтын әріппен жазылған асыл арыстарымыз бен есіл ерлеріміздің есімі жас ұрпақ жадында жатталуы керек-ақ!

1-жүргізуші: Тәуелсіздік тұғыры биіктетіп, егемендігіміздің ірге тасын нығайта түсу, әрқайсысымыздың адами қарекетіміз бен қарым-қабілетімізге тікелей байланысты екенін ешқашан естен шығаруға болмайды.

Ғасырлар бойы аңсатып жеткен азаттықпен, тәуелсіздікпен келген халық рухының асқақтығы мәңгілік болғай!

2-жүргізуші: Ғасырлар бойы жасаған халқымыздың ерлік істері нәтижесіз емес. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Мемлекетіміз Қазақстан тәуелсіздікке жетті. Қазақстан Республикасы дүние жүзіндегі бар қазақтың Отаны болып табылады. Халық болып, ел болып Ата Заңымыз –Конституциямызды қабылдадық. Мемлекетіміздің дербестігін білдіретін аспан түстес Туымыз, халықты елдікке, бірлікке шақыратын Әнұранымыз, Елтаңбамыз бар. Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі, Мемлекеттік тіл болып қабылданды.

1-жүргізуші: Ендеше, назарларыңызды экранға аударсақ. Слайд №2 «Қазақстаным менің»

2-жүргізуші: Ендігі кезекте осы кешті ұйымдастырушы мектебіміздің кітапхана меңгерушісі Бегеева Жамал Мұздықызының «Менің Отаным Қазақстан» атты кітап көрмесіне назар аударыңыздар! (Көрмеге шолу).

Кітапханашы: Назар салып тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет! Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербелген ардақты ағайындар, Егемен еліміздің іргесі мықты, аспаны ашық, бейбіт өміріміз мәңгі болсын, ең ұлық, ең қастерлі мерекеміз – Тәуелсіздік күні тағы да құтты болсын дегім келеді.

1-жүргізуші:

Ең бірінші бақытым – халқым менің,

Соған берем ойымның алтын кенін…

Ал екінші бақытым – тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім…

Бақытым бар үшінші – Отан деген,

Құдай деген кім десе, Отан дер ем!-деп Мұқағали ақын жырлағандай халқымның тілеуімен келген Тәуелсіздігіміз баянды болғай, Әнұранымыз әуеде асқақтап, елтаңбамыздың еңсесі биік болып, туымыз көкте шарықтай берсін!

2-жүргізуші: Құрметті жиналған қауым! .Сіздерді тағы да тәуелсіздігіміздің торқалы тойымен құттықтай отырып, мемлекетімізге жарқын болашақ, барлығыңызға саулық тілейміз.

Күй, сені тәтті көрем, жаным сүйіп,

Тыңдаймын тыным алмай, жанып-күйіп

Өмірдің сырын ашып жүрегіме

Музаның әміріне басымды иіп.

Алайық ескі күйдің бәрін жиып,

Жандырған ой-қиялды қалың күйік

Шерттіріп құнарлырақ домбыраға

Тербеліп ырғағына тамылжиық-дегендей, ендігі кезекті домбыраға берейік. 10 «А» сынып оқушысы Амалбектің орындауында Мұрат Өскенбаевтың «Жеңіс» күйі тәуелсіздігімізге арналады.

2-жүргізуші: Мерекеміздің құрметіне 8«Ә» сынып оқушысы Телова Жайнаның «Қазақ биін» тамашалаңыздар.

2-жүргізуші: Айымыз жарық, күніміз нұрлы болсын деген ниетпен бүгінгі сіздердің құрметтеріңізге Ақеркенің орындауында «Қазақ елі» әнін қабыл алыңыздар! (кешке қатынасқан оқушылар сапқа тұрып, көк жалаушаларды көкке көтеріп, әнге қосылып тербеп тұрады)

1-жүргізуші: Осымен бүгінгі кешімізді аяқтай отырып, мектеп басшысы Зина Орысбайқызына және де кешке қатысып отырған қонақтарға сөз береміз.

2-жүргізуші: Кешке атсалысқан оқушыларды марапаттауды мектеп басшысы Зина Орысбайқызына тапсырамыз (марапаттау).

Келесі кездескенше қош сау болыңыздар!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.