Home » Эссе » Жаңа өмірдегі ұстаз

Жаңа өмірдегі ұстаз

Ұстаз… Осы бір сөздің өн-бойынан ұлағаттылық пен парасаттылық деген ұлы ұғымдар жарыса бой көрсетіп тұратындай. Баяғыда үлкендер «Мұғалім бол!» деп бата беріп жататын. Халықтың ұстазға деген қылаусыз құрметі еді бұл.

Ұлы Абай «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұстаздыққа лебіз қосады. Шәкірт жүрегіне жол тауып, оны алға жетелейтін алтын бұйда – ұстаз қолында. Тәлімді тәрбиесімен, парасат – пайымымен, білімімен үлгі көрсетіп, шәкірт санасына нұр құятын Ұстаздық мамандығы сонысымен де құрметті, сонысымен де қадірлі болса керек.

Бүгінгі ұстазға қойылар талап жоғары, жауапкершілік жүгі ауыр. Өскелең өмір сұранысына орай жас жеткіншектерге сапалы білім, саналы тәрбие беру ұстаздар қауымынан терең білімділік пен төзімділікті талап етеді. Шәкірт санасына алтын арқау, жібек желі болып тартылып, шәкірттердің мектеп қабырғасындағы үлгі тұтар адамына айналу айтуға ғана жеңіл шығар. Үлгісі мен үрдісін, білімі мен білігін дәлелмен дәйектеп, шәкірт көңілінің ынталы ізденісіне, танымдық тұрпатына жолбасшылық жасау оңай емес. Тар ая, тапшы түсінік бүгінгі оқушының көңіліне жұбаныш, арманына алданыш бола алмайды. Сондықтан да шәкірттің мектеп қабырғасындағы тірегі де, жүрегі де ұстаз болуы заңдылық.

Бүгінгідей ақпараттар ағыны тасқындай төгіліп жатқан тұрпаты бөлек кезеңде ақ пен қараны ашып айтып, ұлттық рухымыз елдігіміздің райы да, шырайы да екенін оқушы санасына сыналай сіңіріп, көзмоншақтай болса да шәкірт бойына салт-дәстүрімізден дән ексек – ұстаз ойының орындалғаны. Азат ой мен сергек сезім ұстаздың ұстанымына айналып, шендессіз шеберлікпен ұштасып жатса – мұратына жеткені. Сондықтан да әлімсақтан әрі, болымсақтан бері ұстаз есімі құрметпен аталып келеді. Ұстаз, ол – бағбан. Ұрпақ тәрбиесінің тәлімгері. Көңілден көшіп, санадан өшпейтін ұлы есім. Мына дүрдана дүниедегі айшуақ атқа ие ұстаздар қауымының еңбегі – ерен еңбек. Сондықтан да мен өзімнің мамандығымды мақтан етемін. «Мен – Ұстазбын!» деп әлемге жар салғым келіп тұрады. Шәкірт жүрегіне білім деген шамшырақтан алау жақсам, көңіліне жалау тақсам деген арзу-арман әр ұстаздың бойында бар. «Қарағайға қарап тал өсер» дейді халық даналығы. Ұстазына қарап ойы мен бойын түзеген шәкіртке көшелі ісімен көшбасшылық жасай білу – парасаттылық. «Сіз» деген әдептен озбай, мал сақтамай, ар сақтаған, ұстаз есімін ардақтаған кешегі үлкендердің көргені жақсы тәлімін жастарымыздың бойына сіңірсек құба-құп. Расында да ұстаз деген ұлағатты есім ғой.

Фазылова Манар Айткалиевна

     «№23 ЖББОМ» КММ математика пәні мұғалімі,

Қарағанды қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.