Home » Баяндамалар » Жаңашыл ұстаз

Жаңашыл ұстаз

Жаңашыл ұстаз – заман талабы. Теориялық білімін тәжірибе жүзінде іске асыра алатын, жауапкершілігі жоғары, ізденімпаз жеке тұлға болуы тиіс. Ең жақсы мұғалім – шәкіртінің жанын түсінетін, оны өз перзентіндей сүйе алатын, оқушы үшін бойындағы барын беретін, шәкіртін өздігінен білім алуға жетелейтін мұғалім. «Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік сол білімді іске асыра білу дағдысы» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қоғамда мықты, білігі жоғары, жаңашыл ұстаздардың болуы – өмір талабы. Жас ұрпақты оқытуда, оқушының тұлғалық деңгейін қалыптастыруда түрлі инновациялық әдіс-тәсілдерді кең қолдануды қажет етеді. Шәкіртке білім нәрін жылулықпен бере білу де аса қажеттілікті керек ететіні де белгілі. Қазіргі таңда білім саласында үнемі өзгерістер болып жатыр. Сол өзгерістерді енгізіп, көштен қалмай бірге жүруге тура келеді. Педагогикалық ізденіс барысында оқушыларды тәрбиелеу мен оқытуда жаңа әдістемелерді қолдануды оқу үдерісіне енгізудің маңызы ерекше. Жаңа технологияның басты мақсаттарының бірі – баланы оқыта отырып оның еркіндігін, белсенділігін қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру. Мемлекетіміздің болашағы – бүгінгі мектеп оқушылары. Оларға бірдей талап қойып, олардың табиғи қабілеттерін, нақты мүмкіндіктерін анықтап, соған негіздеп оқыту бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды. Қазіргі талап – оқушыларды ойландыру, сезіндіру, ақпараттық құралдар арқылы өз беттерінше еңбектеніп, оқуға баулу.

Елбасымыздың: «Ел ертеңі – білімді жастар» деп, бар үмітті жас жеткіншектерге артып отырған сәтте заман көшінен қалыс қалуымызға болмайды. Өйткені жаңа заман өзінің жаңа тұлғасын: қоғамдық-әлеуметтік ортада өзін еркін ұстай алатын, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлғасын қалыптастырады. Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген бағдарламалар нақты және күрделі жағдайларды қалай талдау қажеттігін, оқушыларды ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындау үшін мектеп тәжірибесіне қалай өзгеріс енгізіп, осы шара барысында күтілетін нәтижелерге қол жеткізілгенін қалай бағамдау қажеттігін терең түсінуді көздейді. Сондықтан менің Педагогикалық шеберлік орталығында оқудағы мақсатым – кәсіби шеберлігімді кеңейту, табысты және жаңашыл мұғалім мектепте, қоғамда қанаты талмайтын көшбасшы болу.

Аз уақыт ішінде курстың мақсат-міндеттерін орындай отырып, біршама нәтижеге қол жеткіздім деп және іс-тәжірибеме өзгерістер енгізе отырып, өзімнің де өзгергенімді айта аламын. Мұндай деңгейлік оқулар мұғалімдердің кәсіби дамуына мүмкіншілік береді, оқушыларды қалай оқу керектігіне үйретеді. Соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған оқушы қалыптастыруға даярлайды. Оқушы алған білімін өмірде қолдана білуіне көңіл бөлдім. Мен өз тәжірибемде физика сабағында оқушылардың бірлескен оқуын жүзеге асыру мақсатында, кеңінен қолданыстағы сын тұрғысынан ойлау технологиясын дамыту, топтық әдістер арқылы оқушылардың өзара ынтымақтастығын нығайту және дамыту үшін жеті модульдің әдіс-тәсілдерін қолдандым. Оқушылар топтық жұмысты ұнатады, олар үшін ең маңыздысы терең білім алу және өздері үшін оқиды, яғни алға деген ұмтылыс бар. Өз ойларын сабақта айту оқушылар үшін өте маңызды. Оқушылар үшін мұғалімнің өзіне үнемі көңіл аударуы және жауап беру арқылы бағалануы маңызды, осы мәселені тиімді, жүйелі шешу үшін мұғалімдер оқушылармен топтық жұмысты, диалогтық тәсілді оқытуда тиімді қолдануды жолға қою керек сияқты. Оқушылардың жауабын бағалаудың бір жақтылығын жою мақсаты тұр. Оқушының әрбір жетістігін қалт жібермей мақтап, мадақтап отырса, оқушыға оң әсер етуі әбден мүмкін. Сондықтан мұғалімдер қалыптастырушы бағалауға көп көңіл бөліп, оқушымен арадағы диалогты дұрыс, тиімді, мәдениетті және жетелеуші түрде ұйымдастыру керек. Мектептегі әрбір мұғалім өз сабақтарында топтық, жұптық жұмысты тиімді пайдалану керек, өйткені қазіргі кезде топтық жұмысты жолға қойған мұғалімдердің жұмыстары жеңілдеген. Есесіне оқушылардың білім сапасы да артқанын байқауға болады. Ал, оқытуда интерактивті оқыту – бұл, ең алдымен, сұхбаттасып оқыту, оның барысында мұғалім мен оқушының өзара әрекет етуі жүзеге асырылады. Осы жерде оқушылардың жауаптарынан гөрі мәселенің шешімін табуға талпынғаны маңызды. Себебі, интерактивті оқытудың басты мақсаты – оқушыларды өз бетінше ой қорытып, жауап табуға үйрету. Әсіресе табиғатынан тұйық, өз ойын жеткізе алмайтын, өздеріне сенімсіздеу оқушыларға пайдасы зор. Ал мұғалімнің міндеті – оқушының неғұрлым белсенділік танытуына жағдай жасау, қажет кезде жол көрсету болып табылады. Мұнда мұғалімнің шығармашылықпен жұмыс істеуі үлкен рөл атқарады. Нәтижесі – жинақталған білімін пайдалана алуда.

Мен өз тәжірибемде әріптестеріммен кәсіби әңгіме жүргізу арқылы «Қыран» кәсіби қоғамдастығының жоспарымен таныстырдым. Себебі қоғамдастық аясындағы қызмет оқушылардың білім алуына және басқа мектептердегі болып жатқан үдерістерді біліп отыруға мүмкіндік береді. Оқушылардың білімін жақсартуға, ойлау дағдыларын көтеруге әріптестеріме «Сыни тұрғыдан ойлау модулінің тиімділігі неде?» коучинг-сабақ өткіздім. Бұл коучинг-сабақ арқылы мен әріптестеріме сыни тұрғыдан ойлау модулінің әдіс-тәсілдерін сабақтарында   тиімді қолдануларына үлес қостым деген ниеттемін. Бала, ата-ана және мектеп – осы үш бірлік жұмыс атқарғанда ғана білім саласында табысты нәтиже болғандықтан мен ата-аналармен дөңгелек үстел өткіздім. Ата-аналармен   дөңгелек үстел өткізу барысында ата-ананың өз балаларына, мұғалімдеріне деген көзқарастарын білу мақсатында сауалнамалар жүргіздім. Оқушылар келешекте мамандық таңдауда қателеспеу үшін, оқушының уәжін ояту мақсатында 9-11 сыныптар аралығында «Кім боламын?» тақырыбында дөңгелек үстел өткіздім. Оқушыларды мазалап жүрген сұрақтарына жауап беріп, пікірлерін тыңдап   бағыт-бағдар бердім. Жас мамандардың проблемаларын шешу мақсатында «Жас маманға қандай көмек беру керек?» тақырыбында кәсіби сұхбат өткіздім. Жас мамандардың проблемасын шешу үшін сабақта қолданылатын модульдер мен   оның әдіс-тәсілдері жайлы тренингтер өткіздім. Оқушының оқу мен оқыту жайлы, мұғалімдер жайлы ой –пікірлерін білу ушін «Оқушы үні» жобасы кезеңінде сауалнама жүргіздім. Оқушыларға сапалы да тиянақты білім беру үшін   пәнді жан-жақты игеріп, оқушы санасына жеткізе білу, шығармашылық ойын   қалыптастыру оқушылардың белсенділіктері арқылы жүзеге асырылатынына әріптестеріммен пікірлесіп, қоғамдастықтағы көрші мектептермен тәжірибе алмасудан соң көз жеткіздім. Әріптестерімнің қолдауы мен белсенділіктері менің көшбасшылық жұмыстарымды шабыттандырды.

Курста менің алғаным көп, атап өтсем, курста бірге оқыған әріптестермен қауымдастық құрып, олармен ақылдасып, кеңесу мүмкіндігі туды, өзімнің қабілеттерімді аша түстім деуге болады және ең бастысы, мен көзқарасымды өзгерттім. Себебі, мен мұғаліммін, балаларға өмірлік жолын табуға бағыт берушімін, сол үшін үнемі алға ұмтылуға, жаңашыл болуға міндеттімін. Қорыта айтқанда, А. Байтұрсынов атамыз былай деген екен: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы….». Демек, білім сапасын көтерудің негізгі тетігі ұстаздың бейімділігінде.

Ал жаңашыл ұстаз қандай болмақ деген сұраққа жауап іздеп көрсеңіз, оны былай көрсете аламыз:

Мұғалім – рухани демеуші, мұғалім – программист, мұғалім – зерттеуші, мұғалім – эксперт, мұғалім – режиссер, мұғалім – тіл партнеры.

Міне, осындай икемдігі бар ұстаз – жаңа заманның айнасы.

Есейтова Алуаш Тажихановна,

                                                          №134 жалпы орта мектебінің

                                                              физика пәнінің мұғалімі,

Оңтүстік Қазақстан облысы,

                                                            Сарыағаш ауданы

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.