«BilimLand» — Қазақстан Республикасы Президентіне таныстырылған жобалардың бірі. Оның әзірлеушілері – «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың жетекші университеттерін бітіріп келген стипендиаттар. Білім беру саласындағы әлемдік тәжірибені зерттеп, зерделеген олар қазақстандық үштілді қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде платформаны жасап шығарды.
Бүгінде портал орта мектепте оқытылатын негізгі пәндердің интерактивті ресурстарының ірі кешені болып табылады. Платформаны оқу үдерісін ұйымдастыруда мұғалімдер ғана емес, сондай-ақ өздігінен оқып үйренуші оқушылар да еркін пайдалана алады.
«BilimLand» ресурсына қосылу арқылы мұғалімдер үш тілде қолдануға дайын 40000-нан астам цифрлық білім беру сабақтарына қол жеткізе алады, сонымен қатар, 1000000-нан астам сыныпта және үйде мультимедиялық материалдарды қолдана алады.
Жыл сайын «BilimMediaGroup» ЖШС www.bilimland.kz, www.itest.kz, www.imektep.kz инновациялық білім беру платформаларының ресурстарын пайдалану арқылы республикалық байқау өткізіп тұрады.
Осы жылы «Жаңашыл мұғалім-2017» байқауы екі кезеңде төрт аталым бойынша жүргізілді:
- Сабақтағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар;
- Тәрбие жұмысындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар;
- Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ҰБТ-ға дайындауда қолдану;
- Шағын жинақты мектептегі (ШЖМ) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар.
Байқаудың басты шарты мұғалімдердің білім беруде АКТ әдістерін оңтайлы пайдалана білуі, шығармашылық әлеуетін танытуы және BilimLand.kz ресурсын оқыту үдерісінде тиімді қолдануы болып саналады.
«Жаңашыл мұғалім-2017» байқауының бірінші кезеңі 2017 жылдың 10 қаңтарынан басталып, 1 наурызға дейін жалғасты. Байқауға қатысуға Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңнан астам ұстаз, оның ішінде Павлодар облысынан 198 мұғалім өтінім қалдырып, өздерінің бірегей жұмыстарын жолдаған болатын.
Байқаудың екінші кезеңі 2017 жылдың 13 наурызында басталып, 1 мамырда аяқталады. Екінші кезеңге өткен, байқау қатысушылары өз жұмыстарын видео үлгісінде: өзі туралы видеотаныстыру (ұзақтығы 5 минуттан аспайтын видеоролик) мен bilimland.kz ресурстары кіріктіріліп өткізілген сабақтың немесе сынып сағатының видеоүзіндісін (ұзақтығы 10 минуттан аспайтын үзінді) түсіріп, жіберді.
Екінші кезеңге облыс бойынша 101 педагог өтті, ал оның ішінде 60 мұғалім өз жұмыстарын ұсынып, ақтық кезеңге өтті.
«Тәрбие жұмысындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» аталымы бойынша Екібастұз қаласының мемлекеттік тілде оқытатын дарынды балаларға арналған «Зерде» мамандандырылған жалпы білім беру мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Алия Бекешқызы Темирханова жеңімпаз атанып, дипломмен және 250 000 теңге ақшалай сертификатпен марапатталды.
Әлия Бекешқызы әр сабағында жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияны тиімді пайдалана отырып, оқушының қызығушылығын ғана тудырып қоймай, білімнің сапалылығына басты назар аударады. Үздіксіз жұмысының нәтижесінде оқушылары әр түрлі зияткерлік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері болып табылады.
Екінші кезеңге өткен барлық қатысушылар Bilim Media Group компаниясы атынан алғыс хаттармен және байқауға қатысқандығы жөнінде сертификатпен марапатталады.