Қай кезеңде болмасын ұлттың болашағы бүгінгі бастауыш саты маманының қолында десек артық айтқандық емес. Міне, осы жағдайда баланың толыққанды білім алуына мүмкіндік туғызатын әдіс-тәсілдерді қолданып, сапалы нәтиже көрсету үшін бастауыш мектепте жұмыс істейтін мұғалімдерден үлкен шеберлік, біліктілік күтіледі.
Жалпы орта білім беретін мектептердің бастауыш сатысына мамандар даярлауда Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледжі республикадағы алдыңғы қатардағы оқу орны болып есептеледі. Қазіргі таңда колледж 7 мамандық бойынша мамандар даярлау жұмысын жүзеге асырып отыр. Соның ішінде «Бастауыш мектеп» бөлімінің алатын орны ерекше. Бөлімнің басты бағыты – бастауыш мектептерге білікті маманның қажеттігін бағдар ете отырып, болашақ ұстаздарға барынша терең білім беру. Сондықтан бастауыш сынып мұғалімдеріне зор жауапкершілік жүктелетіндігі, мамандықтың қыры мен сыры туралы әрбір дәріс барысында, білім жетілдіру кезеңдерінде болашақ мамандардың саналарына терең сіңіріледі.
Бастауыш мектеп – оқушының үлкен арманға жетуінің, дүниетанымының алғашқы баспалдағы, алғаш рет ғылыми білімнің нәрін бойына жинап, сауатты сөйлеуін, жылдам есептеуін қалыптастыратын орта. Қазіргі мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер еліміздің ертеңгі тұтқасы десек, оларды нағыз азамат етіп тәрбиелеу – әрбір ұстаздың борышы.
2016-2017 оқу жылы 1-сынып мұғалімдері мен оқушылары үшін ерекше оқу жылы болып табылады. Елімізде мектеп табалдырығын аттаған барлық 1-сынып оқушылары ҚР МЖМБС-2015 сәйкес жаңартылған білім бағдарламаларымен оқуды бастады. Осыған орай, республикамыздың бастауыш сынып мұғалімдерін жаңартылған білім мазмұнына сай оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері бойынша деңгейлік курстарынан өткізу жұмыстары жүргізілуде.
Бастауыш мектеп мамандарын даярлауда педагогикалық колледждердің өзіндік орны, тағылымды тарихы, қалыптасқан әдіснамалық және әдістемелік жүйесі, дәстүрі бар екендігін естен шығармауымыз қажет. Мұны айтудағы себеп – педагогикалық колледждердің мамандары бастауыш білім жүйесіндегі жаңалықтар мен өзгерістерден көбіне шет қалып жатады. Колледждер бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын оқу орындары болғандықтан, бастауышқа қатысты болатын өзгерістерден алдын-ала хабардар болып, жаңалықтардың алдында болғаны дұрыс деп есептеймін. Сондықтан педагогикалық колледж оқытушылары енгізілетін жаңалықтардың басы-қасында болып, жуан ортасында жүруі керек. Ал енді жаңартылған білім мазмұны бойынша өткізіліп жатқан курстардан педагогикалық колледждердің арнайы пәндерден сабақ беретін оқытушылары алдымен өтуге және педагогикалық колледждер бастауыш сыныптардың оқулықтарымен, оқу-әдістемелік кешендерімен бірінші кезекте қамтамасыз етілу тиіс деп ойлаймын.
Педагогикалық колледждердің оқу жоспарына сәйкес бүгінгі күні бастауыш мектеп бөлімінің 4-курс студенттері байқау, дипломалды практикасынан өтуде. Алайда, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша арнайы пән оқытушылары курстардан өтпегендіктен және 1-сыныптың оқулықтарының толық болмауынан, кейбір қиындықтар туындауда. Дегенмен, колледж ұжымы қол қусырып отырмай, әлеуметтік серіктестермен бірлесіп, жұмыстар атқарып жүр. Әлеуметтік серіктестіктермен тығыз шығармашылық байланыс орнату мақсатында 2015-2016 оқу жылынан бастап «Бастауыш сынып оқушыларының ұжымдық таным іс-әрекетін ұйымдастырудың педагогикалық мүмкіншіліктері» тақырыбында Көкшетау қаласының М.Ғабдуллин атындағы көптілде оқытатын мектеп-гимназиясымен бірлесе отырып, атқаратын жұмыс жоспары құрылды. Колледжде жоспарға сәйкес студенттерді жаңартылған білім беру мазмұнымен таныстыруға арналған «Жаңартылған білім беру – сапалы білім беру негізі» атты тақырыпта семинар ұйымдастырылды. Семинарға пән оқытушылары, бастауыш мектеп бөлімінің студенттері қатысты. № 3 мектептің бастауыш сынып мұғалімдері, колледжіміздің түлектері Қазына Әлмағанбетқызы және Гүлнәш Құрманқызы жаңартылған білім беру бағдарламасының мазмұнымен таныстырды. Бастауыш сынып пәндерінің оқулықтарына тоқталып, ерекшеліктері туралы түсінік берді. Одан соң дүниетану пәнінен «Адам» тақырыбы бойынша студенттерді топқа бөліп, практикалық сабақ көрсетті. Әр топ тақырыпқа сәйкес тапсырмаларды орындады. Студенттер семинардан әсерлерімен бөлісіп, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Математика және оқыту әдістемесі пәнінің оқытушысы Ө.Төлеген 1-сыныптың математика пәнінің оқулығына салыстырмалы түрде талдау жасап, жаңа оқулықтың ерекшеліктеріне тоқталды. Семинар соңында педагогика пәнінің оқытушысы Г.Шәкіржанова студенттермен кері байланыс орнатып, сауалнама алды. Студенттерге әдістемелік көмек ретінде әлі де бірнеше іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.
Тек еркі мықты, берік мінезді адам ғана білім алу жолында зор табысқа жете алады. Болашақ маман иесі қазіргі қоғам талаптарын ескеріп, өзінің алдына педагогикалық міндеттерді қоя және шеше білетін, оқыту мен тәрбиенің озық технологияларын меңгерген, білім беру процесін басқара алатын, тәжірибеде педагогикалық жағдайларды балалар тұлғасының дамуына бағыштап, жобалай және жүзеге асыра алатын бәсекеге қабілетті, шығармашыл тұлға болуы қажет.
Қаракөз МҰҚЫШЕВА
Бастауыш мектеп бөлімінің меңгерушісі,
педагогика ғылымдарының магистрі
Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледжі
Көкшетау қаласы