Home » Мақалалар » Тәуелсіз елдің ұрпағын тәрбиелеу

Тәуелсіз елдің ұрпағын тәрбиелеу

Қазіргі кезде бәсекеге қабілетті,  заман талабына сай, жан-жақты, білімді ұрпақ тәрбиелеу басты мақсат болып отыр. Баланы дұрыс тәрбиелеп, алға жетелеу ата-ана мен ұстаздың міндеті. Екеуінің де тәрбиесі бір бағытта жүретін болса, бірлескен одақтың нәтижесі болмақ. Дегенмен, бала ең алғаш дүниеге келгеннен соң тәрбиені отбасынан алады. «Балапан қыран болу үшін, оны самғатып ұшыратын ата-ана  қыран болу керек» деген дана халқымыз. Отбасы адамзат бесігін тербететін ұя. Осы сөзді арқау ете келе әлемдік деңгейге көтерілген ғалымдар мен қазақстандық ғалым-жазушылардың пікірлеріне тоқтала өтейін.
«Тағдыр таразысының қалай ауатыны, бесіктің қалай тербелетініне байланысты» дейді поляк ақыны С.Ежи Лец. Бұл нақыл сөз іспетті даналықта баланы шақалақ шағынан бастап қай жолға, қай бағытқа, қай салаға, тіпті қай мәдениетке бағыттасаңыз, сол бағыттың жүргізушісі болып қала береді деген ұғымға келіп саяды. «Баланы тәрбиелеу үшін әркімнің өз тәжерибесі жеткіліксіз. Басқа да адамдардың тәжірибесімен танысу керек», дейді М.Жұмабаев. «Бойда қайрат, ойда көз, Болмаған соң айтпа сөз» дегеннің кері. Бала тәрбиесінде  мектеп пен ата-ана ынтымақтастығының орны ерекше. Ежелгі қытай ілімінің атасы саналған Конфуций: «Егер сенің құштарлығың таза,  жүрегің ашық, шыншыл болса өзіңді түзете аласың. Егер өзіңді түзете алсаң, жақсы адам болып қалыптассаң – отбасында  тәрбие болады. Отбасында тәрбие болса – елің көркейеді. Елің көркейсе, онда әлемде бейбітшілік пен келісім орнайды – деген. Ұлы қытай ойшылы о заманда-ақ, елінің болашағын отбасынан бастау алатынын айтып кеткен. Әлемді өзінің тың ойларымен, даналық сөздерімен және өзінің білімдарлығымен бағындыра алған атақты ғалым, Ежелгі қытай ілімінің атасы баланы тәрбиелеу барлық адамзаттың міндеті дейді. Сонымен қатар, өзін-өзі басқару стратегиясына да жол ашады. Расымен-ақ, бір ғана адамның тәртіпсіздігі тұтас бір мемлекетті ойрандау дәрежесіне дейін  жетерлік жағдай туғызады. Ал, бір адамның саналы ғұмыры тұтас бір мемлекеттің өркенденуіне жол ашады. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілетін білім – адамзаттың қас жауы, оның барлық өміріне апат әкеледі» — дейді Әбу Насыр әл-Фараби. Қай жағынан қарасақ та жоғарыда көрсетілген данадан шыққан даналық сөздер адамға әсер етпей қоймайды.
Қазіргі таңда оқушының тәрбиесін көп жағдайда мектептің құзырына іліп қойған. Оқушы науқастанып қалған болса да, жолда бір жағдаятқа ұшыраса да, сабаққа келмесе де, тәртіп бұзса да, тіпті сабақ оқымағанның өзіне де ұстаздар қауымын кінәлі деп танып жатамыз. Меніңше, бұл бір ғана адамның атқаратын қызметі емес. Ежелгі қытай ілімінің атасы саналған Конфуций айтпақшы: бір адамның тәртіпті не бұзақы болып  өсуі, барлық адамзаттың дәрежесінің құлдырауы мен өркендеуі. Мұндай жағдайлар тек одақтасып шешілетін мәселелер. Бала туыла салып мектеп табалдырығын аттамайтыны белгілі. Негзінен баланы құрсаққа бітісімен тәрбиелеу керек. Бұл жайында қысқа бір әңгіме есіме түсіп отыр: «Байырғы заманда, ислам дәуірінің екі ұшты болып  тұрған  кезінде  Пайғамбардан бір әйел келіп: «Бұйырса, жуырда ана атанғалы отырмын, сізден сол баламды қалай тәрбиелеуге болатындығын, қай бағытқа жіберіп, қай салада білімі алып, қалай өмір сүру керектігін, жалпы баламды қалай тәрбиелеу керек екенімді сұрағалы келіп отырмын» — деген екен. Сонда Пайғамбарымыз баланың құрсаққа біткен уақытын есептетіп сұрайды. Әйел үш ай деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз әйелге қарап тұрып: «кешіріңіз, сіз балаңызды тәрбиелеуге кеш қалдыңыз, сіз тәрбелеуді үш ай бұрын бастауыңыз керек еді дейді.
Міне, біз баланы тәрбиелеуді құрсаққа біткен сәтінен бастасақ, одан кейін балабақша, мектеп, жоғарғы оқу орны, білікті маман. Осындай өмірлік сатылардан жақсы тәлім көріп, жақсы тәрбие ала білген баланы – ел мақтанышы ете аламыз. Ал жағдай мұндай дәрежеге жетпеген болса, өзімізге ғана ренуже құқылымыз. Демек, бала тәрбиесінде одақтаса отырып жұмыс жасау  — үлкен жетістіктерге жол ашумен қатар келетін саналы ұрпақтың өсіп келе жатқандығына қуанттыратын жағдай туғызады.
Бала тәрбиелеуші (ұлтқа жаны ашитын, ұрпағын саналы етем деген кез келген адам) қадір-қасиет, сенім-наным, мәдениет, парасат, білім, этика, сондай-ақ рухани тазалығы басым болуы шарт. Сонда  ғана  құрметке бөлену, өзін қоршаған орта мен әрбір адамға  асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасау қолға алынады. Өйткені оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі – жалпы жұртшылыққа да өнеге. Осындай даралық қасиеттер адамды бақытқа жеткізетіні сөзсіз.  Бақыттың үлкені – өзіңді-өзің тану. Адам  өзін-өзі қай уақытта таниды? Ол өзінің бір өмірлік  сабағынан дәріс алатын шәкірті болған кезде. Яғни, шәкірт  қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәтінен таниды. Осы дәрежеге жету үшін тәрбиелеуші адамның өзі – даналықтың, ақылдылықтың, сабырлылықтың символы болып көрінуі тиіс.
    Отбасылық тәрбиенің басты міндеттері:
— Баланың денсаулығына қамқорлық;
— Оқуына көмек көрсету, жетекшілік ету;
— Еңбек тәрбиесі, мамандық таңдауға көмектесу;
— Жеке тұлғаны әлеуметтендіруге көмектесу:
— Адамгершілікке, руханиятқа тәрбиелеу;
— Ақыл-ойына және жалпы мәдени дамуына ықпал ету;
— Өзін-өзі тәрбиелеуге, болашақтағы отбасылық өмірге тәрбиелеу.
Баламен сөйлесудің қарапайым ережелері:
— Баламен әр уақытта пікірлесіп отыру;
— Баланы жауаптың  астына алмай, ынтамен тыңдау;
— Баланы  мазаландырған  мәселелерді досыңдай отырып тыңдау, әңгімелесу, өз ойыңды айту, бағыт-бағдар беру.
Тәуелсіз елдің ұрпағын тәрбиелеу – болашағымызға деген жоспармен пара-пар. Қазақстан халқының барлық азаматтары мен азаматшалары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, болашақтың тұтқасын ұстар бүгінгі жас буынға қандай тәлім-тәрбие, қандай білім, қандай бағыт-бағдар берген болса, ертеңгі күні сол құнды дүниелердің барлығы өздеріне жеміс болатыны белгілі. Болашағыңызды қазір көргіңіз келсе, өскелең ұрпаққа үлгі боларлықтай іс-әрекет жасау сіздің міндетіңіз.

 

 Кәрібаева Гүлнұр Мырзағалиқызы
Қызылорда Құрылыс және бизнес колледжі,
 өндірістік оқыту шебері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.