Home » Жаңалықтар » ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған биылғы жылғы Жолдауында айқындалған 10 бағыттың барлығы ел дамуына ерекше серпін береді. Мәселен, Президент Жолдауындағы жетінші бағыт «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталады. Осы бағытта білім беру саласы бойынша жаңартылған мазмұнға көшуге ерекше басымдық берілген.
Қазіргі таңда Елбасы Жолдауынан туындаған маңызды міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ауданның білім беру саласында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының «Мұғалімнің кәсіби дамуын педагогикалық-психологиялық қамтамасыз ету» кафедрасының жоспары бойынша аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бағытында курс өткізілуде. «Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында қазақ тілінде оқытатын мектептердің бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін арттыру» тақырыбында өтіп жатқан 120 сағаттық біліктілік арттыру курсы аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей базасында өтуде. Аталған курсқа аудан мектептерінен барлығы 27 бастауыш сынып мұғалімі қатысуда.
Курс барысында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының «Мұғалімнің кәсіби дамуын педагогикалық- психологиялық қамтамасыз ету» кафедрасының аға оқытушысы, курс тренері Гаухар Таласбаева бастауыш сынып мұғалімдеріне білім беру мазмұнын жаңарту аясындағы оқу-тәрбие үдерістеріне енген өзгерістер жөнінде мәліметтер беруде. Педагогикалық үдерісті ұйымдастырудың тиімді әдістері мен жолдарын таныстыруда. Сонымен бірге, бастауыш сынып мұғалімдері теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыра отырып, жаңа технологияларды пайдалану негізінде шеберліктерін арттыруда. Ұстаздар мектеп оқушыларына сапалы білім беруде критериалды бағалау жүйесін жүргізуді меңгеруде. Жоғары деңгейде үйлестіріліп жатқан бұл жұмыстар Жолдаудың жетінші бағыты бойынша жоспарлар ауданда жүйелі жүзеге асып жатқанын білдіреді.
Жалпы, мұғалімдер үшін ізденіс, үздіксіз білім алу – маңызды міндет. Ал, жаңартылған білім мазмұнына көшудің ұстаздарға берері мол. «Халықтың кемеліне келіп, өркендеп, өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деп атақты Шоқан Уәлиханов айтқандай, ХХІ ғасыр – ғылым мен инновация ғасыры. Осы орайда, мақсатты білім беру – жеке тұлғаның дамуын жүзеге асыратын басты негіз. Ал, осы жалпыеуропалық стандартқа сай  жаңа білім беру жұмыстары – жеке тұлғаның жан-жақты дамуына, өзіндік сара жолы бар кәсіби маман ретінде қалыптасуына жол ашатын бірден-бір бағыт.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.