Home » Білім және тұлға » Жаңартылған білім беру бағдарламасы

Жаңартылған білім беру бағдарламасы

Сәуір айының 10-ы мен мамыр айының 5-і аралығында «Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде орыс тілді мектептердегі «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы» бойынша Жамбыл облысы, Тараз қаласы, «Өрлеу» орталығында курстан өтіп жатырмыз.

Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақ тілі қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибесін, құндылықтарын, үмітін, өмір сүру стилін, қиындықтар мен жеңістерін, сонымен бірге халық шығармашылығын көрсетеді. Мен өзім қазақ тілі екінші тіл ретінде оқытылатын орыс тілді мектептің мұғалімі болғандықтан, балаларды қазақ тілінде сөйлету үшін, түрлі әдіс-тәсілдерді меңгеру менің басты міндетім деп есептеймін.

Курс оқу бағдарламасын жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу мәнмәтінінде мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіруге бағытталған.

Негізі бұл бағдарламаның жалпы мақсаты оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға, әсіресе:

  • терең әрі жүйелі ойлануына;
  • өз білімі мен өміріне жауапкершілікпен қарауына;
  • өздігінен дұрыс шешім қабылдап, қиын мәселелерді шешуіне;
  • өз бетінше ақпараттарды түсініп, ішінен қажеттісін таңдап, оны жан-жақты талдап, баға беруіне;
  • түрлі пікірталасқа түсіп, өз ойын дәлелдей білуіне бағытталған.

Ол алған білімін функционалдық тұрғыдан және шығармашылықпен қолдану, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, ақпараттық – коммуникациялық технологияларды пайдалану, қарым-қатынас жасаудың түрлі тәсілдерін қолдану, топпен және өз бетінше жұмыс істей алу, мәселелерді шешу және шешім қабылдау сияқты кең ауқымды дағдыларды дамытуға негіз болады. Кең ауқымды дағдылар оқушының мектептегі білім алу тәжірибесінде де, келешекте мектепті бітіргеннен кейін де жетістікке жетуінің кепілі болып табылады.

Кең ауқымдағы дағдылармен бірге жеке қасиеттерді дамыту білім беруде «Қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілік», «құрмет», «ынтымақтастық», «еңбек пен шығармашылық», «ашықтық», «өмір бойы білім алу» сияқты басты құндылықтарды оқушыларға дарытудың басты негізі болып табылады. Және де орыс тілді мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту аясында тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын дамыту нәтижесінде оқушылар алған білімдері мен үйренген дағдыларын кез-келген орта жағдайында бәсекеге қабілетті болуға, қарым-қатынас үдерісінде тиімді қолдануға мүмкіндік беретін білім алады.

Ал курс жетекшіміз – Жақыпбекова Гүлжан Абдыманапқызы. Ол өте қарапайым, тәжірибесі, түсінігі мол, талапшыл, әр ісіне жауапкершілікпен қарайтын, шеберлігі шыңдалған жан. Курстың алғашқы күннен-ақ бізді өзіне баурап алды.

Курс барысында Тренер бізге жаңартылған білім беру бағдарламасын меңгертуде барын салды. Оқудың мақсатына жету үшін оқудың қарапайым да жағымды,өнімді,нәтижелі жақтарын қалыптастыруда барынша сәтті жағдайлар жасады.Сабақтар өте жоғары өтеді. Тренер біздің өз бетімізше ізденіп, мақсатымызға қол жеткізуге ықпалын тигізді. Мұғалім тәжірибесінде пайдалы болатын идеялары мен кеңестерін ұсынды. Курс барысында топта жұмыс жасау өте тиімді екеніне көз жеткіздік. Біз жаңартылған білім беру бағдарламасының мазмұнын, ерекшеліктерін, түрлі тиімді әдіс-тәсілдерді, бағалаудың критериалды жүйесін, орта, қысқа мерзімді жоспарлаудың қыр-сырларымен таныстық. Және де мұғалімнің рефлексиясы мен оқушы мен мұғалім арасындағы кері байланыстың да маңыздылығын байқадық.

Бұл курс мектептегі орта буын саласына еніп отырған жаңаша оқу бағдарламасы болғандықтан, көптеген өзіндік жаңалықтары мен өзгерістерге толы екен. Мен алдағы уақытта іс-тәжірибемде қолданатын оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеріп, оқушыларымды тиімді оқыта аламын деген сенімдемін. Осы ретте, курс жетекшіміз Гүлжан Абдыманапқызына, менімен бірге оқыған әріптестеріме алығысым шексіз. Олардың жұмыстарына шығармашылық табыс тілеймін.

«Болашақ жастардың қолында»-деген сөз бар, осыған сай , жаңартылған оқу бағдарламасының біздің жастардың білім алуына тигізер септігі мол деген сенімдемін.

 

Джапарова Құралай Бақытбекқызы

Тараз қаласы,

А.Пушкин атындағы

№41 көпсалалы гимназияның

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.