Home » Мақалалар » Ұлттық құндылықтар мен рухани мұралар — Жамбыл Жабаевтың шығармаларының темірқазығы

Ұлттық құндылықтар мен рухани мұралар — Жамбыл Жабаевтың шығармаларының темірқазығы

«Ақындардың ақыны — айдын көлдей ақылы»,-деп М. Әуезов айтпақшы жастайынан сөз өнерін пір тұтқан  ұлы ақын бүгін 170 жаста. Иә, бір сәт ақыл-санаға салып, ой жіберіп қарасақ, Жамбыл бойынан, өлең жырларынан өзінің туған қазақ халқына тән кең пейілділік пен дархандықтың, адалдық пен адамгершіліктің, қайырымдылық пен қайсарлықтың, ынтымақ пен бірліктің, ауызекі дес бермейтін шешендік пен ағыл-тегіл төге жырлайтын ақындықтың, алғырлық пен тапқырлықтың құдіретін табамыз. Сонымен қатар, сегіз қырлы, бір сырлылық, ән-күйге құмарлылық,  нағыз қазақтың бойынан табылатын қасиет қобыз тартып, әзіл-оспақ тапқыр сөздердің де шебері болды. Көрегенді өмірі мен ақындық қызметінің нәтижесінде халқымыздың ұлы ақыны жиырмасыншы ғасырдың Гомері атанды. Ол жөнінде қазақтың және Совет Одағындағы барлық халықтың ақын, жазушы зерттеушілері, тіпті шетел әдебиетінің өкілдері де ұлағатты сөздер айтып, естелік, мақала жазды. Арнау, толғау, дастандар да аз емес.

Әлемнің барлық халықтарында дүние жүзілік эпос пен фольклордың небір мұраларын жасаған ақындар болған, бірақ олар тарихта аэдтер, расподтар, баяндар, бардтар, ақындар, жыршылар ролінде ғана белгісіз беймағлұм өтіп кетті. Тек, біздің қазіргі заманда, халық даналығы тудырған шығармалар жоғары терең бағаланды.

Халық ақындарының шығармалары да шын мәніндегі халықтық туындылар ретінде өткенмен өзара байланыста, қазіргімен қоян-қолтық жымдасқан бірлікте зерттелуі керек. Табиғатынан туа тайпалық мәдениет деген жоқ, дамудың белгілі бір сатысындағы адамзат мәдениеті бар, — міне, совет фольклористикасының негізгі қағидасы осы. Мұның өзі Жамбылды бүкіл творчестволық ортасымен жеке-дара, оқшау түрде емес, сонау алыс өткендігімен және бүгінгімен терең тамырлас, органикалық бірлік-байланыста; сол сияқты тек қазақ халқының ғана емес басқа халықтардың да рухани мәдениетінің  тарихымен үздіксіз байланыста алып бағалауға көмектеседі.

Жамбыл творчествосының негізгі мотивтері мен идеялық, тарихи тамырлары тікелей оның алдында өткен Махамбет, Сүйімбай, т.б. поэзиясында ғана жатқан жоқ, әлдеқайда тереңде – сан халықтың әрі сан ғасырлық сонау көне заманғы эпосында, тарихи жырларында, аңыздары мен әңгіме, хикая-мұраларында жатыр.

Ауыузекі қолма-қол шығарып айтқан зілді де ащы ажуа өлеңдерінде шамадан тыс ауыр алым-салықты, әділетсіз сотты, чиновниктердің, манаптардың, бектердің, байлардың халықтар мен тайпалардың арасына от тастап, араздықты қолдан қоздыратынын кектене айыптай отырып, ол сонымен қатар ел қамын жеген ерлер, есімі аңызға айналған халық қамқоры, батырлар жайында, арман-үміт еткен ел жайында халықпен бірге тамаша жырлар туғызды. Жырдың екі түрін жасағанда да ақын өзінің алдында өткен халық ақындарының ең таңдаулы дәстүрлерін үлгі тұтты. Ол өз творчествосының нағыз халықтық мән-мағынасын халықтардың және оптимистік үміткер ұрпақтардың шындық үшін күрескен, шындықты іздеген халық поэзиясының өлмес, өшпес, ғасырлыр бойғы, азбас-тозбас мотивтерімен терең байланыстан іздеп тапты. Халық ақыны Жамбыл творчествосының негізінде де халық поэзиясының осындай пргресшіл, өміршеңдік мәні жатыр. Осы тұрғыдан алғанда Жамбыл шығарған «Өтеген батыр», «Сұраншы туралы», «Саурық туралы», «Жапар туралы» эпикалық жырлар циклы т. б. халықтық белгілі бір мүдде-мақсат көздеген идеясының репертуарын құрайды. Бұл жырлардың геройлары – халықтар мен зілсіз тайпалардың мүдделерін қорғаған, соларға бақыт іздеген, есімдері жартылай аңызға айналған қамқор батырлар. Жамбылдың шығарымпаздық творчествосындағы тағы бір негізгі жанр – айтыс, ол үшін әшкерелеуші поэзияның ең бір сүйікті формасы болды. Жамбыл ақын көбінесе осы жанрда қалыптасты.  Ақын дарыны дәстүр бойынша бұрыннан мәшһүр болған бір ақынмен айтысу арқылы танылады. Бұл творчестволық жекпе-жекте, ақындық сөз жарысында қарсыласының соққысына әрі шапшаң,  әрі өткір де ұтымды жауап беріп, қарымта қайыру орындаушылық творчестволық акт болып табылады.

Жамбыл ақындығының кейбір жекелеген қырларын танып білуге көмектесетін халық поэзиясының тағы бір тамаша ерекшелігі – халық творчествосының айналадағы өмірдің әрбір елеулі құбылысына дереу үн қатып отыру нәтижесінде туатындығы. Халық творчествосы өмірден артта қалмай, онымен иін тіресіп, үзеңгілес қатар жүріп отырады.

Әрбір көрнекті үлкен ақын өз дәуірінде халық творчествосының үлгісі ретінде сол өзі таңдаған жанрды дәріптеп көтермеледі де, сөйтіп өзі типтес ақындардың мерейін үстем қып ұстады. Жамбылдың өзгеше бір ұнамды ерекшелігі – ол өзі шығарған жыр шеңберінде өзінен бұрын өткен көптеген ақындардан репертуар жағынан да кең, бай болды. Ол бір өзі әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны.

Халық ақыны Жамбыл, тек өз шығармаларымен ғана емес, тарихи-әдеби зерттеу тұрғысынан да, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен де аса зор құбылыс. Жамбылдың творчестволық бет бейнесі, поэзиясының мән-мағынасы, халықтық тамырлары туралы айтылған негізгі жағдайлардың бәрі барлық қалған халық ақындарына да түгелдей қатысты. Бұрын Жамбыл әсерін оның төңірегіндегі барлық ақын өз творчествосында айқын көрсеткен болса, енді қарт ақынның жаңа шығармаларының баспасөз бетінде жарыққа шығуына байланысты Қазақстанның тіпті барлық шалғай облыстары мен алыс аудандарының өзінде  кәрі-жас буын ақындар оның әсерін айқын сезініп отыр. Мұның өзі табиғи нәрсе. Өйткені, бұл ақындардың бәрі: Өмірзақ, Орынбай; Естай, Әріп, Оспантайлардан бастап, Қастек ауданындағы Жамбылдың ақын шәкірттері: Өтеп, Саяділ т.б. дейін түгелге жуық Жамбылға жақын буынның өкілдері – олар отаршыл ескі Россияның халықтар үшін қаншалықты қараңғы түнек түрме болғанын, сондай-ақ хандар мен билер өктемдігінің тұсындағы патриархалдық-феодалдық мәдениетсіздік тарихы дегеннің не екенін жақсы біледі. Бұл ақындардың бәрі де халықтың ең кедей, еңбекші қауымның ортасынан шыққандар. Сондықтан да, оларға шын мәніндегі  халықтық дегеннің бәрі де қанына сіңген етене жақын.

М.Әуезовтың «қазақ халқында ерекше дамыған айтыс өнері ХІХ ғасырдан бергі жерде өзге жерлерде саябырсып, Жетісу, оңтүстік өлкелерінде шоғырлана бастайды» деуінде үлкен тарихи себеп бар. Біріншіден, Қазақстанның өзге өңірлерін ертерек шарпыған отаршылдық ел ішінің дәстүрлі қалпына өктемдігін жүргізіп, шырқын бұзып үлгергенде, Жетісу алабы әзірше қағаберісте еді. Екіншіден, бұл өңірдің ертеден тамырын тереңге жайған өнерпаздық дәстүрі шын мәнінде ХІХ ғасырдан бергі жерде айрықша биік өреге көтеріліп еді. Осы кезеңде Жетісуға сонау Арқадан ұлы Абайдың келуі, Біржан, Шашубай, балуан Шолақ сияқты дауылпаз әнші-ақындардың келуі, Таластан – Жалайыр Түбектің келуі, оңтүстіктен – Майкөт пен Майлықожаның келуі, Атыраудан – Құрманғазының келуі, сөз жоқ, ең алдымен олардың алыстан жаңғырығы жеткен ұлы өнер мектебіне деген ұмтылыстарына байланысты еді. Осындай өнер бесігінде тербеліп өскен Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған. Ол бозбала шағының өзінде-ақ өскен ортасын ән мен жырға кенелтіп, тіптен көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылып үлгерген. Осы кезде өрттей жалындап, жұрт аузына іліккен жас Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның арқалы өнеріне құныға ден қойып батасын алады. Мұнан әрі жал –құйрығы сүзілген жүйріктей арындап, сол кездегі Айкүміс, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Құланаян Құлманбет сияқты ақындықтың жылжыған жорға, жылмиған жүйріктерімен айтысқа түскен Жамбыл ұдайы шоқтығын асырып отырған. Жамбыл — әрі эпик, әрі айтыс ақыны; абыз жырау әрі жауынгер жыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда, халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды. Ол жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытты. Жамбыл – ізгілік жолындағы азатшыл азаматты нәсіліне, ұлтына бөлмеген шын мәніндегі интернационалист ақын. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» — деген еді Сәкен Сейфуллин. Жамбыл — жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы. Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгі бірге жасай береді. Жамбылдың қанатты шабытпен дүниеге келген шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде-ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алып, өзінің де, халқының да даңқын дүйім дүниеге паш етті. Жамбыл бейнесі қазақ өнерінің барлық түрінде, барша жанрында шабытпен бедерленіп, ұлттың рухы биік ұлы тұлғасы екенін әйгіледі. 1945 жылы 22 маусымда Жамбыл дүние салды. 1946 жылы ақпанда Қазақстан жұртшылығы даңқты ақынның жүз жылдығын салтанатпен атап өтті. Мерейтойына қарай ақынның таңдамалы шығармаларының академиялык жинағы орыс және қазақ тілінде басылып шықты. Жамбыл Жабаев Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүрді. Өзінің жалынды үндеу жырларын сол қозғалысқа арнап шығарды. Кеңес дәуірі жылдарында Жамбыл қоғам өмірі мен ел мүддесін жырлады. Ол байырғы ұлы жыраулардың дәстүрін қайта түлетіп, біздің дәуірімізге жаңа сапада, соны мазмұнмен байытып жеткізді. Мемлекет басшылары мен партия көсемдеріне қарата айтқан жырларында жалпы мемлекеттік мәселелерді көтерді. 2-дүниежүзілік соғыс тұсында бүкіл Кеңес Одағында Жамбылдан дәрежесі, мәртебесі биік ақын болған жоқ. Жамбыл есімінің әлемнің шартарабына танылған тұсы да осы кезең еді. Ақын жырлары майдандағы әр ұлттан құралған жауынгерлердің бәрінің де жүрегіне жетіп, жігерін қайрады. 1945 жылдың 22 маусымында Жамбыл жүзге қараған шағында Алматы қаласында қайтыс болды. Жамбыл – жыршылық өнердің де асқан шебері. Оның үздік шығармалары қырықтан астам шет елдер тілдеріне аударылды. Ромен Роллан, Мартин Андерсен Нексе, Катарина Сусанна Причардсияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды. 20-ғасырдағы халық ақындарына Жамбылдың әсері өте зор болды. Бұл қатарда Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев, т.б. белгілі суырып-салма ақындар бар. Қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін Жамбыл Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. 1941 ж. Сталиндік сыйлықтың лауреаты атанды. Жамбылдың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше ауданға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына берілді. Қазақ халқы Жамбылдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті. Ал,  биыл жыр алыбы Жамбылдың 170 жылдығы қарсаңында барша қазақстандықтар дайындық үстінде.

Өз ұлтын қадірлеп-қастерлеген, ұлт қадірін білген азаматтың бірі Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын.Үзу қолымнан келмейді»-десе, Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін: бірі — өзім, екіншісі — халқым» — дейді. Ал,  «Жамбыл  — менің жай атым, халық – менің шын атым…»-деп жырлаған Жамбыл үнін қазақ халқын дәріптеуге, қастерлеуге, дамытуға тұрарлық ұлттық рухани және материалдық құндылықтары туралы ұлағатты, құнды ойларын халық игілігіне, келешек ұрпақты, ел-жұртқа ие болар азаматтарды тәрбиелеуге неге қолданбасқа?
           Қорыта келгенде, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде, оларға жастайынан имандылық пен ұлттық қасиеттерді сіңіре білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған, Отанының гүлденуіне өз үлесін қоса  алатын азамат өсіре аламыз»,-деген болатын. Ол  үшін ең әуелі ұрпақтарымызды бала кезінен ұлттық тәлім-тәрбиеге баулып, халқының салт-дәстүрін  жақсы білетін саналы азамат тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек.
Сондықтан жас ұрпақты нағыз толыққанды тұлғаға айналдыру үшін ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие берудің маңызы зор.

Жақсылықбаева Патима Жұмағалиқызы

Тараз қаласы, №47 орта мектептің

директордың бағдарлы оқыту ісі жөніндегі орынбасары,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.