Home » Жаңалықтар » ЖАҢАРТЫЛҒАН БАҒДАРЛАМА – ОҢ ӨЗГЕРІС

ЖАҢАРТЫЛҒАН БАҒДАРЛАМА – ОҢ ӨЗГЕРІС

«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген халқымыздың ұлағатты сөзі бар. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіне енгізілген реформа – алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына енудің бірден-бір жолы.

«Білім негізі – бастауышта» демекші, Ұзынағаш аудан орталығында Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында қазақ тілінде оқытатын мектептердің бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін  арттыру бағдарламасы бойынша 15 күндік курс 27 ақпаннан басталып кетті. «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша ПҚБАИ» Басқару және білім сапасы кафедрасының аға оқытушысы Самарқанова Аяулым Асхатқызы  тыңдаушылардың жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымын, материалдардың күрделілігінің өсу ретін, мазмұнын, мақсаттарын түсінуін және педагогикалық тәсілдерді тиімді қолдана отырып, оқу мақсаттарына жету үшін критериалды бағалау жүйесінің жүргізілуін үйретіп, қолдау көрсетті. Қарым-қатынас дағдылары (айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым, дәлелдеу), белсенді оқу, зерттеуге негізделген оқу арқылы тыңдаушылар іс-әрекетте болды. Дәріс барысында Үңгіртас орта мектебінің мұғалімі  Г. Жантаева мен Т.Сәрсенбеков ОМ мұғалімі С.Мажикенова, Ақтерек ОМ мұғалімі Ж.Нурбаева  сынды апайлар талдауға белсене қатысып, өз іс-тәжірибелерімен бөлісті. С.Бердіқұлов ОМ мұғалімі О.Имангожаева  және Наурызбай ОМ  мұғалімі А.Жолдыбаева  құнды ресурстармен белсенді оқуға қолданылатын тәсілдерді көрсетті.  Жангелді ОМ мұғалімі А.Заурбекова мен Еңбекшіарал ОМ мұғалімі А. Тұрғынбаева сынды апайлар оқушының ішкі уәжін арттыруға сырттан әсер ететін факторларды жақсы түсіндіріп, мысалдар келтірді. Ұлты басқа болғанымен, жүрегі бір, қазақ тілінде судай сөйлеп, шеберліктерін шыңдап жүрген мұғалімдер Үлгілі ОМ мұғалімі Н.Кузьминых мен Горный ОМ мұғалімі Г.Исмаилова  қызығушылықпен бірлескен оқуға өз үлестерін қосты. Сүйінбай ОМ мұғалімі А.Чакиева және Айдарлы ОМ мұғалімі М.Құрманғазы  жаңартылған білім беру бағдарламасының идеясы –критериалды бағалаудың жүргізілуін талдап берді. Сындарлы оқыту тәсілдері оқушылардың алдыңғы білімдерімен ұштастыра отырып, жаңа білім алуына негізделетінін Абай ОМ мұғалімі Р.Молдабекова мен Қазыбек бек ОМ мұғалімі С.Мусаева  тәжірибеде көрсетті.

Тоқсан сөздің тобықтай түйіні – жаңартылған білім беру бағдарламасы оқушының бойына рухани құндылықтар мен дағдыларды 1 сыныптан бастап қалыптастыруды көздесе, сыныптан сыныпқа ауысқан сайын оларды дамытып отырады. Өз Отанының құзіретті, ойын еркін айта алатын, проблемаларды шешуге қабілетті, ғылыми зерттеуші, табысты  жеке тұлға тәрбиелеу – әр мұғалімге жүктелініп отырған міндет.  Жаңа дүниені жатырқамай, оны жүзеге асыруға жұмылайық!

Курсты ұйымдастырған «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша ПҚБАИ» ұйымына алғысымызды білдіреміз.

 

          Шилібастау ОМ мұғалімі Сейсенбаева Римма

Т.Рысқұлов ОМ мұғалімі Абдрахметова Жанар

Ү.Кәрібаев ОМ мұғалімі Талханбаева Айнара

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.