Home » Жаңалықтар » Жас өрендердің қайырымды шарасы

Жас өрендердің қайырымды шарасы

Оралдағы №3 саз мектебі филиалының балғын өнерпаздары қайырымдылық істен шет қалмай, ізгілікті іс жасауға құштар болып өсіп келеді.

Жуырда олар қаладағы қарттар мен мүгедектер үйінде болып, мекеме тұрғындарына жақсы көңіл күй сыйлады. Атап айтқанда, №3 саз мектебі филиалында білім алып жүрген республикалық және халықаралық өнер байқауларының лауреаттары мен Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері, оқытушылары аталған әлеуметтік мекемеге арнайы барды. Қайырымдылық концертінде балғын өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салып, қамкөңіл жандардың мұң-шерлерін бір сәтке сейілтті. Жанерке Жақсылықова мен Дарья Масянова, яғни «Уральские девчонки» дуэті орыс халқының «Светит месяц» әнін домбыра және фортепиано аспаптарында әуелете орындап берді. Дарья Масянова, Камила Бекболат, Милана Маукешева, Даяна Еслямова, Гаухар Абдрахманова, Аружан Минажевалар да фортепианомен түрлі шығармаларды тамылжыта орындады. Ақерке Жақсылықова, Даяна Еслямова, Дарья Масянова нақышына келтіре мәнерлеп өлеңдер оқып, қариялардың көңілдерін серпілтті. Ал Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 4-курс студенті Гүлдана Габдуллина концертмейстер Елена Яковлеваның сүйемелдеуімен «Арал туралы ән», «Вальс о весне» әндерін шырқады.

Концерттік бағдарламаны Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы Елена Яковлева мен №3 саз мектебінің мұғалімі Наталья Тамбовцева И.Брамстын «Венгерский танец ре минор» шығармасымен түйіндеді.

Шара соңында қайырымдылық кешін ұйымдастырушылар мен өнерлі өрендерге әлеуметтік мекеме мамандары мен тәрбиеленушілері алғыстарын білдіріп, баталарын берді.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«Білім айнасы»,

Орал

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.