Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты ˗ балада» деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдыретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты ˗ тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні ̵ өз ұрпағы.
Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол ˗ бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз ˗ ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер ˗ жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке-шеше «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін орындаулына төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Өстіп баланың бірте-бірте еңбекке деген болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісін ұқыпты да тындырымды орындауына бағыт бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап, терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді. Орынсыз ұрысу,зеку, сұрақтарына дөрекі, келте жауап беру немесе әділ талап қоя алмау ата-ананың беделін түсіреді.
Әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы, иманды, білімді, Отанының сүйікті және кішіпейіл азаматы болып жетілуін қадағалайды. Сондықтан да олар өз балаларын тәрбиелеудің нәзік жақтарының заңдылықтарын білуі шарт.
Ата-ана келеңсіз жағдайларда өзін қалай ұстау керек:
БОЛАДЫ:
— Баланы түсінуге тырысу;
— Сеніміне қолдау жасау;
— Бәрінің өткінші екендігін түсіндіру және тыныштандыру;
— Жиі мақтап жаман ойлардан арылту;
— Кейімеу,жазаламау;
— Өмірін жақсартып,оны жақсы көру;
— Қарым-қатынасты қалыпқа келтіру;
— Қорқынышты фильмдер мен шығармаларға уақытша шектеу жасау.
БОЛМАЙДЫ:
— Ашулануға,ренжуге;
— Үнемі бақылап қорқытуға;
— Жазалауға; Қол көтеруге;
— Арына, намысына тиетін сөздерді айтуға;
— Үнемі өзінің жек көретіндігін білдіруге;
— Ерлі-зайыбы арасындағы проблеманы баланың көзінше айтуға;
— Тәрбиелеу барысында баланы екі жаққа тартуға;
— Әр баланы ерекше бөлуге.
Барлық бала жақсы және жаман әдеттерді өзі өскен шаңырақтан үйренеді.
Егер отбасында ата-аналар өзара жақсы қарым-қатынаста болса, перзенттері де әдепті, тәрбиелі болып өседі. Халқымыз «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекер айтпаған. Ендеше ата-аналар ұл мен қыз тәрбиесін дұрыс беріп, оған өздері үлгі бола білсе, баланың санасында ол мәңгі мөрленіп қалады да, бүкіл өміріне азық болатыны сөзсіз.
Қазіргі заман мектебі ата-аналарды да, балаларды да тәрбиелейтін, оларды өз тәрбие ықпалының объектісіне айналдыратын жетекшінің қызметінен бас тартуда. Баланың жеке тұлғасының дара қасиеттерін қалыптастыруда отбасы үлкен мүмкіндіктерге ие. Олар күнделікті отбасылық өмірде, отбасының дәстүрлері мен адамгершілік ұстанымдары, шежіресі мен тарихы, отбасы мүшелерінің ортақ қызығуы және мақсат-мүдделері арқылы іске асады. Бұл мүмкіндіктерді мектептің мүмкіндіктерімен үйлестіру – табысты тәрбиенің тағы бір негізі.
Ата-ана балаға сөзден гөрі іс, күнделікті жақсы әдет-ғұрып өнегесі күшті әсер ететінін ескеру керек. Айтқан ақылыңыз қаншалықты дұрыс болғанымен, өз өнегеңіз, әдет-қылығыңыз керісінше болып жатса, жалаң ақылдан еш нәрсе шықпайды.
Сонымен қатар, бүгіндері қаптап кеткен компьютер ойындары, кафе, бар, би алаңдары, үйдегі көгілдір экранда балалар көрмейтін көріністер көрсетіліп, темекі мен арақты жарнамалау оқушылардың көңілін алаңдатып отырғаны жүрегімізді ауыртады. Балаларымыз еліктеп, кейбіреулері соған бет бұрды. Құмарлана соңынан ере бастады, түнде бейуақытқа дейін жүрістері көбейді, айқай-шуға, төбелеске, даудамайға, қорқытып бір-бірінен теңге жинауға, ішкілік ішіп, темекі шегуге дағдылана бастады.
Ата-аналар үйымының рөлін көтеру кез келген мектеп үшін оңай емес. Көп жағдайда бұл мәселе ата-аналардың жұмыспен қамтылуына байланысты уақыттарының жетіспеушілігі сияқты объективті себептерлермен түсіндіріледі. Дегенмен, оның себептерін тек ата-аналар ортасынан іздеу дұрыс емес. Бастамашылық мектеп жағынан бәрібір басым болу керек. Өйткені, мектеп – қоғамның, отбасының және өзінің өзара тәрбиелік іс – қимылың үйлестіруші қоғамдық институт. Өзара іс-әрекеттің мақсаты мен міндеттерін мектеп жалғыз өзі, тиісті мәселеге тек өзінің ұстанымына сүйенген түрде анықтаса, ал ата-аналар оларды іске асыру сатысында ғана қамтылса, нәтиже төмен болады. Мектеп ата-аналар қауымы үшін әрқашан ашық болып, өзара ынтымастық пен серіктестік жүйесін жетілдіруге бағытталып, олардың кез келген бастамасын көтермелеп отыруы қажет.
Ұлттық психология тәлімдерін ұстансақ тіпті дұрыс болар еді. Қазақы тәрбиеден артығы жоқ. Қазіргі баланың психикасы өзгеріп кеткендігі туралы көп айтылады. Бұл енді жасөспірімдердің арасында болмай қоймайтын ауытқулар екендігі дауыссыз. Баланың психикасына ата-баба қастерлейтін имандылықты сіңірудің жағымды жақтары мол. Қазақ халқының қанына біткен әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің талайы баланы адамгершілікке баулуға септігін тигізеді. Бір жағынан жазылмаған заң сияқты көрінгенімен, бұлардың жас ұрпақты тәрбиелеуге берері мол. Мәселен, қазақ халқының нақыл сөздерін алайықшы. Бұлардың қай-қайсын да баланың санасына сіңіре алсақ, қайтарамы мол болар еді. Өкініштісі, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізуге жете көңіл бөлінбей келеді.
Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата-аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жұріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шеше, үй іші үлкендерінің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зияны туралы біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, үсті-үстіне темекі тартатындар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді. Сонда арақ пен темекінің зиянын қалай ұқтырамыз.
Бұзақылықтың басы бос жүруден басталады. Кейде сабақты жиі қалдыруға әр түрлі сылтауларды үлкендердің өзі үйретіп отырады. Бұл жағдайда балаға өтірік айтуды үйретіп отырған аңғармай да қалуы мүмкін. Жас шыбықты қалай исең, солай өседі ғой. Иә, «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» демекші ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады.
Ата-аналармен ынтымақтастыққа бағытталған әкімшілік-ұйымдастыру жұмыстары – мектептің және топтың ата-аналар комитеттерінің іс-әрекетін ұйымдастыру, тарту (құқықтық тәрбие жөніндегі кеңес, салауатты өмір салты жөніндегі кеңес, т.б.) .
Ата-аналар жиналысы – мектеп пен отбасының біріккен іс-қимылындағы ең қажетті бұын. Біз, мұғалімдер, ата-аналарды мектеп және топтың ата-аналар жиналыстарына түгел қатыстыру үшін жиі күресеміз.
Ата-аналар жиналысының өзіне лайық жүргізу әдебі бар.
Ең алдымен, бұл – ата-аналармен сөйлесуде әдейі жасалатын, келіспеушілікті көтермейтін үйретушілік мәнер, ата-аналарды ашық түрде есеп беруге тарту және жалғыз көреген тәрбиеші ұстамынынан бала тәрбиесіндегі кемшіліктерді ғана көрсету. Әдетте, мұндай мұғалімнің ата-аналармен сөйлесуінде «қарамайсыздар», «байқамайсыздар», «талап етпейсіздер», «тексермейсіздер» деген етістіктер көбірек қолданылады. Ата-аналарға бұндай ұстаным іш жиғызады, мектепке келуге әуестігін жояды. Бұл – ата-аналардың табиғы қорғаныс ұстанымы. Ата-аналар өздерін белгілі бір нәрсені дұрыс істей алмаған балалар ретінде сезінеді.
Тағы да бір көп тараған қателік – мектеп пен отбасының өзара қарым-қатынасының көп түрлілігін ескермей, мұғалімнің оқушылар тәртібі мен үлгірімі туралы ақпарат беруші қызметін орындаумен ғана шектеп қою. Бұл бағытта да ата-аналардың зейіні жағымсыз фактілерге жиі шоғырландырылады. Сөйтіп, өз отбасында ізгі, ақ қөңіл болатын сүйікті бала «жаман оқушы» рөлінде шыға келеді. Ал, бұл отбасында да мектеп пен отбасының қарым-қатынасында да келіспеушіліктің қайнар көзі бола бастайды. Біз, мұғалімдер, кейде қазақ мақалында дәл тұжырымдалған: «Қарға да өз балапанын «әппағым» дейді» деген шындыққа ұмыта береміз.
Үшінші қателік – ата-аналармен байланыс көп жағдайда көмек сұрау өтініштермен ғана шектеледі (жөндеу, безендіру, ата-аналар қоры). Бұның барлығы әрине, қажетті әрі маңызды. Бірақ отбасы мен мектептің өзара іс-қимылы осымен ғана шектелмеуі керек.
Тәрбиенің әр түрлі тәсілдері бар, олар: қатаң тәртіпті (кемшіліктерді жою); мектептің басымдылық ұстанымына, жаппай бақылауға, бұйрыққа және талапқа негізделіп құрылған фронталдық шектелген тәсіл. Бұл тәсілдердің барлығы табиғатқа сәйкестік ұстанымына негізделмей, баланың және оның отбасының психологиясын ескермей іске асырылады, сондықтан да олар, әдетте, нәтижесіз болады.
Жетістік арқылы тәрбиелеу баланың және оның отбасының қадір-қасиеттеріне, құндылықтарына, мұраттарына сүйенген түрде оқушыны, ата-аналарды мейлінше тереңірек түсінуге деген педагог пен мектептің ұмтылысын көздейді. Ата-аналардың тиімді тәжірибесін пайдалану, тәрбие үрдісінің барлық субъектілерінде (оқушы, ата-ана, педагог) отбасының және отбасылық дәстүрлердің басымдылығын көтеру олардың әрқайсысы, әсіресе оқушы, жеңістің дәмін татып, оны өз басынан өткізіп көретін жетістіктік ортасын жасауға мүмкіндік береді.
«Алмақтың да салмағы бар» дегендей, әрбір жас, ең алдымен, өзінін дүниеге әкелген ата-анаға, түрлі қамқорлық жасап отырған Отанға, білім берген ұстаздарға, рухани жағынан үлес қосқан ғылым, көркем-өнер иелеріне қарыздар. Оның өтеуі азаматтың жан-жақты білімді, мәдениетті, еңбекшіл, мейірімді адам болып қалыптасуы, өмірден өзіне лайықты орын тауып, Отан-ананың тілегін арттыруға үлес қосуы деп түсінгеніміз жөн.
Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау – ата-ананың басты парызы. Ендеше бала тәрбиесінде ұсақ-түйек дейтін ешнәрсе жоқ және сол нәрседен де қателесуге қақымыз жоқ. Бала – әр жанұяның бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік.
Жалмуханова Балауса Хоныспаевна
«ӨРЛЕУ» БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ ФИЛИАЛЫ
Атырау облысы бойынша педагогикалық
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты
«Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру» кафедрасының
аға оқытушысы