Home » Жаңалықтар » Жаныңда жүр жақсы адам

Жаныңда жүр жақсы адам

«Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде
сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.
Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай,
оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді,
зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек».
Н.Ә. Назарбаев.

Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру. «Туған жер» бағдарламасының негізінде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Нұра ауылының О.Жандосов атындағы орта мектеп-интернатының оқушылары мен мектеп түлектерінің кездесу кеші өтті. «Жаныңда жүр жақсы адам» деп аталатын шараға осы ауылдан шыққан белгілі ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері — Мәмет Сүлеймен, сазгер, продюсер — Ермек Елгезеков, кикбоксингтен әлем чемпионы – Қайыпжанов Елмұрат т.б түрлі қызметте жүрген түлектер қатысты. Іс-шара ауыл, мектеп тынысынан әзірленген көрмеге саяхат жасаудан басталды.
Талантты оқушылардың туындыларына арналған галереяның ашылуы болып, онда балалардың шығармашылық жұмыстары көрсетілді. Қонақтар жазушы-журналист Сүлеймен Мәмет атындағы кітапханаға да бас сұқты. Бұл ақпарат-танымдық орталығына жазушы үш мыңнан аса түрлі кітаптар тарту еткен. Айта кетейік, Сүлеймен Мәмет жиында үздік ұстаз бен екі оқушыны марапаттап, ақшалай сыйлық берсе, жыл сайын оқушыларға жазғы лагерьге 2 тегін жолдама алып беретіні қуантарлық жағдай.
ҚР Білім ісінің құрметті қызметкері – Жүнісханова Қарлығаш, ҚР суретшілер одағының мүшелері — Аденова Ляззат, Нұркенова Майра, ҚР өнер қайраткері, актер – Боранбаев Асылбек, Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімнің қызметкерлері, ұстаздар мен ауыл әкімі, кәсіпкерлер мен ардагерлер қатысқан шара қонақтармен сыр-сұхбатта жалғасын тапты. Қонақтар оқушыларды туған жерге сүйіспеншілікпен қарауға, өзінің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне терең бойлау білуі керектігін айтып өтті.
9-11 сынып оқушылары мамандық таңдауда көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, түлектердің оқушы кезіндегі естеліктерін еске түсірді. Бұл тұста «Нұр» бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушілері де назардан тыс қалмапты. Бүлдіршіндер мың бұрала билеп, әсем әннен шашу шашты.
Нұрадағы нұрлы кездесу мектеп оқушыларының «Құсбегілік» өнерін тамашалаумен аяқталды.
Айта кетейік, ауыл балалары білім алатын Ораз Жандосов атындағы орта мектеп-интернатының оқушыларының жетістіктері ұшан-теңіз.
Мәселен, «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігі ұйымдастыруымен Жұмабай Ақерке, Альмиш Спандияр ғылыми жоба қорғап Бас жүлдеге ие болған. nio.kz интернет олимпиадасынан Жанболат Інжу, Жаксылыкова Элиф, Бердібек Илияс 1-орынмен марапатталса, «Бағдаршам» балалар суреттерінің республикалық байқауынан Ауелбек Мирас, Айдар Жанерке т.б. оқушылар жүлделі 1-орын алған. Саяхатшылдықтан Алматы облысының аға жаттықтырушысы Маметов Жүністің тәрбиеленушілерінің жеткен жетістіктері де жетерлік. Олар 2017 жылдың ҚР жеңімпаздары — Әбен Абзал, Исабеков Қуаныш, Абен Дулат болса, биылғы жылдың ҚР турнирінің жеңімпазы Сейітжан Бекасыл. Сонымен қатар, мұнда Қазақ күресінен ҚР спорт шебері – Шорғынов Сатжанның шәкірттері де биіктерден көрініп жүр. Олар:

Қожамберді Ұлбосын – Еркін күрестен ҚР-ның чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері;
Бухарбаев Рауан – Ауыр атлетикадан ҚР чемпионы;
Байғазы Аян – Дзюдо күресінен ҚР чемпионы;
Сельбек Райымбек – ҚР чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері;

«Спорт пен бірге өнерімізді дамытуымыз керек. Білімімізді шарықтатуымыз керек. Мынандай керемет мектепте отырмыз, барлық жағдай жасалған. Біз тек алға деп жұмыс жасауымыз керек»-дейді мектеп директоры Салманов Ысқақбек. Бізде өз кезегімізде шәкірттерге жұлдыздарының жарқын болуын, ұстаздарға еңбектерінің ақталуын тілейміз.
«Жаныңда жүр жақсы адам» деп аталған шарада «Туған жерім – алтын бесігім» — деп туған елді көркейтуде  аянбай тер төгіп жүрген еліміздің перзенттерінің еңбегіне сүйсініп қайттық.

Перизат ӘБДІЛ-ӘШІМ,
«Білім айнасы»,
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.