Home » Жаңалықтар » Жазғы тілдік лагеріне 100 ден аса оқушы жұмылдырылды

Жазғы тілдік лагеріне 100 ден аса оқушы жұмылдырылды

Шарбақты ауданы әкімдігі мен Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бірлескен жобасы аясында «Шағала» демалыс орталығы базасында жазғы тілдік лагері өз жұмысын бастады.

Лагерьде Назарбаев Зияткерлік мектебінің 50 оқушысы және Шарбақты ауданының аз қамтылған отбасыларының 75 оқушысы екі апта бойы табиғат аясында тегін демалып қана қоймай, өздерінің тілдік қорларын байытпақшы. Жергілдікті оқушылардың қазақ және ағылшын тілдеріндегі білімдерін жетілдіруге  Павлодар қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары арнайы шақырылып отыр. Мектептің шетелдік және қазақстандық ұстаздары қазақ тілі, ағылшын тілі, ағылшын тіліндегі математика, ағылшын тіліндегі информатика сабақтарын өткізіп, оқушылар арасында тілдік орта қалыптастыруда. Бір сөзбен айтқанда, жазғы лагерь кезінде балалар  жақсы демалып, сондай-ақ тілдік машықтарын жетілдіруге, жаратылыстану-математика бағытындағы академиялық білімдерін шыңдауға үлкен септігін тигізеді.

Тілдік лагерьдің негізгі мақсаты мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. Балалардың сөздік қорын байыту, қазақ тілін үйрене отырып, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру. Сондай-ақ, үш тұғырлы тіл саясатын дамытуға үлес қосу. Бұл бағыттағы жұмыстарды атқаруда ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктелген. Тілдік лагерьдегі демалушыларға ағылшын тілін үйретуге бейілді тәжірибелі мұғалімнің бірі Мануель Ортега. Үш жылдан бері Павлодардағы Назарбаев зияткерлік мектебінде математика пәнінен сабақ беретін колумбиялық маман табиғат аясында демалып, таза ауада серуендей отыра балардың санасына ағылшын тілін сіңіру оңайырақ екендігін айтты.

Маусымның ашылу салтанатында Шарбақты ауданының әкімі  Әзілхан Әбеуов, Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ринат Жумабаев балаларды құттықтап, «Жастар жылы» аясында жасалып отырған бұл бастама балалар үшін айырықша маңызға ие екендігін, әрі бұл лагерь игі дәстүрге айналатынына сенімдерін білдірді.

Іс-шара барысында лагерьдің жас өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, соңында жаппай флеш-моб орындады.

Божақанова Рымгүл Асылбекқызы,
Павлодар қ. химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.