Рахат ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы көшеде ерлі зайыпты Мақсат пен Күләштың отбасысы тұрады.
Екеуі де кішіпейіл, еңбекқор жандар. Үш ұл баласы бар.
— Біздің үлкен байлығымыз- балаларымыз,-дейді Күләш. Күләштің бұл сөзінде үлкен мән жатыр. Мақсат пен Күләш №18 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері болып жұмыс істейді. Бұл жандар студенттік алтын дәуірде бас қосып, содан бері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осы шаңырақты адамдар «Спортшылар отбасысы» деп те атайды. Мақсат футбол бапкері. Ұлдары Сайлаубай, Оразбай, Түгелбай үшеуі де футболқұмар, ал Күләш тоғызқұмалақтың шебері.
Міне, жарасымды спорт киіміндегі Күләш мектеп табалдырығын аттады. Апайдың алдынан ақ бантиктері желбіреген шәкірттері жүгіріп шықты. Шәкірттердің бал-бұл жанған жүздерінен балалық балдәуреннің бақытты сәті көрінеді. Спортзалға қарап бара жатқан ұстаз бен шәкірттерге сүйсіне қарайсың.
— Күләш апай, сізді тоғызқұмалақ деген ойынының шебері деп естідік. Ол қандай ойын? Бізге үйретесіз бе?-деді шашы сары кішкентай қыз.
— Қызым, тоғызқұмалақ қазақтың ерте заманнан келе жатқан ұлттық ойыны. Бұл өзі «Есептен» тұратын ойын. Қазір бұл ойынды «Шопандар математикасы» деп те атайды. Кезінде тоғызқұмалақты қойдың құмалақтарымен ойнаса, қазір құмалақтардың орнына пластмассадан жасалған шарларды қолданады. Тоғызқұмалақ жастардың да, ересектердің де ойыны. Бұл ойын адамның ой-өрісін кеңейтеді. Ойынды білген адам есепке жүйрік болады. Сондықтан ойынды үйреніп алғаның жөн,-деп оқушыны өз қасына шақырды.
Қашан көрсең оқушылармен бірге қандай да бір шараға, сайысқа дайындалып жүретін Күләш Мадрешова жайлы жылы лебізімді білдіруді жөн көрдім.
Күләш 21 жылдан бері дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп келеді. Ол өз ісінің шебері. Оның тоғызқұмалақ үйірмесінде тәрбиеленген шәкірттері қала, облыс, республикалық сайыстарда жүлдегер атануда. 2014-2015 оқу жылында VII қалалық Спартакиядада I орын, облыстық Спартакиядада II орын алды. 2014-2015 оқу жылында Қунышов Т., Сисенбаев А., Тәжібаева Қ., Ануарбеков И., Жаңбырбаева Л., Бердібекова А. I, II орындарды иеленіп келді. 12-15 ақпан 2016 жыл Ақтау қаласында өткізілген Маңғыстау облысының жасөспірімдер арасындағы жарыста шәкірті Мұратбай Ақмарал III орын, 2016 ж. қалалық VIII Спартакиядада I орын иеледі.
Ізденуден жалықпайтын ұстаз спорт жарыстарына оқушылар дайындаумен бірге, өзі де облыстық, республикалық байқаларға қатысып, жүлдегер аталып жүр. 2011 жыл «Ынтымақты отбасы» сайысында II орын, 2011 жыл «Әкем, шешем және мен — болашаққа нық сеніммен» облыстық сайысында III орын, 2015 жыл 25-27 желтоқсан күндері Ақтау қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған дене шынықтыру мұғалімдері арасында өткізілген тоғызқұмалақ сайысында I орын алды.
Өз ісінің майталманы, жайдары мінез иесі, шебер спортшы Күләш осындай жеңістерге тек маңдай терімен жетуде десек артық айтпаймыз.
Нұрлы Қазақстан спортшылары дүние жүзіндегі жарыстарда ерлік көрсетіп жүр. Бүгінгі жас ұрпақ бұл спортшыларға қызығады. Спортқа қызыққан балаларға қанат бітіріп, спорттың қыр-сырын үйретіп жүрген Күләш әрбір күнінде жақсылығымен, жақсы ісімен көрініп отыр.
Біз өз күшіне сенетін, қиыншылықтан қорықпайтын, жан-жақты жетілген кемел адам болуды армандаймыз. Мемлекетімізде жас ұрпақты осындай рухта тәрбиелеу үшін көптеген келелі істер атқарылуда. Соның бірі – спорт саласын дамыту. Жастардың спортқа қызығушылығын арттыру үшін түрлі сайыстар, үйірме жұмыстарын ұйымдастыру үлкен мәнге ие. Рахат ауылындағы №18 орта мектепте бұл игі шаралар қолға алынған. Мектепте спортты үйрететін түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Онда жас ұрпақ өзі сүйген спорт түрімен шұғылданып жүр. Күләш Мадрешова мен Мақсат Авезов сынды ұстаздар шәкірттерге спорттың қыр-сырын үйретуден жалықпайды.
— Ұлағатты ұстаздарға әлі де биік шыңдардан көріне беріңіз,-дегім келеді.
Бақытова Ақмаржан Сексенқызы
Жаңаөзен қаласы
№18 орта мектебінің мұғалімі