Home » Мақалалар » ТУҒАН ЖЕРІ ЖІБЕРМЕГЕН ТӨЛЕГЕН

ТУҒАН ЖЕРІ ЖІБЕРМЕГЕН ТӨЛЕГЕН


 

Көршілес Қарақалпақ аймағында қазақтар бірнеше ғасырлар бойы қарақалпақ, өзбек, түрікмен ағайындармен тату-тәтті өмір сүріп келеді. Мұны дәлелдейтін тарихи ескерткіштер көп. Бұл топырақта қазақ халқының небір біртуар асыл ұлдары жатыр…

Асау Әмудің бойында Ер Қосай, Жанқожа батыр, Сырым батыр, Дәуіт Ата, Алдаш ата, Жолымбет ата, Құдайберген Ата …

Сондай-ақ бұл топырақта қазақтың еркелеткен Қу баласы, Қу молдасы, атақты «Асау-Барақ» жырының авторы — Тілеумағамбет Аманжолов жатыр. Туған топырақ жібермеген Төлеген де сонда жатыр. Асыл ұлды туған топырақ жібермеген. Ақын 1967 жыл Нөкіс қаласындағы Сорша (Шорша) қойымшылығына жерленген.

Төлеген Айбергенов 1937 жыл 8 наурызда Қоңырат ауданының Хорезм совхозында туған. Бұл Қоңырат елі ежелден үлкен тарихқа ие ел. Тоғыз жолдың торабындағы қала. Орта Азиядан батысқа шығар қақпа. Атақты бес қаланың біреуі. Бұл қала XX ғасыр бас кезінде үлкен мәдениет ошағы болған. Қоңырат базары батыс пен шығыс саудасының орталығы болып, ойдағы және қырдағы халықтар осында сауда жасаған. Бұл жерде атақты өнерпаздар, ақындар, халықты сауаттандыруға үлес қосқан ғұлама ишандар руханияттың сарқылмас бұлағы болды. Осындай қасиетті топырақта Төлеген дүниеге келген.

Жақұт жырдың иесі болған Төлеген мұрасы — ұлттық әдебиетіміздің асыл қазынасы. Төлеген шығармалары терең ойлылығымен, мазмұндылығымен құнды. Жарасқан достықты, қарапайым халықты, әсем табиғатты, туған Отанды өзіндік үнімен жырлауымен құнды. Ақын жырлары сан алуан  тақырыпта жазылған. Әсіресе Төлегеннің туған жер тақырыбына арналған өлеңдері өз оқырмандарын отансүйгүштікке үндейді. Туған жеріне арналған «Қоңыратқа» атты өлеңінде:

Жанымды жақсы үмітке шомдыратын,

Аймағым, кіндік кескен Қоңыратым.

Атыңды айтқан сайын жас кеудемде,

Шабыттың дабылы бар қағылатын.

Сүйемін жарқын жанды қауымыңды,

Сүйемін қойныңдағы ауылымды.

Қалайша ұмытпақпын мен дегенде,

Балам деп елжіреген бауырымды [1.162-бет].

Адам баласының Отанға, туған жерге деген сезімдері өзі туып-өскен ана топырақта пайда болады. Бұл сезімдер адамға күш-қуат, жігер береді. Шабыт береді. Ақын ондықтан:

Атыңды айтқан сайын жас кеудемде,

Шабыттың дабылы бар қағылатын — дейді.

Көбейтем оқып барып қатарыңды,

Ат салам шығаруға атағыңды.

Сүйгенім сені сүйсем, дүниенің

Жартысын алып жатқан Отанымды [1.163-бет] деген қатарлардан Отан алдыңдағы өз парызын түсінген азамат үнін тыңдаймыз.

Бүкіл дүние тарихына көзсалсақ, өзіміздің қазақ ұлттық тарихына көзсалсақ «Отаным» деп ерлік көрсеткен ерлер қаншама. Есімдері ел есінде мәңгі қалған кешегі Әлия, Мәншүк, Бауыржандардың көкірегі Отан сезіміне толы. Ақын Отан құдіреті, туған жердің қасиеті адам баласына асыл ерекшеліктер дарытатынын білген. Сондықтан ақын «Әму жағасында» өлеңінде:

Өзен ең көзін көрген аталардың,

Арнаңнан арманыма от алармын.

Құй, Әму, жас жаныма керемет күш,

Жағаңда, бәлкім ақын атанармын [1.160 бет], деп асау Әмуден күш-қуат сұрап, ақын болуына медет сұрайды. Жейхун (Әмудария) — «Ұлы Ананың» символикасы. Әму жағасында егіншілікпен, мал шаруашылығымен шұғылданған халықты бағып отырған Ұлы Ана тәрізді. Ақын осы Ұлы Анадан ақын болуға тілек тілейді. Әму-Ана, туған топырақ ақынды мәпелеп өсіріп, азамат қылып, тілегін беріп, ақын атандырды. Ақын:

Гүлстан атырабыңды аралайын,

Жаныма тасқыныңнан  нәр алайын.

Суыңа шашып жырдан уылдырық,

Дарынның мәпелейін қарағайын  [1.160-бет], деп жырлаған Төлегеннің ақын болуы да сондықтан. Әмудария бойындағы бау-бақшалар, әсем табиғат, қарапайым да, еңбеккер адамдар шайыр көкірегіне ұлылық дарытты. Ақын суреттеген Үстірт жоталары, өр өзендер, бөбек қайыңдар, толқынды теңіздер, есер желдер, қазды көлдер Төлегенді біртуар ақын қып жаратты.

О, Отан ағар арнамды менің терең бер,

Сүйреймін алға, жатса егер іркіп, кемеңді өр [1.137-бет] деген сөздерінен Отан үшін, туған халқы үшін аянбай еңбек ететін патриот ақынды көреміз.

Төлеген шығармаланыда ендігі бір ауқымды тақырып — халықтар достығы. Төлеген жырларында Бесқаладағы тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің достығын паш еткен. Қазақ, қарақалпақ, өзбек, түрікмен ағайындардың ауызбіршілігін өзгелерге үлгі еткен бұл халықтар туралы ақын «Әму жағасында» өлеңінде:

Бірге ішіп жатыр суыңды,

Қарақалпақ, түрікпен.

……………………………………..

Жайнаған жағаң гүлстан,

Басымды саған игенім.

Суыңды ішкен туысқан,

Үш халықты сүйгенім  [1.159-бет], деп жырлаған.

Төлеген есімі елге мәлім ел жақсыларына өз өлеңдерін арнаған. Бұл арнау өлеңдерде олардың ел үшін жасаған еңбектерін айтып, азаматтық ірі тұлғаларын бейнелі тілмен жырлаған. «Әзиза Нұрмахановаға», «Ілияс Жансүгіровке», «Мұхтарға», «Қасымға», «Марияш қарындасқа», «Төстегі жаңғырықтар» (Жетібай жұмысшыларына), «Сырласу» (Шәмші Қалдаяқовқа), «Әуен мен ырғақ» (Ғарифолла Құрманғалиевке), «Ақпейіл жан» (Әбділда Тәжібевқа) атты өлеңдері арқылы жақсы адамдардың жақсылығын үлгі еткен.

Ақынның махаббат тақырыбына жазылған өлеңдері — өз алдына бір төбе. Адал сүйіспеншілікті, жүректің дүрсілін тамаша жырлаған ақын өлеңдері жігіт сырына, қыз сырына толы. Хауа ана мен  Адам атадан бастау алған махаббат сезімі ақын жырларында тамаша өрілген.

Махаббат! Неткен алып қайратты едің,

Мен сені мұншалық деп ойлап па едім.

Тұсаулап, табандатып тағдырымды,

Қолына қара көздің байлап бердің.

………………………………………………………..

Көз алмай қарай бердім кіл шыңдардан,

Қиядан қолын созып құлшынды арман.

Әйтеуір, сол бір қызға кездестім де,

Тап болдым қуанышқа тыншымды алған [1.137-бет].

Жас ұрпақты өнегелі өмірге үндейтін, көкірегіне Отан сезімін дарытатын бояуы қанық Төлегеннің өлеңдері Отансүйгіштігімен, терең ойлылығымен, мазмұндылығымен құнды. Қазақ және қарақалпақ халықтарының жауһар достығын айтқан гауһар жырларымен құнды. Асыл ұлды жаратқан топырақ асыл ұлын жібермеген. Қазақтың маңдайына біткен жарқын жұлдыз ғарышта мәңгі жарқырап тұра бермек!

 

Бақытова Ақмаржан Сексенқызы

Маңғыстау облысы,

Жаңаөзен қаласы,

№18 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.