«Түркістан ер түріктің бесігі ғой»,- деп басталатын Мағжанның маржан жырының үзіндісі еске жиі түседі. Оңтүстіктің геосаяси жағдайында тарихи әділдіктің орын алуы – түркі жұрты үшін ортақ қуаныш болғаны сөзсіз факт. Түркістан өз алдына облыс атанды. Елбасы шешімімен тарихтың жаңа парақтары басталды.
Киелі шаһар дербес облыстың ордалы орталығы қазір. Иә, бұл атқарылуға тиіс көптеген жұмыс бар екенін көрсетті. Алайда, білек сыбанып іске нық кірісуге дайын тұрған халық бар.
Осы орайда, өңірдің экономикалық, әлеуметтік, рухани дамуының жаңа формуласы керектігі анық байқалады. Өз кезегінде алғашқы қадам үшін арнайы жоба да дайын. Иә, бұл Елбасының таяуда ғана жариялаған «5 әлеуметтік мәселе» деп аталатын үндеуі.
Бес бөлімнен тұратын үндеудің әр тармағында ел тағдырындағы жаңа белесті бағындыруға бастайтын жол жатыр. Әуелгісі баспана мәселесі. Халық саны ең тығыз орналасқан өңірге «7-20-25» бағдаламасы өте көп көмек көрсетеді деп күтеміз. Бұған өңірдегі ЖОО сапасын қосыңыз.
Саны жағынан саусақ жеткізбес білім ошақтарының сапасы, жағдайы мен мүмкіндігі біраз реформаны талап ететіні белгілі. Салықтың жеңілдеуі, несие алудың оңтайлы жолы – мұның барлығы ел игілігіне жасалып отырған таптырмас бастама.
Осы орайда сарапшы пікіріне жүгініп, Елбасының үндеуі Түркістан өңіріне қалай әсер етеді деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Дегенімізді желге ұшырмай, блиц сұрағымызға белсенді жауап қатқан сарапшылардың бірі – әйгілі саясаттанушы Елдос Тəңірбергенұлы Жұмағұлов болды.
Уақыт тарлығына байланысты Елдос Тəңірбергенұлымен арқаны кеңге салып әңгіме құра алмадық. Десе де алты ауыз сөзімен өз көзқарасын жеткізген ағамыздың пікірі мынандай еді:
«Жаңадан құрылған, халқы тығыз орналасқан Түркістан облысы үшін Президенттің əлеуметтік бастамаларының алатын орны ерекше.
Бұл өңірде Президент бастамаларының жүзеге асуы аса маңызды. Табысы төмен жұмысшылардың салықтың төмендеуі жəне қолжетімді баспана өте керек бастама.
Биылғы жылдың өзінде 730 мың шаршы метр баспана беруге жоспарланған екен. Білім беру гранттары ұлғаюы оңтүстік жастарына тікелей қолдау. Халқы еңбекқор өңірге шағын несиенің де көмегі зор.
Ендігі мəселе осы бастамалардың тиянақты орындалуы. Тағы бір ескеретін нəрсе «7-20-25» бағдарламасында əр өңірдің халқының төлем қабілеті ескерілсе. Əсіресе азаматтардың кіріс мөлшеріне өңірлік коэффициент енгізілсе».
Қолданылған дереккөздері:
- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы;
- «7-20-25» бағдарламасы;
- «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі.
Арқалық Сағи