Home » Жаңалықтар » Асхат Қасенғали, саясаттанушы: «Облыс орталығының ауысуы геосаяси шешім екенін басып айтуға тиіспіз»  

Асхат Қасенғали, саясаттанушы: «Облыс орталығының ауысуы геосаяси шешім екенін басып айтуға тиіспіз»  

Түркістан қаласын облыс орталығына көшіріп, атауын Түркістан деп қалдыру — үлкен тарихи оқиға. Рухани астананың тұрғындары осылай деп пікір білдірді. Жалпы, киелі мекеннің облыс орталығы атануы – қала тұрғындары ғана емес, бүкіл Қазақ елі үшін қуанышты жаңалық. Себебі, Түркістан — қазақ мемлекетін, қазақ хандығын құруда үлкен рөлі бар қала.

Ендігі кезекті мына сауалға берсек. Неліктен қазір? Неліктен осы уақытта Түркістан облыс орталығына айналды? Бұл экономикалық дамуды жоспарлаған шешім бе? Әлде саяси шешім бе? Аталмыш сауалдарға қатысты өзі ойымен белгілі саясаткер Асхат Қасенғали бөліскен еді:

Жаңа облыс болып құрылғанымен, облыс орталығы ауысып, облыс аумағында жаңа үшінші мегаполистің пайда болуының өзі бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық қауқарының үлкен мүмкіндіктерге ие екенін көрсетеді. Алайда облыс орталығының ауысуы геосаяси шешім екенін басып айтуға тиіспіз. Яғни бұл жерде облыс орталығын ауыстыруға қатысты шешім қабылдау барысында саяси салмақ экономикалықтан қарағанда басымырақ болды деп санаймын.

Дегенмен бүгінде бұл аймақта экономикалық даму рычагын әлі де дамыта түсуі тиіс. Ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруді еселеп арттыру мен оны экспорттау мәселесін қолға алу керек. Аймақтың жеміс-жидек өндіру әлеуеті аса жоғары болғанына қарамастан, көршілес елдерден импортталатын өнімдер көлемі басымырақ.

Түркістанның басты міндеті ауыл шаруашылық өнімімен Қазақстанды толық қамтитын авангард болу. Экономикалық тұрғыдан Қазақстанда батыс десе мұнай, солтүстік десе бидай, шығыс десе бал мен күнбағыс, Қызылорда десе күріш, Алматы десе алма еске түсетіндей, Түркістан десе жеміс-жидек еске түсуі керек деп пайымдаймын. Оған алғашқы қадамдар да басталып кетті. Мысалы кеше облыс аудандарын басын қосып өткізген Қауын фестивалі соның айқын дәлелі.

Бұл аймақтың жақсы жарнамасы, экономикалық әлеуетінің келбеті болды. Бізде өнім өндіру бар да, жарнамалау аз. Ал қауынфест жарнаманы қалай жасауды көрсетті. Естеріңізде болса өткен ғасырдың 30-жылдары Хэллоуин мейрамы АҚШ-та асқабақ өндіретін шаруаларды экономикалық тұрғыдан қолдау үшін ойлап табылған еді. Артынша ол әлемдік деңгейге көтерілді. Бізге сондай жарнама керек, жаңа жастар қолдайтын жарнама.

Түркістан оны кеше жақсы көрсетті. Қорыта айтқанда Түркістанның экономикалық әлеуеті облыс халқының санының көптігімен, ауа райының жыл он екі ай жылы болуымен еселеніп отыр. Жаңа облыс бұл мүмкіндіктерді сәтті пайдаланады деген ойдамын.

Қолданылған дереккөздері:

  • Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы;
  • «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.