Home » Жаңалықтар » Мақсат Жақау, аймақтанушы: «Егер аталған аймақтық саясаттың нәтижелі жүруі болса, үш-төрт жылда-ақ тиісті жоғары көрсеткіштерін көрсетеді»  

Мақсат Жақау, аймақтанушы: «Егер аталған аймақтық саясаттың нәтижелі жүруі болса, үш-төрт жылда-ақ тиісті жоғары көрсеткіштерін көрсетеді»  

Күні кеше оңтүстік өңірде тарихи оқиға орын алды. Тарихи оқиға болғанда тарихи әділеттілік орын алғанын ерекше ескергіміз келеді. Бір жазда көгенді үш көгертетін киелі мекен ендігі Түркістан облысы болып аталады. Тарих парақтарына жаңа өзгерістер қосылып, түбі бір түркі жұрты үшін қасиетті қала облыс орталығы атанып, оңтүстіктегі туризмнің драйверіне айналмақ.

Иә, халық өте тығыз орналасқан, жуырда ғана Шымкент қаласы үшінші мегаполис атанған аймақтың экономикалық мүмкіндігі өте керемет. Десе де шалғайдағы тілекші жұрттың ойында бір сауал бар.

Енді құрылған аймақтың даму екпіні қандай болмақ? Жаңа облыстың өмірінде не өзгереді? Аймақ тұрғындарының өмірлеріне нендей өзгерістер енбек? Бұл туралы белгілі аймақтанушы және саясаттанушы Мақсат Жақау өз ойымен бөлісті. Дуалы ауыздан шыққан салмақты ойдың кескінін назарларыңызға ұсынсақ:

«Егер Түркістан облысы бойынша биылғы есептік ресми көрсеткіштерді алып қарасақ, жағдай жаман емес. Бір ғана сыртқы сауданың өзінен үш айда 750 млн АҚШ доллар пайда түсіріп отырған өңірде басқа аймақтармен салыстырғанда жұмыс күші де, жұмыс орындары да баршылық.

Жалпы оңтүстік өңірдің еңбекқор әрі қызмет көрсету бағытының жоғарылығын айтқанда толық өзін қамтасыз ететін облыс деп танимыз. Әлеуметтік белсенділігінің потенциалы тек өз аймағына ғана емес басқа да аймақтарға, ірі қалаларға дейін ықпалы зор.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Бес әлеуметтік бастамасының маңыздылығы жайында бұрындары да айтқанмын. Ең алдымен, бұл бастамалардың жастарға пайдасы зор.

Студент жастардан бастау алатын әлеуметтік топта жұмысшы, отбасылы жастардың дені қамтылған. Әлбетте,  осы тұрғыдан алғанда білім алуға, еңбек етуге белсенді әлеуметтік жастардың тобына аймақтарда ерекше көңіл аударылу керек.

Тұрғын үйлердің салынуы, жатақханалармен қамтылуы, инфрақұрылымдық нысандардың уақытылы жүргізілуі, қосымша бөлінген мамандықтардың жергілікті жұмыс күштеріне сұраныстық ерекшелігіне қарай жасақталып берілуі аймақтарға қойылатын үлкен жауапкершілік.

Елімізде кез-келген әлеуметтік келеңсіздіктердің түп тамыры аймақтарда орынды жүргізілмеген мемлекеттік бағыт-бағдарларға байланысты болады.

Егер аталған аймақтық саясаттың нәтижелі жүруі болса, үш-төрт жылда-ақ тиісті жоғары көрсеткіштерін көрсетеді. Жастарымыз жақсы жақтарға аумай, туған өлкесінде өз азаматтық үлесін қоса береді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүйелі бастамасы меніңше, осы сапаға жетуге бағытталған деп есептеймін».

Қолданылған дереккөздері:

  • e-history.kz жарияланған материалдар;
  • «7-20-25» бағдарламасы;
  • «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі.

Арқалық Сағи

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.