Home » Жаңалықтар » «Екі жұлдыз» байқауы жаңа таланттарды танытты.

«Екі жұлдыз» байқауы жаңа таланттарды танытты.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Екі жұлдыз» ән байқауы өткізілді. Мектеп оқушыларына арналған «100 ән» жобасының аясында ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – оқушы мен ұстаз, ата-аналар арасындағы байланысты нығайта түсу, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, жаңа таланттарды анықтау. Білім ошағымыздың тәрбие бағытының бірс аласына енетін жоба дәстүрлі түрде 3 -ші мәрте қолға алынды.

— Мұғалім мен шәкірт арасындағы сыйластық қарым-қатынас білім берудегі ең қажет дүниенің бірі. Ортақ түсінік бар жерде нәтиже болады. «Екі жұлдыз» байқауы осы байланысты одан әрмен тереңдете түскен сәтті жобаның бірі болды. Биылғы байқауымыздың аясы кеңейіп отыр. Өйткені, бұрын өткен додада тек оқушы мен ұстаз жұптасып ән шырқаса, биыл ата-аналарымызды да арнайы тартып, сахнамызда өнер көрсетуге ұсыныс жасадық. Бізді құптаған өнерлі  ата-аналар балаларымен бірге ән шырқады. Қатысушыларға халық немесе отандық компазиторлардың шығармаларын орындау талабы қойылды, -дейді байқауды ұйымдастырушы мектебіміздің көркемдік жетекшісі Руслан Қасенов.

Байқауға қатысқан 7 жұп «Әлия», «Атамекен», «Ана туралы жыр», «Айналайын», «Егіз-лебіз», «Көзімнің қарасы», «Бір бала» сынды танымал әндерді нақышына келтіре орындады. Тіптен кейбір қатысушылар әнге әр беру үшін арнайы сахналық қойылымдарды қоса ұйымдастырып, көрермендерді таң тамаша етті. Байқаудың әділ өтуі үшін қазылар алқасы да сырттан шақырылып, құрамында М.Төлебаев атындағы саз колледжінің хор жетекшісі, дирижер Олжас Тезекбаев, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Халықаралық конкурстардың лауреаты, мемлекеттік Ә.Қашаубаев атындағы филармонияның солисті Камила Нүкенова, халықаралық конкурстардың лауреаты, «Музыкалық білім» кафедрасының аға оқытушысы Жания Тыныбаева сынды танымал тұлғалар төрелік жасады.

— Байқаудың болатынын естісімен, қызымыз Нұрай екеуміз қатысуға шешімді бірден қабылдадық. Менің де, қызымның да музыкалық біліміміз бар. Бірақ үлкен сахнаға алғаш рет шығып отырмыз. Әнді отбасымызда ғана айтқанымыз болмаса көпшілік алдында өнер көрсетпеппіз. Өзім осы сынға қатыса отырып, қызымның өзіне деген сенімділіктің ояғанын байқадым.  Жалпы бұндай шаралар кез-келген адамның рухани дамуына көмектеседі. Ал әр ата-ана өз баласына қолынан келгенінше  қолдау білдіріп отыруы керек деп ойлаймын, — дейді Гүлбақыт Ертуғанқызы есімді ата-ана.

Қазылар алқасының өзін таңғалдырған байқаудың жеңімпазын анықтау да оңайға соқпады. Десе де, жүзден жүйрік шыққан химия пәні мұғалімі Асылбек Оразбеков пен 10 сынып оқушысы Дильназ Қапезова жұбы бас жүлдені жеңіп алды. Ал 1 орын ағылшын тілі пәні мұғалімі Әсел Дүйсенбаева мен оқушымыз Рауза Сайлаухановаға бұйырды. Жүлделі 2 орын ағылшын тілі пәнінің Қарлығаш Есімбекова және Аңсаған Серікқызы, Гүлбақыт Қойлыбаева мен Нұрай Жанатбекқызы жұптарына тиді.  Жеңімпаздар қатарын Бақытбек Орынбаев және Айдана Жалелова, Нартай Советханұлы және Аян Нұрғалиев, Ақлима Сексенбаева және Аружан Мубарак дуэттері толықтырды. Жеңімпаздар кубок,  мақтау қағазы,  естелік сыйлықтармен марапатталды.

 

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы

 Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.