Home » Баяндамалар » География сабағында дарынды және талантты оқушылармен жұмыс жүргізу ерекшеліктері

География сабағында дарынды және талантты оқушылармен жұмыс жүргізу ерекшеліктері

Қазақстанның әлемдік үрдістерге кірігуі, дамыған елдердің стандарттарынадеген ұмтылысы, еліміздің жаңа сапалық деңгейге жылдам өтуі қажеттігін туындатуда. Қазіргі педагогика ғылымының жедел дамуы, кез келген үрдістің технологияландырылуы мұғалімнен өзінің білімін ұдайы және жүйелі жетілдіріп отыруды ғана емес, білім жетілдіру жүйесіне мазмұндық және құрылымдық өзгерістер енгізуді талап етіп отыр.

Қоғам дамуындағы өзгерістер әрбір мұғалімнің үнемі біліктілігін арттырып, педагогикалық шеберлігін жетілдіріп отыруымен қатар, оқушыларды шығармашылық, дарындылық, зерттеушілік құзіреттілікке тәрбиелеу арқылы білім беру сапасын арттырудың басты шарты болуда.

«Шәкірт — нығарлай беретін ыдыс емес, керісінше тұтандыруды қажет ететін шырақ» — деп дана ойшылдар айтқандай, география пәнінен оқушылар арасынан дарындыларды анықтауда, оларды дайындап – олимпиадаға, ғылыми конференцияларға, конкурстар және байқауларға, пәндік сайыстар өткізіп, қатыстыру қажет. Оқушылардың ғылымға деген қызығушылығы дамып, пәндік білімі жан-жақты тереңдеп, дарындылығы ашылып анықталады.

Дарындылық – «табиғаттан берілетін ерекше қабілет». Адами ойлау, ізденімпаздық – табиғаттың адамзатқа беретін тамаша сиы, ал қабілет барлық адам бойынан табылары сөзсіз. Дарындылық — адамның өз бейімділігі арқылы, шығармашылық пен жұмыс істеу арқылы қалыптасатын қасиет. Дарынды оқушы өте сезімтал, кінәмшіл, эмоцияға бейім болады. Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты — олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру.

Өз тәжірибиемде, білімімді жетілдіре жүріп, география пәнінен оқушыларға сапалы білім берумен бірге, өзбеттілік ізденуге, шығармашылық зерттеуге тартып, жеке тұлғалық көз қарасын қалыптастырып және экологиялық мәдениеттілікке баулып келемін.

География пәнінен білім бере отырып, оқушылардың дарындылық қасиеттерін анықтап, шығармашылық қабілеттерін дамытуда мынандай жоспар құрып, жұмыстар жүргіземін:

  1. Қабілетті оқушылармен жасалынатын жұмыстың жоспарын құру.
  2. Сабақтарда білім бере отырып, деңгейлік, күрделі, шығармашылық сипаттағы тапсырмаларды беру, орындауын қадағалау, талдау жұмыстарын жүргізу.
  3. Оқушылардың ақыл-ойының, эмоционалдық және әлеуметтік дамуы мен ерекшеліктерінің өзіндік ашылу, шығармашылық деңгейін, зерттеушілікке бейімін анықтау.
  4. Оқушылардың ғылыми-ізденіс жұмыстарымен айналысуына жетекшілік ету,
  5. Оқушыларды олимпиадалар мен сайыстарға, зерттеу жұмыстарына дайындау.
  6. Дарынды оқушының ата-анасымен бірігіп жұмыс жасау.    Дарынды оқушыларды дайындағанда ғылыми жұмыстардың сайыстардың төмендегідей талаптарын ескеремін:
  7. Ғылыми зерттеушілікке баулу – баланың қоршаған ортасын өз бетімен танып білуге деген табиғи ынтасы негізінде құрылған оқытудың негізгі тәсілі. География пәнінен дарынды оқушыларды зерттеуге, ғылыми жоба жазуға тақырып таңдатып, әр кезеңдерін бірге талдап, жетелеп, үйретіп, жұмысты аяқтауға бағыт беремін.
  • Шығармашылық қабілет;
  • Ғылыми ойлау;
  • Қолданылған зерттеу әдістерінің тиімділігі;
  • Тақырыпты ашу дәрежесі, жете ашуы;
  • Шеберлік шешендігі, ұсынылатын материалдың сапасы, айқындылығы.

Оқушылардың ғылыми зерттеушілік жұмыстар сайыстарына:

  1. Ғылымның кез-келген саласындағы бұрын танылмаған құбылыстарды, жаңалықтарды ашатын;
  2. Тәжірибе жұмыстарын жасауда жаңалықтар әкелетін, өндірістік үрдістің тиімділігін арттыратын аппараттар, модельдер мен құралдар ұсынатын;
  3. Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған жобалардың жұмысын ұсынады.

Ғылыми жарыстарға бұрын қорғалған, қаралған жобалар жарыстарға қатыстырылмайды.

Ғылыми жобаларға қойылатын талаптар:

1.Жоба мәтіні компьютерде орындалып, мынадай құрылымнан тұрады:

-Титул парағы, мазмұны, абстракты (аннотация) қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде, кіріспе, зерттеу бөлімі, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, жетекші пікірі.

2.Титул парағында мыналар көрсетіледі:

— Жұмыс орындалған мекеме атауы, мектебі, автордың тегі, аты-жөні, сыныбы, жұмыстың атауы, жұмыстың ұстанылған бағыты, секциясы, жетекшінің аты-жөні, қаласы, жылы жазылады.

Ғылыми жобалар әдістемелік бірлестік отырысында таңдалып, іріктеліп мектепішілік конференцияға жіберіледі. Мектептік ғылыми конференцияда әділ қазылар немесе оқу ісінің меңгерушілері шешімімен ғылымилығы жоғары болған жұмыстар (аудандық) қалалық, одан әрі облыстық және республикалық жарыстарға қатыстырылады.

Оқушылардың дарындық мүмкіндіктерін ашуда, ғылыми зерттеушілік жұмыстарға баулып қатыстыруда, экологиялық саналылыққа тәрбиелей отырып, елінің экологиялық жағдайын жақсартуға деген патриоттық сезімдерін оятамын.

Дарынды, талантты оқушылардың ғылыми конференцияларға қатысқан зерттеушілік жұмыстары: 5А сынып Дәнібек Ә. 2007ж «Бүркіт –жеті қазынаның бірі», 6А сынып Абдилдаева А. 2007ж «Ақбөкен даламыздың сәні», 8А сынып Мұқан С. 2009ж «Жергілікті жердегі қауіпті заттардың адам ағзасына әсерінен пайда болатын аурулар», 8А Саясатов Н. 2012-2013ж «Қасиетті аршаның пайдасын, маңызын анықтау», 9А сынып Қарабалаев Қ 2017ж «Аршаның пайдасын, мектеп ауласын көгалдандыруға қолдану» тақырыптарында қорғалып, жүлделі орындарды иеленді.

Негізгі күтілетін нәтиже – оқушының өз бетімен алған ең құнды шығармашылық зерттеу жұмысы, жаңа білімі мен дағдысы және анық шығармашыл, психикалық жаңа көзқарасы, жаңалықты дүниеге әкелуі.

Қорыта келе, мұғалім – негізгі жетекші, дарынды оқушыны бағыттаушы. Қазақстан Республикасының (2007 жылғы 27 шілдедегі) «Білім туралы» Заңында мемлекеттік саясат негізінде ең алғаш рет «Әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын дамыту» сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отырғаны белгілі. Ендеше оқушыны заманына қарай икемдеп, өз заманының озық өнегесін оның санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы екенін әр ұстаз естен шығармауы абзал.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдау «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік».2017 жыл 31 қаңтар

2.Қазақстан Республикасының (2007 жылғы 27 шілдедегі) «Білім туралы» Заңы

3.Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. 2010 жыл 1 ақпан.

4.«География және табиғат» журналы 2002ж.

Сатыбалдина Гулайым Магауиевна,
«№59 ЖББОМ» география, биология пәні мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.