Home » Жаңалықтар » Павлодар жаңалықтары

Павлодар жаңалықтары

ВОЛЕЙБОЛДАН СЕРІКТЕСТІК ТУРНИР ӨТТІ

Жақында Павлодар қаласының № 41 денешынықтыру-сауықтыру бағытындағы ЖОМ-нің спорт кешенінде «Скажи жизни – Да» атты ұстаздар мен білім алушылар арасында жыл сайын өтетін дәстүрлі волейбол жарысының кезекті турнирі өтті. Оған: мұғалімдер командасы мен 8, 9 және 11 сынып оқушыларынан құрылған 2 команда қатысты.

Турнирге қатысушылар қызықты ойын көрсетіп, жанкүйерлерін тәнті етті. Жас спортшылар аталмыш ісшаралардың жүйелі өтуі тек спорт пен дене тәрбиесін насихаттап қана қоймай, сонымен бірге салауатты өмір салтын ұстануға, ұжымдық рухты, денсаулықты нығайтуға да мүмкіндік беретінін айтты.

Іс-шара қорытындысы бойынша, көрермендер көзайымы болған жоғары сынып оқушыларының құрама командасы «жүзден жүйрік» атанып, жеңіске жетті. Үздік ойыншылар Мақтау қағаздарымен марапатталды.

 

ФЕТР — ҚОЛӨНЕРДІҢ ДАРА БӨЛШЕГІ

Павлодар қызмет көрсету саласы колледжінде «Матаның екінші өмірі» үйірмесінің жетекшісі А.Г. Сардарбекова бірінші және екінші курс студенттері үшін «Фетрдің көп түрлілігі» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді. Тәжірибелік бөлім барысында іскерлікке баулумен қоса, керемет жүзеге асыруға болатын таңқаларлық жұмыс үлгілері — фетрден (киіз) дайындалған бұйымдардың кестесі және үлгілері мен фотосуреттері ұсынылды.

 Бүгінде «Ретро» сарыны біздің күнделікті өмірімізге қайта оралуда. Фетрден жасалынған әртүрлі түйреуіш, моншақ, алқа, шашқа тағатын әшекей — қазіргі кезде үлкен-кішінің күнделікті өмірде қолдана алатын сәндік бұйымына айналғандай.

Фетрдің сыры мата, ағаш және қағаздың қасиетінде — кез келген қалыңдық, тығыздық, түрі жеңіл түрде кесіледі және желімденеді. Фетрадан жасалатын заттар қолға мамықтай сезілетін, ыңғайлы, тансық дүние. Одан жұмсақ ойыншықтан бастап, сәндік панноның стильді шымылдығына дейін жасауға болады.

Шеберлік сыныбы қызықты әрі бір демде өте шықты. Соңынан үстел үстінде таңғажайып керемет бұйымдар пайда бола бастады — жаңа жылдық көңілді ергежейлі, әдемі жасалған жаңа жылдық шырша және «Болашаққа бағдар — «Рухани жаңғыру»» жобасының бірегей таңбасы – қыран құс.

Студенттер сабақта меңгерген білімдері мен өз қолдарымен жасаған қолөнер туындыларына дән риза болысты.

 

АУЫЛ МЕКТЕБІНДЕГІ ДӘСТҮР ПРИЗМАСЫ

Өткен жылдың қараша айынан бастап Кенжекөл ауылының отбасы үлгісіндегі балалар ауылында «Туған жер» бағдарламасын іске асыру шеңберінде «Болашаққа қадам» бағдарламасы құрылды. Бағдарлама үш бөлімнен тұрады: «Дәстүрлер тарихы», «Ұлы бабаларымыздың қалдырған ізі», «Өткен, осы және болашақ көкжиегі».
Бірінші бөлім — «Дәстүрлер тарихы», тәрбиеленушілердің  мәдени, рухани-адамгершілік құндылықтардың сақталуына және көбейтуіне бағытталған. Бұл бөлім бойынша мектеп Павлодар қаласының Бұһар Жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайы мен «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігімен ынтымақтастық жобасын жасаған болатын.
«Дәстүрлер тарихы» бөлімін жүзеге асыру ақпан айында аяқталмақ. Бірлескен іс-шаралар барысында балалар «Сырға салу», «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Құйрық бауыр», «Тілашар», «Қырқынан шығару» тәрізді қазақ халқының салт-дәстүрлерімен танысты.
Бұһар Жырау мұражайының саяхатшысы Тұрсын Мұсаевна: «Осындай іс-шаралар арқылы балалар халқымыздың ұлттық қазынасымен танысып, оның тарихы мен мәдениетіне, әдет-ғұрыптарына байланысты білімдерін кеңейте алады. Тек тарихты білу жеткіліксіз, оның шығу тегін де білу қажет» — деді.

Айгүл МОЛДАШ,
«Білім айнасы»,
Павлодар

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.